Күрдтер – белгілі кеңестік шығыстанушы академик Иосиф Орбери «Шығыстың рыцарьлары» деп атағандай ежелгі және айбынды, тарих толқынының ағынындағы халық.
Күрд халқы өздерінің байырғы атақоныстарында өмір сүрсе де төрт мемлекеттің – Ирактың, Иранның, Сирияның және Түркияның географиялық кеңістігінде бөлшектене мекендеп келеді. Яғни біздің халқымыздың басқа этностармен тығыз араласа өмір сүруі жағдайы тарихи тағдыр аясында қалыптасқан. Әрине өзге халықтармен аралас-құралас болғанымыз бізді халықтар достығы ықпалымен өмір сүруіміз рухында тәрбиеледі.
Осман империясының ыдырауы салдарынан күрдтердің басым бөлігі Түркияның территориясында қалып қойды. Алайда өткен жүзжылдықтың 20-жылдары түріктер мен күрдтердің арасында халқымыздың дербес автономия құруы талабына орай бітіспес қақтығыстар басталды, менің қандастарымның көпшілігі «геноцидке» ұшырамау үшін басқа елдерге қашуға мәжбүр болды. Осындай босқындар, оның ішінде менің ата-анам да Әзербайжанға, бірқатары Грузияға, Арменияға орналасты. 1937 жылы Сталин біздің халқымызды қайта орналастыруға шешім шығарды. Осыған байланысты күрдтердің көпшілігі, өздерінің байырғы атамекендеріне – туған жерлеріне, оның ішінде Түркияға, Иранға оралуға ниеттенді. Сонымен бірге кеңестік күрдтерге Түркияның тыңшылары тұрғысында күдікпен қараған КСРО-да шиеленісті көзқарастар көп зардабын тигізді...
Күрдтер қазақ халқының қамқор көңілмен қабылдау ықыласы аясында өмір сүре бастады. Бұл кезде қазақтардың өздерінің тұрмыстары ауыр болса да, жер аударылып келгендерге мекен-жайларын да берді, бір тілім нанды бөліп жеуге дейін қамқорлық жасады. Тұтас бір халықты мекендеп отырған жерлерінен басқа республикаға, беймәлім өлкеге қоныс аударту күрд этносының ата-бабалық рухын, «түпкі жүйесін» бұзды, тарихына жазылмас жара салды. Өкінішке қарай, күрдтердің тағдырындай жағдаймен бұрынғы Кеңес Одағындағы аз халықтардың осылайша депортациялануы – бәрінің де тарихындағы қасіретті оқиға болып саналады. Зорлықпен қоныс аударып келген халықтардың көңілдерін өздерінің рухани және материалдық қамқор ықыластарымен жылытқан қазақ халқына біз және кейінгі ұрпақтарымыз қарыздар.
Біздің халқымыздың тарихына келсек, күрдтердің Қазақстан территориясына орналасуының бірнеше кезеңдерден құралғанын айтамыз. Біріншісі – 1937 жылдың күзі. Депортацияның екінші толқыны – халықаралық тыңшылық тұрғысындағы күдіктің салдарынан кавказдық көптеген халықтардың, оның ішінде чешендердің, ингуштердің, месхедтік түріктердің, қарашайлардың депортацияланған 1944-1948 жылдары. Осы 40 мың қоныс аударушылардың жартысы күрдтер еді. Біздің отбасымыз Арменияда мекендеп қалған-ды. Онда мен орта мектепті, Х.Абовян атындағы Ереван мемлекеттік педагогикалық университетін, одан кейін аспирантураны оқып бітірдім, оқытушылық қызметпен айналыстым.
Байырғы қазақ жерінде өмір сүріп және еңбек етіп жүрген күрдтердің бәрі де Қазақстанды өздерінің екінші Отаны екендігін Тәуелсіздік жылдарының белестерінде өте жақсы түсінді. Күрдтер ел экономикасына, бизнесіне, ауыл шаруашылығының дамуына еліміздің тең құқықты азаматтары қатарында лайықты үлестерін қосуда, өздерінің рухани және шығармашылық қабілеттерін дамытуы үшін барлық мүмкіндіктер бар. Мен де Алматыға ауысқаннан кейінгі еңбек жолымды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы болып қызмет етуден бастадым.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік саясатындағы негізгі принциптерінің қатарындағы көптілділікті жүзеге асыруда қазақ тілінің біріктірушілік ықпалы қызметіне, мемлекеттік тілді оқытуды жоғары оқу орындарында да, қалың жұртшылықтың ортасында да жетілдіре беруге біздер, күрдтер айрықша мән береміз. Қазақстан халқының достығы жылдар бойы қалыптасып, Тәуелсіздік жылдарындағы тың серпінді сипатымен әлемге танылды. Қазақстанды өз Отаны санайтын қазақстандық күрдтердің тарихы – осының айқын айғағы.
Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қоғамның рухани тұрмысымен, оның әлеуметтік өзін-өзі тануымен, ұлттық ой-сана түлеуімен байланысты күрделі тұрмыстық-психологиялық құбылыстар-үдерістер болды. Тап сол 90-жылдардың басындағы біздің басты жетістігіміз – халықтар достығын сақтау аясындағы 1992 жылы Қазақстан халықтарының 1 форумында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бұл форумды тұрақты негізді ұйымға ауыстырудың өте қажеттілігі идеясын айтқандығы. Осыдан кейін 1995 жылдың 1 наурызында республикамыздың қоғамдық-саяси алаңында әлемде баламасы жоқ ұлттық саясат саласындағы жаңа институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ассамблея Қазақстандағы әртүрлі этностардың бейбітқатар өмір сүруіне тән жаңа үлгілер туындайтын өзіндік ерекшелігі мол достық зертханасына айналды.
Тоқсаныншы жылдардың басында еліміздің күрдтер мекендейтін жерлерде әлеуметтік сауалдама жүргізілді. Ол Абай атындағы мемлекеттік университеттің теориялық және қолданбалы саясаттану кафедрасы мен Қазақстандағы күрд зиялылары одағының және күрд қауымдастығымен бірлесіп өткізілді. Алынған нәтижелер бойынша күрдтердің Қазақстанға әбден үйренгендерін және оны өздерінің Отаны санайтындары дәлелденді. Нәтижесінде «Якбун» («Бірлік») күрдтер қауымдастығын құруға шешім қабылданды. Сәл кейінірек 1999 жылы қауымдастық «Барбанг» («Таңсәрі») болып қайта құрылды. Күрдтердің «Барбанг» қауымдастығының негізгі мақсаты – этностың жан-жақты дамуына қажетті жағдайларын жасауға, Қазақстанда мекендейтін күрд этносының заңды талап-тілектерін, әлеуметтік, рухани мүдделерін қанағаттандыруға ықпал ету болып табылады. Бұл бағдардағы іс-шаралар қатарында күрдтердің тілі мен мәдениетін, ұлттық әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін сақтау мәселелері бойынша фестивальдер, концерттер, практикалық және методикалық семинарлар, әртүрлі шығармашылық ұжымдар бар. Олар «Барбанг» би тобы арқылы орындалып жүр.
Мектептерде күрд балалары үшін күрд тілінің сабақтары және поэтикалық үйірмелер жүргізіледі. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жалпы білім беретін және жексенбілік мектептерге арналған тұңғыш рет күрд тілінің оқулығы және күрд тілінің мұғалімдеріне арналған оқу-әдістемелік кешен дайындалып, 2006 жылы жарыққа шықты. Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен әдеби-көркем, ғылыми және қоғамдық-ағартушылық журнал «Nubar» («Тұңғыш»), ай сайын шығатын газет «Жийна күрд» («Күрдтер өмірі») газеті бар. Сонымен бірге күрд қауымдастығы «Барбангтың» ресми сайты www.berbang-nur.kz ашылған.
Қазақстанның жоғары оқу орындарында ондаған ұл-қыздары білім алуда. Республикамызда күрд кәсіпкерлері құрған бірқатар фирмалар жұмыс істейді. Қазақстандық күрдтердің қазіргі заманғы мәдениеті өз халқымыздың тағдырымен бірге көпэтносты Қазақстанның мәдениетімен біртұтас бағаланады. Биыл Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа тарихына 26 жыл толып отыр. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың осы тарихи шындықты айрықша атап бағалағаны мәлім: «Тәуелсіздік – халықтың басты құндылығы, біздің тарихи тағдырымыз және біздің байырғы құқығымыз – өзіміздің тағдырымызды өзіміздің анықтауымыз».
Бұл – символикалық маңызды мәселе. Биылғы жылы еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында уақыт талабына сай жаңғыру мұраттарын жүзеге асыруды, олардың біздің Қазақ елін әлем өркениетіндегі алдыңғы сапта болуына жеткізетінін нақты белгіледі. Қоғамдық сананы жаңғыртудағы алғашқы қадам – өзіндік мәдениетті, дербес ұлттық генетикалық кодты сақтау, өз халқыңның дәстүрлеріне адалдық. Қазақстанның ұлттық мәдениеті тәуелсіздіктің арқасында жаңа сапалық биіктікке көтерілді. Барлық этностың бірлігі, келісімі, бейбітшіл ынтымақтастығы – басты байлығымыз, тәуелсіздіктің аса құнды жетістігі.
Қазақстанды 80 жыл мекендеген күрдтер басқа да туысқан халықтар өкілдерімен бірге еліміздің ғылым, мәдениет, білім, экономика, құрылыс, денсаулық сақтау, қоғамдық-саяси салаларында көптеген жетістіктерді бағындырды. Көптеген күрдтер құқық қорғау орындарындағы, ірі өнеркәсіптік мекемелердегі, акционерлік қоғамдардағы, бұқаралық ақпарат құралдарындағы, халыққа білім беру салаларындағы басшы, білікті маман қызметтерін абыроймен атқарып жүр. Бұл, әрине Тәуелсіз Қазақстанның дамуын нығайтудағы қуатты үйлесімді қамтамасыз ететін Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың даналығымен жүргізіліп келе жатқан ішкі және сыртқы саясатын қолдаудың жарқын көрсеткіші.
Князь МИРЗОЕВ, Қазақстан күрдтері «Барбанг» қауымдастығының президенті,Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі