ИРАКТАҒЫ СОҒЫСТЫҢ САЯСАТТАҒЫ САЛДАРЫ
Соңғы аптада әлем, әсіресе, Еуропа телеарналарының басты тақырыбы Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрдің Ирактағы соғыстың басталуына байланысты тәуелсіз комиссияға жауап беруі болды. Оны телеарналар апта бойы күн сайын қайта-қайта көрсетті.
Жеті жыл бұрын АҚШ-тың Иракқа басып кіріп, ондағы Саддам Хусейннің режімін құлатқан соғысы туралы әңгіме, оған баға беру әлі де тоқтамай келеді. Біреу ақтайды, біреу даттайды. Бастамашысы АҚШ болған соғысты белсенді қолдаған елдер оған өз әскерін де қосты, қаржылай көмек бергендер және бар.
Сол соғыстың салдары қазір жұрттың көз алдында. Мыңдаған адам қаза тапты, жүздеген миллиард доллар қаржыны сол соғыстың жалмағаны өз алдына, бұл елде әлі тыныштық орнай қойған жоқ. Қаншама дүние қирады, халық қаншама мәдени, рухани құндылықтарынан айрылды. Соған кім жауап береді? Сірә, Ұлыбританияда құрылған парламенттік тәуелсіз комиссияның мақсаты да белгілі дәрежеде соған жауап іздеу еді. Оны белгілі қайраткер Джон Чилкот басқарады.
Басқа одақтас елдер белсенді қолдамаса, АҚШ бұл соғысты бастамауы да мүмкін еді. Жалпы, бұл мәселе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде талқыланып, Саддам Хусейнге барынша қатаң талап қойғанда, мәселенің соғыссыз да шешілу жолы болған. Ондай талапқа Ресей қарсы болды да, АҚШ сонда соғыс жолын таңдады. Оны Ұлыбритания белсенді қолдады. Сонда бұл елдің премьер-министрі Тони Блэр еді.
Оған қазір неге қолдадың деген айып тағылады. Сол соғыста британ әскерилері де қаза тапты. Тіпті соғыс басталған кезде Саддам Хусейнге тағылған айып – жаппай қырып-жоятын қарулар, яғни химиялық және биологиялық қарулар онда болмаған, олар жойылған екен. Бұл жайында сол кездегі барлау орындары британ үкіметіне де хабарлаған көрінеді.
Тони Блэр мұндай сұраққа тосылған жоқ: әңгіме Ирак диктаторында болып отыр. Ол орнында қалғанда ондай қарулар оп-оңай пайда болар еді, дейді ол. Комиссия бұрынғы премьер-министрді алты сағат бойы тергеді. Оның үш сағатында Тони Блэр ақталу сөзін сөйледі. Сөзінің соңында ол: “Мен сонда қабылдаған шешімді қазір де қабылдар едім”, деді.
Бұл – бұрыннан айтылып келе жатқан Ирак соғысы туралы пікірлердің бір парасы. Қанқұйлы диктаторды ауыздықтау керек еді, ол жүзеге асты, дейді олар. Сол жолда адамдардың өлім-жітімге ұшырағанына бұлар өкініш білдіреді. Бірақ зұлымдықты жою да тегінге түспейді.
Сірә, елде біраз шу тудырған осынау “тәуелсіз комиссияның тергеуін” ұйымдастырғандар діттеген ойларына жете алмағандай. Тони Блэрдің қанды портреттерін, сайқымазақ қуыршақ мүсіндерін көтерген шерулер апта бойы созылып, ол күн сайын бүкіл әлем телеарналарынан көрсетіліп жатса да, бұрынғы премьердің одан беделі түсе қоймағандай. Қайта одан ол біраз ұпай жинағандай көрінеді. Оның өз сөзінде тұратын, пікірінен қайтпайтын, қажеттілік туғанда өзін қорғай білетін қайсар қайраткер бейнесі орныққандай. Бұрын да оның беделі биік еді. Оның оқыған лекцияларына 80 мыңнан 270 мың долларға дейін гонорар төленетін. Атақты JP Morgan және Zurіch Fіnancіal Servіces Group сияқты қаржылық алыптарға кеңесшілік қызмет көрсетер еді.
Осынау комиссияны құрып, кінәні Блэрге артып, одан өзіне біраз ұпай жинамақ болған қазіргі премьер-министр Гордон Браун шын мәнінде айтарлықтай ұтылған сыңайлы. Ол алда сол комиссияға өзі де жауап береді. Сол соғыс кезінде Браун қаржы министрі болған. Сол кездегі билік партиясының қазіргі көсемі де өзі. Біраз таяқ өзіне тиеді. Бұл комиссия Гордон Браунға ғана емес, биылғы болатын парламент сайлауында жалпы лейбористер партиясына да қатты соққы болып тиюі әбден мүмкін.
ЕСЕБІ БАРЛАР ЕРТЕҢІН ЕРТЕ ОЙЛАЙДЫ
Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевтің билік мерзімінің бітуіне әлі төрт жылдан аса уақыт бар. Сөйтсе де келесі сайлауда бұл елде президенттікке негізгі үміткер кім болады деген әңгіме қазір-ақ айтылып жатыр. Жұрттың аузына Бакиевтің кіші ұлы Максим Бакиевтің есімі көбірек түседі.
Бұған себепші болған да президент Бакиевтің өзі. Ол өткен жылы 14 желтоқсанда конституцияға өзгертулер енгізуге біраз ұсыныс жасады. Соның ішінде жұрт назарын аударғаны – мемлекет басшысының өкілдігін биліктегі тұлғаның орындай алмайтын жағдайында уақытша басқаға беру шараларын өзгерту туралы ұсыныс. Қазіргі конституция бойынша, ол алдымен парламент спикеріне, оның реті келмесе, үкімет төрағасына жүктеледі. Ал жаңа ұсыныс бойынша, президент өкілдігін алатын тұлғаны президент жанындағы арнайы кеңес шешеді. Бір сөзбен айтқанда, президент қалаған адам таңдалады.
Жұртшылық, әрине, ең алдымен оппозиция бұл адамды қазірдің өзінде президенттің кіші ұлы 32 жастағы Максим Бакиев санап отыр. Оған да негіз бар. Бұрын жеке бизнеспен айналысып келген кіші Бакиев өткен жылғы 29 қазанда аяқ астынан мемлекеттік қызметке тартылды. Даму, инвестиция және инновация жөніндегі орталық агенттік (ДИИОА) деген құрылып, оған жетекші болып тағайындалды. Және осынау жаңа органға елдің барлық экономикалық блогы жинақталды.
Бұл жағдай ел ішінде әртүрлі сөз тудырды. Ең алдымен Бакиевтердің барлық билікті өз қолдарына шоғырландырғанына сын да айтылды, наразылық та білдірілді. Бірақ мұны да бұл елдегі қалыпты жағдай деп қабылдауға болғандай. Әдетте бұл елде билікке қарсы түрлі шаралар ұйымдастырылып жатады. Оның кейбіріне қарап, мұның өзі қоғамда үлкен жарылыс тудырар деп қауіп қылсаң, бірақ келесі күндерде ол сабасына түскенін көресің. Содан да Максим Бакиевтің биліктегі қызметі де өзінің жалғасын табатыны күмәнсіздей.
Сөйтсе де, бұл елде саяси топтардың бір-бірін қаралауы, бұл ретте ақпарат құралдарын пайдалану да үйреншікті жайдай көрінеді. Бұл үшін кейде басқа елдердің ресурстары да іске қосылып жатады. Жақында ТМД елдері институты аймақтық филиалының директоры, Қырғызстан проблемаларына маманданған Ресей саясаттанушысы Александр Князев деген Ресейде Максим Бакиевтің иелігіндегі 18 компанияның есеп-шоттары жабылып, жұмыстары тоқталғанын хабарлады. Тіпті оған Кремльдің өзі назар аударып отырғанын айтты. Бұл хабарды М.Бакиев теріске шығарып, жала деп көрсетті. Және оны тек өзінің жеке басына емес, бүкіл елге қарсы жасалған әрекет деп бағалады.
Осыдан да біраз жайды аңғарғандай боласың. Кіші Бакиев өзін бүкіл ел тағдырымен байланыстырғандай дәрежеде көтеруін де артық көрмейтіндей. Оның қоғамдағы орны барған сайын артып келе жатқандай. Тіпті оған қарсылардың пікірі де сондай ойға жетелейді.
Қырғыз ағайындар қашанда саясатта белсенді. Кейде революция да жасап, біраз нәрсені төңкеріп тастап, артынан одан ешнәрсе өнбеді деп өкініп жатады. Кезінде сондай революциямен Бакиевке билік тізгінін ұстатса, енді бүгін оған қарсы көтерілуге әзір адамдар да аз емес. Бір шаруаға кейде асығыс кірісіп кетеді де, ұзақ уақыт айтысып, тартысып жатады. Алда енді төрт жылдан кейін болатын президент сайлауының да үні естіліп қалды. Тым алыс қой. Оған жеткенше жұрт ентігіп, шаршап қалмай ма дейсің. Одан басқа да күнделікті күнкөрістің қат-қабат шаруалары бар.
Мамадияр ЖАҚЫП.