• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 18:45

Конституциялық реформаға көзқарас: Қоғамның пікірі қандай?

10 рет
көрсетілді

Тәуелсіз әлеуметтік зерттеуге қатысқан ел азаматтарының басым бөлігі Конституциялық реформаны қолдайтынын білдірген. Сонымен қатар респонденттер ұсынылған өзгерістердің жеке әл-ауқат пен өмір сүру сапасына ықпалы болуы мүмкін екенін атап өткен. Бұл деректер Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймардановтың баяндамасында айтылды, деп жазады Egemen.kz

Тәуелсіз әлеуметтік зерттеуге қатысқан қазақстандықтардың басым бөлігі Конституциялық реформаны қолдайтынын білдірген. Сонымен қатар респонденттер ұсынылған өзгерістердің жеке әл-ауқат пен өмір сүру сапасына ықпалы болуы мүмкін екенін атап өткен. Бұл деректер Конституциялық комиссияның кезекті отырысында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймардановтың баяндамасында айтылды.

Жаңа Конституцияда қазақ тілінің мәртебесі қалай бекітілмек?

Оның мәліметінше, конституциялық реформаға қатысты жұмыс 2025 жылдың қазан айында басталған. Осы кезеңнен бері қоғаммен кері байланыс қатар жүргізіліп келеді. Конституциялық комиссия қызметінің алғашқы сатысында азаматтардан, заңгер-ғалымдардан, сарапшылардан, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардан 2 мыңнан астам ұсыныс түскен.

Жаңа Ата Заңның жобасында қандай мызғымас қағидаттар бекітілді?

Жаңа Конституция жобасының ашық жариялануы қоғамдық пікірталастың кеңеюіне ықпал еткен. Қазіргі уақытта eOtinish платформасы арқылы келіп түскен өтініштердің саны 4 мыңнан асқан.

«Азаматтардың сұрақтары мен бастамаларын тұтастай алғанда үш негізгі бағыт бойынша топтастыруға болады, олар жүргізіліп жатқан реформаның қалай қабылданып жатқанын көрсетеді», деді Жандос Шаймарданов.

Оның айтуынша, қоғамдық талқылаулар барысында Конституцияға деген көзқарастың әртүрлі қырлары байқалады. Бірқатар азаматтар Ата заңды билік органдарының өкілеттігін айқындайтын құқықтық құжат ретінде қабылдаса, енді бір бөлігі оны мемлекеттің құндылықтық бағдарлары мен даму қағидаттарын айқындайтын негіздемелік мәтін ретінде қарастырады.

«Азаматтардың өтініштеріне қарасақ, олар конституциялық нормалардың күнделікті өмірге, әлеуметтік әділеттілікке және мемлекеттік шешімдердің сапасына ықпалы болатынын күтеді», деді институт директоры.

Түскен ұсыныстардың екінші бағыты құқық үстемдігі, заң алдындағы теңдік және мемлекеттік институттарға деген сенім мәселелеріне қатысты. Бұл ретте «Заң және Тәртіп» қағидатын жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігі жиі көтерілген.

«Азаматтардың бір бөлігі үшін Конституция адамның құқықтары мен бостандықтарының басымдығын қалай бекітетіні, оларды қорғаудың түсінікті әрі бірыңғай тетіктерін қалай қалыптастыратыны маңызды», деді Жандос Шаймарданов. Оның айтуынша, Конституция осы тұрғыда жеке бас бостандығы мен ұлттық мүдделер арасындағы теңгерімді қамтамасыз ететін құқықтық құрал ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар пікірталас барысында мүдделер теңгерімі мәселесі де қозғалған. Бұл тақырып азаматтарды тек адам құқықтары мен бостандықтары тұрғысынан ғана емес, халықаралық міндеттемелер мен ұлттық заңнама арасындағы сәйкестік тұрғысынан да алаңдататыны айтылды.

Мемлекеттік тіл мәселесі де қоғамдық талқылауда өз орнын тапқан. «Бірқатар азаматтар мемлекеттік тілдің мәртебесіне назар аударып жатыр. Жаңа Конституция жобасында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде нақты бекітілген», деді ҚСЗИ директоры.

Пікірталастың тағы бір бағыты мемлекет пен білім беру жүйесінің зайырлы сипатына қатысты болды. «Көптеген жылдар бойы қоғамда діннің мемлекеттен институционалдық тұрғыда бөлінуіне қатысты сұраныс қалыптасты. Конституция жобасында осы қағидат ұсынылған», деді ол. Жобаға сәйкес, зайырлылық ғылымға, инновацияға және адами капиталды дамытуға бағытталған білім беру жүйесінің маңызды шарты ретінде қарастырылған.

Азат Перуашев: Конституциялық реформа билік жүйесіндегі теңгерімді күшейтеді

«Қоғамдық пікір» институты жүргізген әлеуметтану зерттеуі нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың 79 пайызы реформаларды уақтылы деп санайтынын көрсеткен. Респонденттердің 65 пайызы ұсынылған өзгерістердің өміріне оң ықпал етуі мүмкін екенін айтқан. Ал 78 пайызы конституциялық реформаға қолдау білдірген.

Жандос Шаймардановтың айтуынша, тәуелсіз әлеуметтік зерттеу деректері конституциялық реформаның қоғамдық талқылауға шығарылып, азаматтардың пікірін ескеру арқылы жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

 
Соңғы жаңалықтар