Тәуелсіздік мерекесі талай тұлғалы азаматтарға жақсылығымен келді. Тынымсыз тіршілік кешкен отандастарымыз сол ерен еңбектерінің жемісін көруде. Соның бірі қазақ баспасөзінің ардагері, Қазақстанның Құрметті журналисі Бекболат Әдетов Алматы облысы, Талғар ауданының құрметті азаматы атанды.
Орайы келіп тұрғанда Бекболат Әдетов толайым публицистикалық туындыларынан бөлек, «Бәйшешек», «Алтынай», «Жердегі жұлдыздар», «Іңкәр көңіл» атты көркем шығармалардан тұратын төрт кітаптың авторы, 8 романды қазақ тілінде сөйлеткен тамаша аудармашы екенін айта кетелік.
Қазақ журналистикасының академигі, 70-80-жылдардағы «Социалистік Қазақстан» басылымының белді журналисі, болмысы бөлек, жаратылысы жайсаң Бекболат Әдетов жайлы белгілі ақын Өтеген Оралбайұлы бір өлеңінде:
Бір сөзді білмей қалсаң Бекеңе бар,
Жатсынбас, жатырқамас жетеңе бар,
Әлгі сөз құлын-тайдай құлдыраңдап,
Өріске ойнақ салып кетеді олар...
Бекеңе сәлем берем сағынып бір,
Көп термин күтім таппай жабығып тұр.
Қазақтың небір сөзі, тұман басып,
Бекеңе жол таба алмай қамығып тұр, –
дейтіні бекер емес.
– Журналистикаға барғаныма, осы өмірді көргеніме өкінбеймін. Түбірлей алғанда, өз тағдырыма шынымен-ақ қызығамын. Небір жақсылар мен жайсаңдарды көрдік. Дәмдес-тұздас болдық. Том-том кітап жазбасақ та қырық жылдай елдің тарихын бірге жазыстық. «Шарлаған жолым жатыр жер бетінде» деп Қасым Аманжолов айтпақшы, ірілі-ұсақты газет-журнал беттерінде, әсіресе қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстанда» қолтаңбамыз қалды. Қаламымыздың қарымы да жүрегіміздің жалыны да сонда жатыр, – дейтін ақжүрек ағаға табыстар жалғасын тапсын деп тілейміз.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ