Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында жанармай құю бекетінде жарылыс болып, бір адам ауыр күйік алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиға 10 наурыз күні станция аумағында тіркелген. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға бойынша шақырту түспеген және өрт фактісі тіркелмеген.
«Өрт болған жоқ. Анықтаушылар полицияның шақыруымен ауруханаға барды. Зардап шеккен адамға өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып жұмыс істегені үшін ескерту берілді», деп хабарлады ведомство.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жұмыс барысында көлемі 200 литрлік металл бөшке жарылған. Соның салдарынан жанармай құю бекетінің қызметкері зардап шегіп, оның беті мен денесінің жоғарғы бөлігі күйіп қалған. Қазіргі таңда ол ем қабылдап, оңалту курсынан өтіп жатыр.
Еңбек инспекциясы өкілдерінің айтуынша, зардап шеккен азамат ресми еңбек шартынсыз жұмыс істеген. Ал ықтимал жұмыс беруші еңбек қатынастарының болғанын жоққа шығарып отыр.
Абай облысындағы шахтада жұмысшы қаза тапты
Зардап шеккен азаматтың туыстары оқиғаға қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін деп санап, жан-жақты тергеу жүргізуді талап етуде. Қазіргі уақытта қосымша тексеріс жүріп жатыр. Оның ішінде жасырын еңбек қатынастарының болуы да қарастырылуда. Материалдар компания тіркелген Алматы қаласына жолданып, әрі қарай қаралатын болады.