• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Желтоқсан, 2017

Қостанайда қарақұмық өңдейтін зауыт іске қосылды

432 рет
көрсетілді

Қостанайда іске қосылған қарақұмық өңдеу зауыты Тәуелсіздік күні мерекесіне тарту болды.

Жобаның құны 700 миллион теңгені құрайды. Оның жартысын «Сбербанк» салса, жартысын осы зауытты ашып отырған «Мибеко» кәсіпорнының  өзі қосты. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кәсіпорын несиесінің жартысын жабуға 180 миллион теңге бөліп отыр. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов зауытты салтанатты түрде іске қосты.

«Зауыттың ырғақты жұмыс істейтініне сенім білдіремін. Ең бастысы зауыт білікті мамандармен қамтамасыз етілген.  Қуаты да жақсы. Енді кәсіпорынның экспорттың әлеуеті артатын болады» деді Архимед Бегежанұлы.

«Мибеко» ЖШС директоры  Халим Қадыров зауыт бір жылда 16 мың тонна өнім шығаратынын айтты. Бұл Қазақстанның  солтүстік облыстарындағы қарақұмық, жасымық, арпа, бұршақ, тағы басқа да дән өңдейтін бірінші зауыт болып отырғанымен де ерекше. Оған жабдықтар Ресейден, Украинадан, Голландиядан  әкелінді.

Зауытта 32 жұмыс орны ашылды.  Зауыт шығарған қарақұмық жармасы тек Қазақстан нарығына ғана емес, Әзербайжан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстанға артылады, сонымен қатар алдағы уақытта Ауғанстан нарығына шығу да жоспарда бар.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»

Қостанай