• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Желтоқсан, 2017

Хат қоржын

338 рет
көрсетілді

("Егемен" хат қоржынындағы оқырман лебіздері)

Жетістіктерге жете беретініміз сөзсіз

Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев халықты игі істерге жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлесін қосып келеді. Мемлекет басшысының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз саяси және әлеуметтік-экономикалық сілкіністерге ұшырамай, серпінді даму үстінде.

Барша ұлтты бауырына басқан бауырмал қазақ халқы біреуді артық, біреуді кем көрмеген. Татулық пен достықты өзіне ежелден серік еткен. Қазақстан – өз ұлты, діні, тілі, мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі бар құдіретті ел. Қазаққа тән ата-бабаларымыздан қалған ар-намыс, жігер-қайрат мұра ретінде келешек ұрпаққа жеткен. Осы қалпымыздан тайынбай, баршаның алдында сыйластығы мол, бірлігі жарасқан, құрметтейтін ел болсақ мерейіміз артып, жетістіктерге жете беретініміз сөзсіз.  

Гүлнар ХОДЖАБЕКОВА,  Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің  баспасөз хатшысы  

Уақытпен бірге жаңарған «Егемен»

Кітапханашы болу абыройлы қызмет болғандықтан елдегі болып жатқан әр өзгерісті қалт жібермей бақылап отыруға міндеттісің. Осы жағынан алғанда біз үшін қоғамның барлық саласын қамтып отыруға тырысатын еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» орны бөлек. «Қағаз газеттің уақыты өтті, енді жұрт жаңалықты интернет арқылы біледі» деген қасаң көзқарасты жоққа шығарып, уақытпен үндесе жаңарып келе жатқан басылымның бірі осы «Егемен» деп ойлаймын. Қоғамдық оқиғалардың ең маңыздысын білгің келсе оқитын газет. Әр өңірде болып жатқан жайттарды қағыс қалдырмайды, еліміздің түкпір-түкпірінде не болып жатқанын білу де әрқайсымызға маңызды. Сондықтан шығар, «Егеменге» шығу өзге басылымдарға шығудан маңыздырақ болып тұрады. Соңғы кездері әдебиет пен мәдениетке де көп көңіл бөліп жүр. Танымдық материалдар да жиі шығады. Осы қарқынын бәсеңдетпей елдің жай-күйін жиі жазып тұрса дейміз. Қоғамның көлеңкелі тұстарын басқа емес, бас газет жазса, шешілуі де жылдам әрі оңай болады ғой деп ойлаймын.

Тағы бір қуантарлығы – газеттің дизайны. Қағаздың сапасы да біз үшін маңызды. Кей газеттер майланып, ұстасаң қолыңа жұғып, көп өтпей сарғайып кетеді. Ал «Егемен Қазақстан» өте сапалы. Қағаздың сапасынан бастап, мақалалардың орналасуына дейін өте маңызды. Қолға ұстауға да ыңғайлы. Ашып қалғанда жарқырап тұрса – қандай жақсы. Сосын газетке орналастырылған QR код. Бұл да кітапханашылардың жұмысын біршама жеңілдетті. Баяғыдағыдай көшірме жасап әуре болмайсың, керек еткен адам код арқылы өзіне керекті нөмірді жүктеп алады. Бұл да өзге басылымдар үлгі алатын жайт. Газет ұжымы «Ел газеті» деген атқа лайық қызмет ете береді деп сенеміз. 

Құралай АЛТЫНБЕКОВА, С.Сейфуллин атындағы  Алматы облыстық әмбебап  кітапханасының әдіскері 

Алматы облысы

 

Он бір имамға жалақы береді 

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бастамасымен елімізде әртүрлі әлеуметтік жобаларды қолдау мақсатында «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры құрылған болатын. «Уақып» сөзі араб тілінен алынған, қайырымдылық ұғымын білдіреді. Аталған қордың қызметі әлеуметтік әлсіз топтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуге, діни экстремизмнің алдын алуға, имамдардың кәсіби біліктілігін арттыруға, дін қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Қор қазіргі қалыптасу кезінде демеушілердің көмегіне арқа сүйеп отыр. Осы қор арқылы білікті имамдарды ауылдық жерлерге тартуға ынталандыру, имамдардың жалақысын көтеру, мешіттердің коммуналдық шығындарын төлеуге көмектесу сынды бірқатар қордаланған мәселелерді шешу жоспарлануда. Бүгінгі таңда облыс аумағында аталған қорды таныстыру жұмыстары жүргізілді. Қазір өңір бойынша 11 имам «Уақып» қорының демеушілігімен айлық жалақымен қамтамасыз етіліп отыр. 

Дәулет қажы ҚАБИБОЛДИН,  облыстық «Халифа Алтай» мешітінің  наиб имамы 

Өскемен  

Табиғаты ерекше еді

Мен нағашы апам Оңалай Қалыбекованы әркез мақтан тұтамын, үлгі етемін. Оңалай – шешемнің сіңлісі. Бұл апатайым туралы қанша айтсам да естеліктерім жыр-дастан секілді таусылмайды. Ол он бір бала тәрбиелеп өсірген нағыз батыр ана. Бәрі де жоғары білім алған, әр салада қызмет етеді. Жетіжылдық орталау мектепті бітіріп, кәрі әке-шешесіне қарайлап оқи алмай қалды. Он жеті жасында тұрмыс құрды. Өзінің балаларына тоғыз жастағы сіңлісі Толғанайды қосып, барлығын да аяғынан тік тұрғызды. Жездем Жанайдарды да оқытып, білдей инженер-механик етіп шығарды. Табиғат оған өлең жазу, суырыпсалмалық сияқты тума қасиетті аямай бере салған. Шабыты келгенде күй талғамастан отырған жерінде альбом, блокноттың ішіне жазып тастайтын. Артына осынша мол мұра қалдыратынын білген жоқпыз. Кейінгі ұрпақтары «Жыр дәптерім, балаларыма арнаған сыр дәптерім» деген өлеңдер жинағын бастырып шығарды. Ауылдағы әйелдер кеңесінің төрайымы болды, «Әжелер» ансамблін құрды. Бірде белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әуезовпен кездесу өткенде апамыз ешқандай қағазға қарамастан толғана, шабыттана сөйлегені бар. Сонда Мұрат Мұхтарұлы «Ел ішіндегі тума таланттар ғой», деп тамсанған. Уақыт көшін ағысы қатты, толқыны асау тайдай тулаған телегей теңізге теңейтін болсақ, оның арасында жұтылып кетпей өз жолын тапқанына, артына ұмытылмас үлгі-өнеге қалдырғанына шүкіршілік дейміз.

Орынша ЖҮНІСОВА, еңбек ардагері Солтүстік Қазақстан облысы, М. Жұмабаев ауданы