Маңғыстау... Маңғыстау десе, менің көз алдыма алдымен асау толқынды теңізі, тасыған мұнайы, баяғы асасын іздеген Бекеті, бүгінгі абыз тұлға Әбіші елестейді. Сол Әбіштің бір сөзі бар-тұғын: “Қиялда ғана болатындай қиян өлкеге көкте самғамасаң, жер бетімен жылжып, ғұмыры жете алмайтындайсыз. Иллюминатордан қағынды тиіп арам қатқан арық түйенің қатып қалған қара сұр көңіндей солғын жер бедерін көргенде, ғарыштың әлдебір әлі белгісіз планетасына келіп қалған екенбіз деп ойлайсыз. Бірақ, бедірейіп жатқан осы бір бедеу кеңістіктің түбіне бойлай түскен сайын көзіңізге жылт оянып, көңіліңіз әрі-сәрі күйге толады” немесе “...Ұлы Тұранның теріскейі мен күнгейінің, батысы мен шығысының, ежелгі, кешегі, ертеңгі кескіндері түгел қылаң береді...”-деген. Мен Маңғыстауға табан тіресем болды, осы сөздер алдымен ойыма оралады. Жуырда ғана сол қазақтың Әбішінің ел боп тойлаған мерейлі жасы, жетпіс жылдығында үш жүз алпыс екі әулиелі, Қыдыр қонған киелі мекен Маңғыстауға дәм бұйырып тағы жолым түсті.
Бізді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры, облыстық мәслихат депутаты Әбдімүтәліп Әбжаппаров қарсы алды.
Алдыңғы ойдың жетегінде келе жатқан бұл кезекті сапарымда өр өлкенің бұрынғыдан да бөлек, бұрынғыдан да ажарлы кейпін көріп, көңілім қуанып қалды. Ұшақтан түскен бойда байқағаным – жаңа әуежай ғимараты... Жол бойына жарқыраған бағаналы шамдары, тақтайдай тегіс асфальтімен жүйткіп келе жатып, баяғы “құлазыған кең мекен даланың” қайта түлегеніне куә болдым. Ару қала Ақтауға кірместен бұрын сонадайдан “мен мұндалап” тұрған әсем ғимаратқа көзім түсті. Бұл да шаһар... Білім шаһары... Жаңадан бой көтерген университет қалашығы екен.
“Қазақстан-2030” Стратегиялық даму бағдарламасының алғашқы он жылдығына, маңғыстаулықтардың “Жер-Теңіз-Аспан” ауқымды ықпалдасқан инвестициялық ғажап жобаларымен жетуі өңір болашағының перспективасын айқын танытады.
Мысалға, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шетелдік инвесторларды “Каспий энергетикалық хабын” құру жобасын қолдауға шақыруы да өлкенің өркендеуі жолындағы тамаша баспалдақтар екенін атап айтар едім.
“Біз қазір Каспий энергетикалық хабын құру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол Ақтаудан солтүстікке қарай Қазақстанның негізгі мұнай-газ кеніштеріне таяу жерде орналасады. Бұл хаб энергетика саласындағы сервистік қызмет көрсету технологиясымен қатар өнеркәсіптік білім беру және ғылыми кешен жасақтауға бағытталады. “Самұрық-Қазына” қоры бұл жобаны жүзеге асырумен шұғылдануда. Кеңес мүшелері осынау аса маңызды жобаға қажетті қолдау көрсетеді деген үміттемін”, – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөзі ел-жұртты жігерлендіріп, үлкен сенім артады. Айта кететін бір жәйт – “Каспий энергетикалық хабы” энергетикалық саланың одан әрі дамуына қажетті қызмет пен технологиялар кластерін құратын болады.
“Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы инфрақұрылымдардың дамуына қомақты мөлшерде шетелдік инвестицияларды тартуға мүмкіндік пайда болып, Ақтауда жаңа жұмыс орындары ашылып, іскерлік қарқындылық жандандырылады. Бұл Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясына сәйкес келеді”, – деп атап өтті облыс әкімі Қ.Көшербаев. Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, энергетикалық хаб Каспий маңындағы кеңістікте мұнай-газ секторының толыққанды дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталмыш жоба жақында ғана Президенттің халыққа кезекті Жолдауында ұсынылған өңірлік даму саясатын белсенді жүргізуге осы Каспий өңірі үшін маңызды бағыты болады. “Өңірлік даму реформаларынсыз біз жедел әртараптандыруға қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан бізге экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыруды бастау қажет. Қазақстанның батысында мұнай-газ секторын, химия өнеркәсібін, жабдықтар өндірісі және көліктік қуаттарды дамыту керек... Жаңа өңірлік саясат – 2020 Стратегиялық жоспарының аса маңызды бөлігі”, деп атап көрсетті Елбасы өз Жолдауында. Экономикалық өсу орталығын кешенді түрде құрып жатқан маңғыстаулықтарға Президенттің бұл тапсырмасы жаңа екпін беретіні сөзсіз.
Өңірдің әкімімен әңгіме барысында “Каспий энергетикалық хабының” біліми-ғылыми орталығы болып Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің анықталып отырғаны тілге тиек болды.
Мұның өзі ұзақ әңгіме. Сөзіміздің әлқиссасын білім ордасының жаңа ғимаратынан бастап едік қой, сол еңсесі биік орда да аталмыш жобаның бір бөлшегі екен.
“Бітер істің басына, жақсы келер қасына” дегендей, отыз төрт жылдық тарихы бар бұл қарашаңырақты кейінгі жылдары қарқынды дамыту ісі университет басшысы Әбдімүтәліп Әбжаппаровтың маңдайына жазылғандығын айрықша атағанымыз абзал. Әу баста осы Маңғыстаудың ірі жобаларын талқылау қолға алынған кезде көптен ойында жүрген мақсатын Әбекең ортаға салыпты. Нәтижесінде, Үкімет қаулысымен Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университеті Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті болып қайта құрылды. Аймақта тұңғыш рет Каспий атауы мемлекеттік оқу орнына берілді. Бұл тіпті Каспий аймағындағы көрші мемлекеттерде де кездеспейді. Мақсат белгілі – болашақ мамандарды әлемдік деңгейдегі стандарттарға сәйкес даярлау. Оған қол жеткізу үшін, әрине, ең алдымен оқу ордасының атына заты сай болуы керек. Орайлы сәтті қолайлы пайдаланып, ойда жүрген жобаның іс жоспарын жасақтап, облыс басшылығының назарына дер кезінде ұсынған. Сөйтіп, “құланның қашуына мылтықтың басуы” сәйкес кеп, Әбекеңнің ұсынысы алдағы атқарылар қыруар жұмыстың қатарына қабылданады. Бұл кезек күттірмейтін, күн тәртібіндегі мәселе болғандықтан “әп” дегенде басталған шаруа да осы болды. Алғашында көпке қиялдай боп көрінген көк сарай күн өткен сайын көкке құлаш ұрып, биіктей берді. Бір топ зиялыларды бастап аралатып, қуанышын “сүйіншілеп” жеткізген Әбекеңе сонда байғазы үшін қандай сияпат, қандай құрмет көрсетсе де артық болмастай еді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдығы қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздегі барлық оқу орындары мен оның ұстаздар қауымына, шәкірттеріне арнаған дәрісінде біраз мәселенің басын қайырды. Соның бастысы – “Сапалы білім мен ғылымсыз қазіргі заманғы әлемде Қазақстанның келешегі жоқ... Қазақстанға интеллектуалдық секіріс қажет”, – деп, мемлекет кездескен түрлі қиыншылықтарға қарамастан, жаңа білім нысандарының құрылысы үшін қаржы аямау керектігін баса айтты. Ал оның маңғыстаулық үлгісі Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-дің бүгінгі жетістігі дер едім.
Бұл университеттің өзі 1976 жылы ашылған. Құрамындағы әр институттары мен колледжі, тіпті бас ғимаратының өзі қаланың әр шағын ауданында, онда да бұрынғы мектептер, жатақхана мен балабақшаға арналған ғимараттарда орналасқан еді. Бір орталыққа шоғырланған жаңа оқу орнының салынуы, оған көшу – басшы тұрмақ ұстаздардың, тіпті шәкірттердің арманы болмады дейсіз бе? Сол арманға бүгін, дағдарыс кезінің өзінде қол жеткізу – еліміздің экономикасы өз күшіне еніп, дағдарысқа дес бермей даму жолын бастан кешуінде деп сенімді айтуымызға себеп. Жекелеген тұлғалардың қаншама іске, қаншама оңды оқиғаға ұйытқы болуы тарихта аз емес. Сондай айтулы істердің ықпалды бір иесі осы біздің Әбдімүтәліп ініміз дер едім.
Университет кешенінің құрылысы әрі қарай да тұрғызыла бермек. Бұл бүгінгі таңда университет қабырғасында оқып жүрген жастардың сапалы білім алуы үшін жасалған оңды қамқорлық.
Ұмытпасам, осыдан үш жыл бұрын Елбасымыз өз Жолдауында “Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі. Бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет”, – деп тапсырды. Бұл сөзді іліп әкеткен кез келген білім ошақтарының басшылары оны барынша насихаттады. Бірақ оның іс жүзінде жүзеге асуы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал талап үдесінен шыға білу – бүгінгі күннің тау көтерер Толағайларына ғана тиесілі.
“Бұлақтың көзін ашса бір кісі кеп, басынан су ішпей ме мың кісі кеп?” Университет халықаралық деңгейде білім беруді көздеп отырғандықтан, алда артылар міндет те, жауапкершілік те зор. Президентіміздің “Қазақстанда халықаралық ұйымдардың қатысуымен осы заманғы ғылыми орталықтар мен “технологиялық парктер” құру және дамыту, технологияларды игеру үрдісіне қолдау көрсету мен кадрлардың білігін бағдарлаудың икемді жүйесін қалыптастыруымыз керек”, – деген ойымен үндес ең маңызды бастамасын бізге Әбекеңнің өзі әңгімелеп берді:
“Отандық білім беру жүйесіндегі сапалық өзгерістер біздің оқу ордамызда да болу керек. Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті жаңа формацияның инженер-техникалық мамандарын, оның ішінде бүгінгі таңдағы аса қажетті ІТ-технология, нанотехнология, атом энергетикасы және аймақта жасалатын мұнай-химия, логистика, туризм, энергетика, теңіз технологиясы секілді озық технологиялық инновациялық кластерлердің аса зәру мамандарын даярлайтын болады. Тәуелсіздікке қол жеткізген кезден бастап Қазақстан өзінің әскери-теңіз және сауда флотын, теңіз жағалауы инфрақұрылымы мен білікті мамандарын қалыптастырып және жетілдіріп, өз алдына теңіздік держава ретінде дамып келеді. “Қашаған” кен орнын игеру жобасы Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы теңіз флотының қызметін негізгі тұтынушылардың бірі болып табылады. Сондықтан, теңіз мамандықтары бойынша кадрларды дайындаудың қажеттілігі пісіп-жетілді. Теңіз мамандарын дайындау мәселесі осы біздің университетімізде шешілуі тиіс.
“Каспий энергетикалық хабына” т.б. аймақта қабылданған ірі инвестициялық жобаларға қажет мамандар дайындау бағытында Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті алдында маңызды міндеттер тұр. Шетелдік инвесторлармен жүргізген бірнеше келіссөздердің нәтижесінде “Каспий энергетикалық хабының” біліми-ғылыми орталығы университеттің Мұнай және газ институты негізінде қалыптасып, қызмет етуіне қол жеткізілді. Бұл істі атқару үшін қазақстандық жастардан Американың Техас, Колорадо, Голландияның Дельфий университеттерінде осы институттың болашақ 120 ұстазын дайындау мақсаты қойылды. Ұстаздыққа үміткерлер республиканың барлық университеттерінен конкурстық негізде іріктеп алынады. 2010 оқу жылында алғашқы отыз маман іріктеліп оқуға жіберіледі деп күтілуде. Оқу мерзімі екі жыл, бұл мамандар келісім-шарт негізінде университетте алты жыл қызмет етуге міндетті. Осы жылдар ішінде олардың бір жылдық жала-қысының төменгі мөлшері 75000 $ (АҚШ долларын) құрайды. Осылайша әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауды қамтамасыз етпекпіз”.
Иә, білімді болу мен оны жан-жақты жетілдіру – өзіңде барды игеріп, өзге елдің де ілімін үйрену болмақ.
Бұл – Елбасымыздың тапсырмасы. Ол өз сөзінде “Ақтау мемлекеттік университеті Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті болып өзгертілді, жетекші америкалық және еуропалық ғылыми орталықтармен элитті білім беру кешенін құруға қатысу туралы келіссөздер жүргізілуде. Республикалық бюджеттен университеттік кешеннің құрылысына 2,9 млрд. теңге бөлінді. Университет бүкіл Каспий аймағының халықаралық білім беру базасына айналу керек”, деген болатын. Бұл істерді бастамас бұрын Президент Нұрсұлтан Әбішұлы бұл жобаны тікелей қарап, қолдау жасаған. Ел басшысының батасымен басталған жұмыстың бұл алғашқы мысалдары ғана. Оның нәтижесін болашақ көрсетеді. Өйткені, ел ертеңі жастар үшін, білім мен ғылым үшін жұмсалған дүние далаға кетпейді, керісінше, еселеп қайтары сөзсіз.
Қойнауы қазба байлық пен құпия тылсым сырларға толы өлкені тани түсу үшін танымның, зерттей түсу үшін зерденің, игеру үшін игілікті істің бастамасы – әлеуметке қызмет етер білім болмақ.
Ә.Әбжаппаров басшылыққа келгелі бұл университеттің ішкі-сыртқы мазмұны жаңартылып, айта қаларлықтай сапалық өзгерістердің жүзеге асырылғанын байқадық. Сондықтан, мұны білікті басшының айқын қолтаңбасы деп айта аламын.
Өркениетті елдердегідей біздегі білім ошақтарының оқу жүйесін қалыптастыру, оны әуелі әркімнің жете түсіне білуі, содан кейін барып ортақ оқыту жүйесін жасақтау, білім саласында жүрген мамандарға, басшыларға оңай тиген жоқ. Алдымен кеңес дәуірінде тозығы жеткен протекция мен коррупция көзі болған жоғары оқу орындарына қабылдау тәртібін жөнге келтіру үшін әрбір талапкерге бірдей мүмкіндік беретін, протекцияның барлық түріне тосқауыл қоятын, талапкерлерді конкурсты түрде іріктейтін жоғары оқу орындарына қабылдаудың жаңа моделі қажет болды.
Міне, осындай қызметте білгірлік пен білімділіктің, басшылық қасиетінің нақ сыналар тұсында, қажырлы еңбек көрсете білген білікті ғалым, басшы Ә.Әбжаппаровтың үлесі аз болған жоқ.
Ол сонау 1999-2001 жылдары Білім және ғылым министрлігінің жоғары және орта арнаулы білім беру департаментінің басшысы қызметін атқарды. Осы жылдары Қазақстанда алғаш енгізілген талапкерлерді қабылдаудың жаңа моделі – Кешенді тестілеу жүйесін қалыптастыруға білікті басшылардың бірі ретінде атсалысты. Әбекең мен әріптестері негізін қалаған сол кездегі бастама қарқын алып, бүгінгі таңда – Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) атты көпшілікке ұғынықты студенттерді қабылдаудың формасы қалыптасты. Білім сапасын арттыру мақсаты тұрғысынан – ҰБТ қазіргі заман талабына сай, дер кезінде жүзеге асырылған игілікті шара ретінде ТМД-ның білім жүйесіндегі түбегейлі өзгеріске жол ашқан тәсіл. Ә.Әбжаппаров сынды тәжірибелі басшының мұндай қызметті аса жауапкершілікпен атқаруының өзі азаматтық қасиетінің бір қыры. Міне, осындай жауапты қызметті талапқа сәйкестендіре орындай білген Әбекең мен сол кездегі ұжымға айтар алғыстан басқа бөтен ниетіміз жоқ.
Есімізде, бұрын балаларын оқуға түсіру үшін ағайын-туысты жағалап, тамыр-таныстыққа иек артатын ел үшін ҰБТ – жоғары білім жүйесіндегі революциялық-реформалық өзгеріс болды. Үйінен алысқа ұзамай, мемлекеттік сынақты тапсырып, қалаған мамандығына жолдама алуы – біле білгенге, кім-кімнің де күнінің туғаны.
Сондай-ақ, Әбдімүтәліп тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан Республикасы Білім министрлігінде еңбек ете жүріп, жас мемлекетімізде білім-ғылым бойынша атқарылған аса маңызды істерге өз үлесін қосқан, Қазақстандағы жоғары білім берудің нормативтік-әдістемелік базасын жасақтау істеріне қатысып, әр жылдары “Білім туралы”, “Жоғары білім туралы” заңдардың жасақталуына тікелей атсалысқан. Заманның жаңаша талабына төселген, бойындағы қажыр-қайратын ел игілігіне жаратпаққа, жауапты жұмыстардағы басшылық қабілетін одан әрі шыңдай түскен Ә.Әбжаппаров 2001-2005 жылдар аралығында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарды. Ол кездегі игі бастамаларын сол жақтағы әріптестерінің өзі әлі де ризашылықпен айтып жүр.
Көп ішінде жұмыс істеу кез келгеннің қолынан келер іс болса да, көппен бірге, көпшілік көңілінен шығатындай, пікірің мен бағытыңның дұрыстығына көзі жетерліктей қылып, әрбір бастамаң көпшіліктің игілігіне айналса көздеген мақсатыңның толыққанды орындалғаны. Көптеген келелі мәселелердің оң шешімін таба білген талантты басшы Ә.Әбжаппаров әулиелі Маңғыстау топырағына табан тіреп, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры боп атқарған барлық жұмыстары күллі елдің көз алдында. Ректорлық қызметін абыройлы атқарып келеді.
Ұлт келешегі үшін, баянды болашақ үшін, көш бастаған көсемдеріміз бен жер дауынан бастап, жесір дауына дейін қара қылды қақ жарып шешкен шешендеріміздің, халық үшін “басына күн туса, етігімен су кешкен” ерлеріміздің елге еткен, жерге жұмсаған ақыл-ойлы өнеге сөздері мен іс-қимылдары – бүгінгі бейбіт күнге жеткізген алтын көпір. Қазақтың жазира даласының тау-тасына ойып салынған ру-тайпаларының белгілері – қазақ халқының кешегі күнін растайтын қолтаңбасы. Сарыарқа төсінде аздаған уақыт ішінде бой көтерген Қазақстанның Астанасы – елдігіміздің белгісі. Алып “Бәйтерегіміздегі” Елбасы алақанының бейнеленуінің өзі үлкен маңызға ие. Демек, Астана – тәуелсіз Қазақ елінің тұңғыш Елбасы Н.Назарбаевтың қолтаңбасы. Сондай-ақ үш жүз алпыс екі әулиелі киелі мекен Маңғыстауда ұлт болашағы үшін бой көтерген бұл жаңа университет қалашығы Елбасымыздың аманатын абыроймен орындаушы облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен қалдырған университет ректоры Ә.Әбжаппаровтың қолтаңбасы, Маңғыстау елінің мақтанышы.
Қолтаңба – адамзат баласының еңбекке жарамды алақаны мен бес саусағы. Сондықтан, әркім өз білгенін істеп, жан-жаққа тартпай, бес саусақтай бірігіп, жұдырықтай жұмыла білсе тәуелсіз Қазақстанның әлі талай асқарларды бағындырары сөзсіз. Көш бастаған көсеміміз бен көшке ерген елімізді болашақ деп аталатын бағытымыздан жаңылдырмағай тәңірім! Ылайым, солай болғай!
Паң даланы асқақ жыр-әндерімен тебіренткен, кейде күмбірлеп, кейде от-жалын шашып дүбірлеп, буырқана толқыған әлемге әйгілі күйлерімен, тарихтан таныс батырлығымен аты шыққан Маңғыстау жаңа ғасырда ғылым-біліммен де белгілі болса екен деймін!
Құрметті Әбеке! 60 жас мерейтойыңыз құтты болсын! Елге еткен қызметіңіз бен ұрпаққа үлгі ұстаздығыңыз, ғылымға деген адалдығыңыз бен ұжымға парасатты басшылығыңыз, бір адамның басынан көп табыла бермейтін ерекше жақсы қасиеттеріңіздің өзі –сізге тәңірдің берген үлкен сыйы, ұрпақ үшін үлгі-өнеге, тәлімі мол мектеп! Сізге алдағы уақытта да бар ісіңізге табыс, отбасыңызға амандық тілеймін!
Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик.