Газет беттерін парақтайтын оқырмандарға фототілші Серік Майемеровтің есімі жақсы таныс. Журналистика саласындағы жұмысты 2000 жылы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында оператор болып бастаған Серік 2006 жылдан бері облыстық «Маңғыстау» газетінде фототілші қызметін атқарып келеді.
Өңірде өткен ірілі-ұсақты шаралардан бастап, маңызды басқосу, жиындардың басы-қасынан табылатын Серік – өз ісінің үздігі, қас-қағым сәтті қалт жібермейтін қырағы фотограф. Оның жеке мұрағатынан дала мен қала, кәрі мен жас, өмірдің кез келген көріністері, табиғат тамашалары, тіршілік түйткілдері, барлық сала тынысы, еңбек ұжымдарының қалыптасу кезеңдері, жекелеген адамдардың суреттері мен белгілі тұлғалардың өңірге сапарына қатысты сан түрлі суреттерді таба аласыз. Әр сурет тұнып тұрған сыр десек, суреттер тұтаса келе өткен шақтың тарихын толғай жөнелетіндей.
Серік «сурет көрмесін өткізсем» деген көптен бергі арманын биыл Тұңғыш Президент күні және еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жүзеге асырды. «Елбасы және рухы жаңғырған Маңғыстау» тақырыбындағы көрмеге автордың 90-жылдардағы тырнақалды туындыларынан бастап, күні бүгінге дейінгі іріктелген 100-ден астам шығармалары қойылды және суреттердің барлығы Елбасының Маңғыстау өңіріне әр жылдары жасаған сапарларынан сыр шертеді.
–Маған Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстауға келген әр сапарында суретке түсіру мүмкіндігі бұйырды. Сонымен қатар тек Маңғыстауда емес, 2015 жылғы Астанадағы инаугурация сәтін және әскери нысандарға барған сәттерін де түсірген едім, осы әдемі көріністерді мереке қарсаңында халықпен бөлісуді жөн санадым, – дейді Серік Майемеров.
2007 жылы өткен «Каспий – достық теңізі» халықаралық фестивалінің және 2013 жылы Ақтау қаласының 50 жылдығына орай өткізілген фотокөрменің бас жүлдегері, 2014 жылы Астана қаласында республикалық деңгейде ұйымдастырылған «Табиғат – тал бесік» фотобайқауының жеңімпазы, Маңғыстау облысы әкімінің «Құрмет грамотасына», бірнеше салалық басқармалардың марапаттарына ие Серік – Журналистер одағының мүшесі, республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша төрағасы.
Бала кезінде ертерек өмірден өткен ағасы Оспанның қасынан бір елі қалмай, ауылдық жерде қараңғы бөлмеде сурет шығарумен өз қабілетін ұштаған Серік өнерде өзіне ақыл-кеңес беріп, суретке түсіру әлемінің қыр-сырын үйреткен Айсағали Қыдыр, Бейбіт Нұрсейіт сынды ағаларының есімдерін құрметпен атайды.
С.Майемеровтің сурет көрмесіне Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов бастаған әкімдік қызметкерлері, басқармалар басшылары, сондай-ақ өнер адамдары мен әріптестері, жастар жиналды. Олар сапасы мен мазмұны бірін-бірі толықтырған бай сурет көрмесіне ризашылықтарын білдіріп, автор жұмысына сәттілік тіледі.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы