• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Театр 22 Желтоқсан, 2017

Науқан мен талғам

744 рет
көрсетілді

Драматургия десек, ойға ең әуелі қайшылық анықтауышы оралады. Яғни, драматургия – конфликт. Тіпті ұлы Шек­спирдің өзі әдебиет жанрларының ішіндегі ең күрделісі саналатын бұл шы­ғар­машылық түрін «қым-қиғаш интрига» деп анықтағанын ескерсек, драматур­г­тер­ге аз жауапкершілік жүктелмейді. 

Сон­дықтан болса керек, бүгінде театр жайы әңгіме етілер қай жиынға бас сұға қалсаңыз да: «жақсы пьеса жоқ», «дра­матургтер жазбайды» деген жат­тан­­ды байбаламға жиі бетпе-бет ке­ліп жа­татынымыз. Астана қаласы Жас­тар театрының әдебиет бөліміне келіп тү­сетін пьесалардың барлығының дерлік (көр­кемдік жетекші мен режиссерлердің қо­лына тигенге дейінгі) алғашқы оқыр­ма­ны болу жауапкершілігі мойнымда болғаннан кейін де бұл пікірлерге жеке басым келісе бермеймін. Драматургтер бар және пьесалар да жазылып жатыр. Егер жазылмаса, театрға келіп түсетін сандаған туынды қайдан шықты? Болмаса жыл сайын өткізілетін түрлі әдеби байқауларда «Драматургия» аталымы бойынша жүлде алып жатқан шығармалар қалай туды?..

Драматургтердің жазуға ынтасы мен таңдаудың молдығы, әлбетте қуантады. Әйтсе де, «санға сапа сай ма?» деген сауалда кібіртіктейтініміз – бұл басқа мәселе. 

Пьесалардың көпшілігіне тән ортақ кемшілік ол – көпсөзділік. Драматургтердің әрекет пен сахналық қайшылықтан гөрі ұзын-сонар суреттеуге, әсіреқызыл сөз бен сахнадан ақыл айтуға аса әуестігі. Шығарма өн бойындағы бейнелеу емес, баяндаудың басымдығы. Яғни пьесадағы драма заңдылықтарының (ой мен әрекет, қайшылық пен көркемдік жүйе) сақталмауы сахналық туындылардың көпшілігін не драма емес, не әдеби шығарма емес, екеуінің ортасындағы қойыртпақ дүниеге айналдырады. Ал конфликтіге, әрекетке кедей шығарма драматургиялық динамикасын жоғалтып, сахналық біртұтастығын жояды. Мәселен, сөзіміз дәйекті болуы үшін жақында ғана Астана театрларында тұсауы кесілген Жұманазар Сомжүректің «Тілеп-Сарықыз» трагедиясы (Жастар теа­тры) мен Ұлықбек Есдәулеттің «Зере» драмасын (Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма теат­ры) талдап көрсек. Қос шығарманың да ақынның қолынан шыққанын жазбай танисыз. Пьесада поэтикалық бояу басым, көркемдеу мен мақал-мәтел, қанатты сөз бен ұйқасқа мән берушілік бірден байқалады. Сюжеттің біртұтастығы мен драмалық қайшылығынан, көркемдігінен гөрі, оқиғаны қуу, деректі молырақ жеткізуге, тарихи фактілерді барынша толықтай қамтуды көздеген мақсатты түрдегі драма түзу талпынысы сезіледі қос автордың шығармасынан. Сондықтан да екі пьесаның екеуінде де бірсыдырғылық, оқиға ойнақылығынан гөрі кейіпкерлерінің ағартушылық, ақыл айтушылық функция­сы басым. Салдарынан – шығарманың түзілуіне түрткі болған ортақ кейіпкерлер Зеренің де, Тілептің де бейнесі екінші планға ысырылып, пьесаның атауына сай түзілуі қажет мінез бояуы солғындыққа ұрынған. Кейіпкер мінезін мүсіндеудегі осы сарындас олқылықты М.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында қойылған Мәдина Омардың «Ақтастағы Ахико» драмасының да өн бойынан жолықтыруға болады. Айтар ақылы, жеткізер тәлімі мол болғанымен, кейде бейнелер линиясындағы осындай бірбояулылық пен шашыраңқылық, драматургиялық мақсаттың толыққанды анықталмауы шығармалардың көркемдік сапасына айтарлықтай залалын тигізіп жататыны белгілі. Аталған пьесалардың қай-қайсысының да сахналық бағы – Нұрқанат Жақыпбай, Асхат Маемиров секілді суреткерлік талғамы жоғары режиссерлердің қолына түскені.  Бүгінгі драматургиядағы келесі түйт­кіл – науқаншылдық мәселесі. Яғни бел­гілі бір атаулы оқиға қарсаңында дра­ма­тургтердің (арасында жазушысы бар, ақы­ны бар, шенеунігі бар) жаппай сол тақы­рып­ты игеруге деген талпыныс. Әрине  науқаншылдық қай заманда да болған. Әйтсе де, бүгінгі шығармашылықтағы бұл үрдістің қарқыны да, беталысы да басқа. Театрлар да драматургтерді соған әбден үйретіп алған. Ал басқалай жағ­дай­да шығармасының тартпада шаң ба­сып ұзағырақ жатып қалатындығын немесе театрдың көркемдік талқылауында оған кезек кешігіңкіреп жететіндігін (немесе мүлдем жетпейтіндігін) біліп ал­ған қаламгерлер де атаулы оқиғаға қарай әрекет етуге көшкен. Мәселен, Қазақ хандығының 550 жылдығы дедік, жап­пай қазақ хандығы жайында пьесалар жазылып, инкубатордан шыққандай бір­дей спектакльдер қазақ театрларының бар­лығында дерлік сахналанды. Сол се­кілді Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, «Алаш қозғалысына 100 жыл», «ЭКСПО-2017» көр­месі дедік те, бірыңғай осы тақы­рып­тар­ды игеруге көштік. Әрине жаппай талпыныс болған жерде, міндетті түрде сапалы нәтиже де болады. Мәселен, Думан Рамазанның «Кенесары – Күнімжан», «Абылай ханның арманы», Рахымжан Отарбаевтың «Әміре», Сая Қасымбектің «Алжир», Қанат Жүнісовтің «Сәкен – сұңқар», Нартай Сауданбекұлының «Әлихан» сынды шығармаларымен сол атаулы мейрамдардың қарсаңында қауыштық. Ерсайын Төлеубай секілді режиссерлердің де «драматургтік» қыры осы уақытта ашылды. 

Демек, бұл жағдай, яғни театрлардың бүгінгі репертуарлық саясатының драматург­тер шығармашылығына да айтарлықтай әсер ететіндігін аңғартса керек. Соның нәтижесінде қазақ театрларының көпшілігі жекелей тұлғаларға арналған спектакльдерді шиыршықтаумен шекте­ліп қалды. Қарапайым ғана газеттік (пуб­лицистикалық) мәселелерді немесе нау­қандық мерейтойларды драматурги­я­сына арқау еткен Жабал Ерғалиев («Же­тім тағдыр», «Жан шырылы» және т.б) , Ерсайын Төлеубай («Әлихан», «Сер­гей Есенин» және т.б) сынды әуесқой ав­торлардың шығармаларын Әкім Тарази, Төлен Әбдіков, Роза Мұқанова секілді кәсіби драматургиямен айналысып жүрген авторлардың пьесаларына қарағанда жиі тамашалайтын болып жүрміз. 

Соңғы 5 жылдың өзінде әртүрлі бай­қауларда топ жарып, драматургия жанрында сәтті қалам тербеп жүрген Әннас Бағдат, Әлібек Байбол сынды драматургтердің жүлде алған туындылары сахна көріп жатса, қанеки. Бәлкім, сонда ғана классикалық аударма шығармаларға, Антика дәуірі туындылары мен Шекспирді тым-тым жиі шиырлай беруіміздің қажеттілігі азаяр. 

Аударма шығармаларға тәуелділік, әсіресе, балалар драматургиясында анық се­зіледі. Кез келген театрдың бала­лар­ға арналған қойылымдарының немесе қуыршақ театрларының репертуарына көз жүгіртіп көріңізші. Дж.Родари, Х.Андерсен, С.Маршак, А.Толстой, Ю.Алесин, В.Орлов сынды шетел­дік ав­тор­лардың шығармаларынан көз ашпай­сыз. Бұл – бүгінгі балалар драма­тур­гиясының жағдайынан хабардар етеді. Балалар танымына әсер ететін ізденістің кез келгені үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені сәби танымы – қылау түспеген аппақ қар секілді. Үлбіреп тұр. Шалыс бассаң, мөлдір жанын кірлетіп алуың мүмкін. Және балалар үлкендер секілді емес, ондай қателікті кешірмейді. Өнерде (әдебиетте, сахнада) жасаған кез келген олқылық кірпияз сәби танымды бір-ақ сәтте өзге арнаға бұрып жіберуі ықтимал. Немесе, керісінше, қиялына қанат бітіріп, болашақтағы бағдарын айқындап, арманын ақиқатқа айналдыратындай сиқырға да ие. Осы себептен де болса керек, балалар тақырыбына қалам тербейтін драматургтер саусақпен санарлық. Ал бала тәрбиесі – кезек күттірмейтін мәселе. Әрине, бүгінде С.Қасымбек («Наурыз ару», «Батыл көжектер», А.Әуезханұлы («Ақыл патшалығы», «Қой мен қасқыр») секілді бүлдіршілдерге арналған шығармалары сәтті сахналанып жүрген қадау-қадау авторлар бар. Әйтсе де, бұл – балалар драматургиясындағы шығармашылық түйткілдің түйінін шешуге толықтай жауап бере алмайды, өкінішке қарай.

Назерке ЖҰМАБАЙ, өнертану ғылымдарының магистрі