• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Желтоқсан, 2017

Қостанайда облыс әкімінің кубогы үшін жайдарманшылар ойыны өтті

494 рет
көрсетілді

Қостанайда облыстық Жастар ресурсы орталығы мен облыстық Жастар саясаты жөніндегі бас­қар­маның ұйымдастыруымен облыс әкімінің кубогы үшін жайдарманшылар ойыны болып өтті. 

Жайдарман көңілді тапқырлар командасының Қостанай облысына «жақындығы» бар. Қалай дерсіз? 2010 жылдан облыс­та Жай­дарман КТК-нің ресми ашық ли­гасы ырғақты өткізіліп, ол рес­публикалық телелигасының соңғы сатысына дейін жетіп, оны кө­рермендер Qazaqstan телеарнасынан жақсы білетін. Көптеген командалардағы әзілкештер Қос­танай әзіл мектебінің түлектері десе болады. Жайдарман лигасы құ­рылғалы жеті жылда оған 100 команда қатысып, олардың арасынан 15 команданың асығы алшысынан тұрып, телевизиялық ойынға шақырылды. Солардың көпшілігі, мысалы, Арқалық қаласынан «Ару KZ», Қостанай инженерлік-эко­номикалық университетінің «Жаңа ғасыр», Ы.Алтынсарин мек­­тебінен «Дарын құрамасы», ІІМ Қостанай академиясынан «Іш­кі істер құрамасы» бүгінге дейін рес­­публикалық КТК сахнасында облыс абыройын асырып жүр.  Қостанай облысы әкімінің кубогы үшін өткен ойынға осы атал­ған командалармен қатар Ақ­тө­беден «Фемида», Астанадан «Тұран» және Петропавлдан «Бес жаңа­лық» қатысты. Оны Қазақ­стандағы Көңілді тапқырлар командалары одағының президенті Есен Елеукен жүргізді. Сахна­дағы командалардың бәрі де ұтым­ды әзілімен қостанайлық көрер­мендерді риза етті, олар беделді қазылар алқасы мен көрерменге ұнау үшін барын салды деуге болады. Дегенмен, жарыстың аты – жарыс. Жеңіс ақтөбелік «Фе­миданың» қанжығасында кетті. Оларға облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев 300 000 теңгенің сер­тифи­каты мен Қостанай облысы әкімінің кубогын тапсырды. «Да­рын құрамасы» командасының мүшесі Таңшолпан Темірлан ең үздік актриса деп танылды. Ол 50 000 теңгенің сертификатын алды. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ