Бізде Құдайға шүкір, бәрі бар, бұрынғылар айтпақшы, «құстың сүтінен басқаның бәрі». Дарқан даланың асты-үсті толған қазына. Жайлау малға толып, халықтың саны да біртіндеп өсіп келеді. Материалдық, демографиялық тұрғыдан алғанда ғой, бұл. Алайда, сол мол байлықты қалың халықтың қажетіне жарататындай, ұлт мүддесіне сол барды ұқсатып бағатындай мінез жағы кемшін соғып жатыр қазіргі алаштың ерлерінде.
Мінезділердің өзі мінезсіздердің көптігінен, табансыздықтың кесірінен көбірек зардап шегетіндей ме қалай? Мінезсіздіктен сорлап жүрміз деп айтатынымыз да сол. Ел тәуелсіздікке ие болғанымен, ерлер жағы басыбайлылық қамытынан, басқалай айтқанда құлдық психологиядан әлі арыла алмай келеді. Басыбайлы мінезі тұрғысынан. Әлихан Бөкейхан айтқандай: «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден». Ресей, АҚШ, Ұлыбритания оқу орындарын бітіргендер кәсіби білімі жағынан емес, халықтың жай-жағдайын, ұлттың мұң-мұқтажын ойлау тұрғысынан олқы соғып жүр. Алған білім халықтың кәдесіне жарамаса, онда не қайыр?!
«Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде о-сын-шама жетістіктерге қол жеткіздік!» деп қуаныштан қазақы бөрікті аспанға атып, әйтпесе, «ҚазСАТ» арқылы ғарышқа жолдауға да болар еді. Бірақ, елдің экономикалық әлеуеті мен халықтың әлеуметтік деңгейін, байлардың қазынасы мен қарапайым қазақстандықтардың өмір сүру жағдайын салыстырып көретін болсақ, бәрі де тайға таңба басқандай көрінеді емес пе. Қазақ жерінің бар байлығы, оның түгелдей он сегіз миллион жұртының үлесін түгендеп, дәулетін асыруға қызмет етіп жатыр ма, әлде...
Айтпақшы, сыбайлас жемқорлық дегеніңіз керенау кеңселерді түгелдей жайлап алғандай көрінеді. Жемқорларды құрықтап-ақ жатқан тәрізді. Әйтсе де азаяр емес. Жемқорлар байлығын жер түбіне асырып қана қоймай, тұтастай а-н-ау жаққа өздерімен бірге ала кететіндей жанталаса тірлік кешетінін қайтерсіз. Көзі тірісінде өзіне алтыннан ескерткіш тұрғызған Сапармұрат Ниязов та дүниеден өтті емес ме. Байлықтың құлына айналғандар жиған-тергенінің барлығы, басқа емес өз ұрпақтары арасында күні ертең-ақ алауыздық тудыратынын шынымен түсінбей ме екен?
Байлыққа құныққандардың көбі ұлы Абайды да оқымайды ғой. Оқыса, соншалықты далбасалап, ел-жұрттың наласына қалып, заңды белден басып, байлық жинауға жанталаспас еді-ау. Ақын «Ескендір» поэмасында жаһанды билеген Александр Македонскийдің өзін де «тәубасына» түсіріп, адамның көзі бір уыс топыраққа ғана тоятынын данышпан Аристотельдің дуалы ауызы арқылы ұғындырған жоқ па! Абай шығармасын оқымағандардың адамдық, адалдық, әділеттілік әліппесінен бейхабар болуы да бір жағынан заңды тәрізді...
Әсілі, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін көтеретін оқу орындарында, ең бастысы, Мемлекеттік қызмет академиясында әл-Фарабидің «Қайырымды қаланың басшысы қандай болуы керек?», деген сұраққа жан-жақты жауап беретін трактатынан бастап, жоғарыда біз айтқан Абайдың «Ескендір» поэмасы бар, жалпы ел басқаруға қатысты пәлсафалық трактаттарды, қазақ билерінің кесімді де тұжырымды ойларын оқытуға басымдық берсе ғой. Құжынаған көк қағаздың бергі дүниенің «шлагбаумынан» әрі қарай өте алмасын түсінгендер осыдан кейін оған аса құнықпас па еді, кім білсін?! Билікке құмарлық, байлыққа деген ашкөздіктің ақыры ынсапсыздыққа бастау болып тұр. Ал оның ақыры қарақан басы үшін кез келген дүниені құрбандыққа шалуға, яғни мінезсіздікке ұласып жататыны тағы бар...
Айтар ойымыздан сәл қиыстау кеттік білем, енді соған қайта оралсақ. Шынында да, қазіргі қазақ қоғамы мінезді жандарға зәрулік танытуда. Осындайда бұрынғы аға ұрпақ өкілдері еске түседі, «солар болғанда жағдай қалай болар еді», деп түйесің іштей.
Қысқасы, қазір қазақ оқығандарында Жұмабек Тәшеновтің табандылығы жоқ, Жұбанның жүрекжұтқандығы тапшы болумен қатар, Асқар Тоқпановтың айбаты жетіспей жүр, сондай-ақ Баукеңнің батылдығы да керек болып тұр. Тоқетері, Кенесарыша қайырғанда, «Кезенген жаумен кескілесіп тұрып өлісуге шыдайтын ұл болмаса, сондай ұлды туғызып тұрған ел болмаса, қазақтың қай ісі өрге басар дейсің?!».
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»