Жуырда Қарағандыдағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Қазақстан корейлері» атты фотокөрме ашылды. Ол корейліктердің Қазақстанда тұрып жатқандарына 80 жыл толуына, сондай-ақ Корея мен Қазақстанның арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғанына 25 жыл толуына орайластырылыпты. Фотокөрмеде корейлік фотограф Ким Джин Соктың туындылары келтірілген.
– Ол Қазақстанға келгенде, біздің республикаға және мұнда тұрып жатқан адамдарға таңғалған. Сондықтан ол фотолар сериясын жасауды ұйғарған, – дейді Қарағанды облысындағы корейлер этномәдени бірлестігінің төрайымы Лилия Ким.
Суреттерде автор 1937 жылы кеңес саясатының мәжбүрлеп қоныс аударылуының нәтижесінде Қазақстанға жер аударылған корей ұлтының ұрпақтарының қазіргі күнделікті өмірін көрсеткен. Ким Джин Сок Үштөбе, Қызылорда, Алматы және Астана тұрғындарын суретке түсірген.
Ким Джин Сок – фотожурналист, саяхатшы. Ол көптеген елдерде болған, оның ішінде Испания, Франция, Жапония, Африка, Гималай және басқа ел- дерде біршама саяхаттаған. Он жылдан астам уақыт бойы фототілші болып жұмыс істеген, сонымен қатар корей университеттерінде фотография өнері бойынша дәріс берген. Өзінің саяхаттары барысында ол «адамдардың өміріндегі ең әдемі сәттерді» суретке түсіріп алуға тырысқан. Қазіргі таңда Ким Джин Сок Корей Республикасы Президентінің әкімшілігінде фотограф болып қызмет етеді.
Көрмені Қазақстан корейлер қауымдастығы Қарағанды филиалының қолдауымен Корей Республикасы Елшілігінің мәдениет орталығы ұйымдастырған. Келесі жылдың 17 қаңтарына дейін жұмыс істейтін көрмені көпшілік жылы қабылдап жатыр.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы