2018 жылы ақын, аудармашы, сазгер, тарихшы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толады. Шәкәрім Құдайбердіұлы - Абайдай ұлы ұстазынан тәлім-тәрбие алып, аманат-өсиетін екі етпей, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан ақын.
-Адамдық борыш ар үшін,
Барша адамзат қамы үшін.
Серт бергем еңбек етем деп,
Алдағы атар таң үшін, - дей келе «ар» ілімін өмірінің мақсаты деп танып, елінің қамы үшін ерінбей еңбектеніп, келешек ұрпағына өшпестей мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердіұлының осынау 160 жылдық мерейтойы қарасаңында Семейдегі Абайдың мемлекеттік қорық музейі «Shakarim.kz» сайтын ашып отыр.
-Өзіне «Мұтылған» деп ат қойған ақын есімі ұзақ жылдар бойы, яғни ақталғанға дейінгі уақыттарда тар құрсауда қалып қойды,-дейді Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбекова,- 1958-1984 жылдар аралығында Шәкәрім шығармашылығы толық ақталмаса да, ұлы Ахат Шәкәрімұлы әкесінің еңбектерін көптеген ғылыми-зерттеу орталықтарына, атап айтқанда Алматыдағы Ұлттық кітапхана, Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты және Семейдегі Абайдың қорық-музейінің қорына өткізді. Бұл Шәкәрімді тануға зор мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда музей қорында жинақталған Шәкәрім мұрасы, өмірбаяны оның шығармашылығын кеңінен зерттеуге жол ашып отыр. Заман талабына сай жаңа технологиялар қарқынды дамып келе жатыр. Сондықтан музей саласы да заман көшіне ілесіп, алға жылжуы шарт. Музейге адамдардың жиі келуге мүмкіндігі бола бермейді. Музей қорындағы ақын мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында ұсынылып отыр.
Сол бір заманда «Бостандық таңы атты» деп баршаға қуана жар салған Шәкәрімнің арманы бүгінде орныдалғандай. Бұл тек Шәкәрімнің ғана емес барша алаш жұршылығының арманы еді. Сондықтан сайттың бас беті Шәкәрімнің осы «Бостандық таңы атты» өлеңімен ашылады екен. Бұл сайтты жасау барысында көптеген материалдар, құжаттар, архив деректері молынан жиналыпты. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің қорында жылдар бойы мұрағаттар мен ғылыми зерттеулер барысында жинақталып келген қор материалдары, музей кітапханасына келіп түскен кітаптар мен мерзімді баспасөз басылымдары да басшылыққа алынды. Сондай-ақ, музей қорындағы ақын тұлғасы, оның өмірі мен шығармалары негізіндегі бейнелеу өнер туындыларын және хаылққа кеңінен танымал болған Шәкәрім әндерін де осы сайттан табуға болады.
Раушан Нұғманбекова
суретті түсірген автор
Семей