• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Желтоқсан, 2017

Такир Балықбаев: "Тәуелсіздік дәуірі" - замана шындығы

642 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік – ол ұлттық мемлекеттілік, оның тамыры – жасампаздық рух, ұраны – ел мен халық. Олай болса, өміршеңдік пен кемелділік аясында өмір сүріп, бейбітшілік, татулық туын биікке көтерген Қазақстан халқы қашанда өз тәуелсіздігін бойтұмардай сақтап, еркіндік жолында биіктен биікке ұмтыла бермек.

Бізді бұл күнге жеткізген ұмы­тыл­мас оқиғалар – ел қорғау соғыстары, ұлт-азаттық көтеріліс­тері, халқымыздың қандай ауырт­палықты да көтере білген, жасымайтын асқақ рухы, қайтпайтын табан­дылығы өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде жадымызда сақта­луға тиіс. Бұл еркіндік сүйгіш, пат­риоттық дәстүрді, өткен дәуір­дегі қаһармандық оқиғаларды Ел­басымыз кезінде: «Ұлы Далада бірінен соң бірі толас таппай жүріп жатқан 200-ге тарта көтері­лістер эстафетасы, біздің бүгінгі тәуелсіздігіміздің бастау көздері», деп бағалаған болатын. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға бар өмірін сарп еткен хан-сұлтандары мен батырларын қазақ халқы тарихқа өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалар ретінде ардақтап, олардың өлмес рухын ұлт мақтанышы ретінде күні бүгінге дейін жеткізді. Бұл қасиетті шежіре – бүгінгі буын арқылы келер ұрпақтың бойына жастайы­нан сіңірілетін баға жетпес игілік. Осы өнегені, елжандылық, отансүйгіштік дәстүрді жастардың бойына дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу – бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы болып табылады.

26 жылдық тарихымыздағы ең басты табысымыз – біз әлем картасында болмаған мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрдық. Мемлекеттік шекарамыз халықаралық деңгейде бекітілді. Мемлекеттік басқарудың Консти­туция негізінде жұмыс істеп тұрған тиімді жүйесі құрылды. Бүгінде біз заманауи Қарулы Күштер мен құқық қорғау жүйесін иеленіп отырмыз. Жетекші халықаралық сарапшылардың пікірі бойынша, еліміз әлемге Қазақстанның «экономикалық ғажайып» үлгісін көр­сетті. 2012 жылы біз әлемнің бәсе­кеге қабілетті ең жоғары дамы­ған 50 елінің қатарына кірдік. Тәуелсіздік жылдарында эконо­микамыз 20 есеге өсті. Кәсіпкер­лік жыл сайын дамып келеді. Қазір елімізде 1 млн 241 мың кәсіп­керлік құрылым бар. Олар ұлт­тық байлықтың 4,1-ін өндіреді. Бізде коммуникацияның, өндіріс­тің бірыңғай жүйесі қалып­тасты. Бүгінде «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасын жүзеге асыру арқылы біз бірыңғай көлік жүйесін құруды аяқтап келеміз. Бүгінде 2500-ден астам өнім түрі 119 елге экспортталады. Тәуелсіздік жылдары индустриялық-инновациялық жоба бойынша мыңнан аса жаңа өндіріс орындары ашылды. Бұрын ешқашан біздің жерімізде автомобиль, локомотив, вагон, тікұшақ өндірісі және басқа да көптеген өндіріс болған емес. Бүгінде елімізде бұрын шығарылмаған 500 жаңа өнім түрі өндірілуде. 

Тәуелсіздік жылдарының ең басты табысы жаңа елор­дамыз – Астананы салуымыз болды. Экономикалық ғажайып­тардың арқасында халқымыз­дың әл-ауқаты артып келеді. Жұмыс­сыздық 2,6 есеге қысқарды. Соңғы 5-6 жыл көлемінде ғана 270 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Кейінгі оншақты жылда адамдарымыздың еңбекақысы мен зейнетақысы он еседен астам ұлғайды. Осы жылдарда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі Елбасының сарабдал саясатының арқасында 1 млн-нан астам отбасының баспаналық жағдайы жақсартылды. Еліміз бо­йынша 2700-ден астам балабақша және жекеменшік шағын балалар орталықтары ашылды. Еліміздің түкпір-түкпірінде 1400-ге жуық жаңа мектеп салынды. Әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университеті өмірге келді. Барлық өңірлерде 20 зияткерлік мектеп ашылды. Сондай-ақ осы уақытта 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып, олар ең заманауи құралдармен жабдықталды. Білім беру және денсаулық сақ­тау салаларында ондаған инно­вациялық табыстарға қол жетті. Биыл Астанада ЭКСПО-2017 ха­лықаралық көрмесінің өтуі де Қазақстанның әлемдегі абырой-беделінің арқасы...

Бірақ мұның бәрі жалпылама шолу, ел білетін деректер ғана. Ал тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық даңқты жолында біз біле бермейтін қаншама қатпар-қатпар тарих жатқанын Мемлекет басшысы – Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың жуырда ғана жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын оқығанда анық байқадық. «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екін­ші жаңғыруының басталуы», «Қияға құлаш сермеу. Қазақ­станның екінші жаңғыруы» және «Қалыптасқан мемлекет. Қазақ­станның үшінші жаңғыруы» деген тарауларға бөлінген бұл кітаптың бүкіл идеясын осы тақырыптардан айқын аңғаруға болады. Бұл тарау­лар Қазақстан дамуының нақты кезеңдерін қамти отырып, тәуелсіз еліміздің басынан өткерген қадау-қадау оқиғалар мен тарихи деректерді алға тартады. Әрине біз бүгінгі деңгейге оңайшылықпен жетпегеніміз белгілі. Қаншама реформалар, жаңғырулар, жаңа бас­тамалар, көз көрсе де көңіл сен­бей­тін шырғалаң кезеңдер арқы­лы еліміз бүгінгі Үшінші жаңғы­ру дәуі­ріне жеткенін Елбасы жазба­лары арқылы тереңдеп түсіне аламыз.

Уақыт өтер, заман жаңарар. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегендей ұрпақтардың әлденеше буыны ауысар. Сол кезде олар ел тәуелсіздігінің алғашқы ширек ғасыры қандай шырғалаң жолдардан өткенін осы еңбек арқылы түйсінер деп ойлаймын. Бұл кітап нағыз замана шындығы, тарихтың тағылымды беттері болды деп сеніммен айта аламын. 

Такир БАЛЫҚБАЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор

АЛМАТЫ