• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Желтоқсан, 2017

Мемлекеттің саясатын оның географиясы айқындайды

2123 рет
көрсетілді

Еліміз егемендіктің бастапқы кезінен-ақ жүргізген көп векторлы сыртқы саясатының нәтижесінде алыс-жақын шет мемлекеттермен орнықты қарым-қатынас қалыптастыра білді. 

Оның ішінде ежелден шекаралас жатқан елдермен мемлекеттік шекараларымызды заңды түрде және халықаралық құжаттар негізінде бекітіп алғанымыз – ерекше жетістік. Осы жақында ғана Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттік шекараны белгілеу туралы шартқа және мемлекеттік шекара режімі туралы келісімге қол қойды. Бұлар Қазақстан дипломатиясының аса үлкен жеңісі.

Тәуелсіз елдің ең басты­ бел­гісі – заңды түрде белгі­лен­ген өз территориясы­ның болуы. Өйткені өткен замандар­да, тіп­­ті қазіргі уақыттың өзін­де де шекаралас елдердің ара­сын­­да жер үшін қарулы қақ­тығы­стар, қанды шайқастар болғаны белгілі. Осыны әуел бастан ескерген Елбасымыз 1992 жылы Қазақстан БҰҰ-ға мүше болғаннан кейінгі Бас Ассамблеяның 47-сессиясында сөйлеген сөзінде қалыптасқан шекараларды қайта қарауға ша­қырудың зардаптары зор болуы ықтималдығын айтқан еді. «Ше­каралар жөніндегі мәселе – кез келген сәтте жарылуы мүм­кін оқ-дәрі қоймасы сияқты екенін түсіну қиын емес. Ал оның жалыны әдетте отпен ойнаушыны ғана емес, оған мүлде қатысы жоқтарды да шарпиды», деп атап өткен еді сонда Қазақстан Президенті.

Еліміз тәуелсіздігін алған­нан соң Мемлекет басшысы Қазақ­стан дипломатиялық қыз­ме­тінің алдына стратегия­лық тұрғыдан ерекше маңыз­ды міндет – шектес мем­лекет­тердің барлығымен шекара­лық шептерді анықтап, құжат­тау міндетін қойды. «Бұл жұ­мыстарды Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­­ның өзі басқарды. Әрбір деталға мән беріп, жоғары дең­гейдегі келіссөздер кезін­де та­бан­­дылық танытты, әр мәселе бойынша біздің шекарамызды сенімді түрде негіздеп отырды», – деп жазады Парламент Се­­на­­тының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Дәуір тудырған Елба­сы» деген мақаласында. Осы­лайша Қазақстан ең алдымен Қытаймен, содан кейін көршілес мемлекеттер – Қырғыз­стан, Түрікменстан, Өзбек­стан және Ресеймен мем­лекеттік шекара мә­селесін рет­теуді қолға алды.

Қазақстан Республикасы өз егемендігін жариялағанға дейін Қытаймен келіссөздерді КСРО-ның ҚХР-мен шекаралас одақтас республикалары өкілдерінің қатысуымен құрылған кеңестік үкіметтік делегация жүргізіп келген еді. Ал 1992 жылы КСРО үкіметтік делегациясының орнына ҚХР-мен келіссөздер жүргізу үшін Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Фе­дерациясы және Тәжікстан Республикасы үкіметтерінің бір­лескен делегациясы құрыл­ды. 

Келіссөздер процесінің не­гі­­зінде Ресей империясы мен Қы­­тай арасында ХІХ ғасырда жа­­салған сегіз шарт пен хаттамалар алынды. Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының өту сызығын және оның жергілікті жерде шекаралық белгілермен бел­гіленуін нақты анықтап әрі егжей-тегжейлі сипаттап бер­ген халықаралық шарттар жасалды. Олар – Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан мен Қытай арасындағы 1994 жылғы 26 сәуір­дегі келісім; Қазақстан мен Қытай арасындағы Қазақстан-Қы­тай мемлекеттік шекарасы туралы 1997 жылғы 24 қыр­күйектегі қосымша келісім және Қазақстан мен Қытай ара­сын­дағы Қазақстан-Қытай мем­лекеттік шекарасы туралы 1998 жыл­ғы 4 шілдедегі қосымша ке­лісім.

Жалпы, Қазақстан-Қытай ше­ка­расының айқындалу тарихы ұзақ, кемінде үш ғасырды қамтиды. Ал құжат бойынша ре­сімделе басталуының өзі­ бір жа­рым ғасырдан асыпты. Ол кезде Қазақ жері Ресей импе­риясының құрамында болғаны белгілі. Сол кезеңдерде Ресей мен Қытай арасындағы шекара заңды тұрғыдан құжатталған екен. Оның өзі Ресей мен Цин империясының Орталық Азия­дағы геосаяси мүдделеріне байланысты болса керек... Тари­хи деректерге сүйенетін болсақ, Ресей мен Қытай арасындағы аумақ­тық шекараға қатысты келіс­сөздер 1862 жылы Шәуе­шекте басталған. Оның қоры­тын­дысы туралы хаттамаға 1864 жылы қол қойылыпты. Осы құжат бойынша қазақтар аумақ­тық шектеу бекітілген кезде олардың көшіп барған жерлері қай елдің аумағында қалса, сол елдің адамдары саналатын болып белгіленген. 

Қазақстан мен Қытай ара­сын­­дағы мемлекеттік шека­ра­ның дау-дамайсыз реттелуін айт­қанда, Елбасымыз Н.Ә.Назар­баевт­ың 1993 жылдың қаза­нын­­да Қытайға алғаш рет жаса­ған ресми сапарының ерекше маңызды болғанын атап өтуі­­міз қажет. ҚХР-дың сол кез­дегі төрағасы Цзин Цзэминь Қазақ­стан Президентінің шекараны заңдық негізде қағазға түсіру жөніндегі ұсынысына бірден қолдау білдірді. Сондай-ақ ол келіссөз барысында Қытай Қазақстанға территориялық талаптар қоймайтынын, шекара мәселелерін келіссөздер жолымен, тең құқықтылық қағидаты бойынша өзара мәмілеге келу негізінде шешуге болатынын мәлім­деген еді. Қытаймен мем­лекеттік шекараны демаркация­лау процесін Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен Қытай Халық Рес­публикасының үкіметтерінен құрылған Қазақстан-Қытай бірлескен демаркациялық комиссиясы жүзеге асырды. Де­ма­­р­кациялық жұмыстар 1996 жыл­дың шілдесінен бастап 2001 жылғы желтоқсанға дейін жүр­гі­зілді. Қазақстан-Қытай мемле­кеттік шекарасының жалпы ұзындығы 1783 шақырымды құрай­ды. Шекара сызығы 688 шекаралық белгілермен белгі­лен­ген.

Көршілес мемлекеттер – Өз­бек­стан, Түрікменстан, Қыр­­­­ғыз­стан және Ресей Феде­ра­циясымен арадағы шекараны межелеуді тану қағидаттарына құқықтық құжаттар ретінде 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы декларациясы, 1992 жылғы 14 ақпандағы Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығы шең­­беріндегі ынтымақтастық қағи­­даттарын сақтау туралы дек­ла­рация, 1994 жылғы 15 сәуір­дегі Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­­­тас­­­­тығына қатысушы мем­­­­лекет­тердің егемендігін, ау­мақ­­­­­тық тұтастығын және ше­ка­­­ра­­­ларының мызғымас­ты­ғын сақтау туралы декларация, бас­қа да екіжақты құжат­тар, сондай-ақ одақтық және рес­публикалық деңгейдегі жоғар­ғы кеңестердің заң актілері алын­ды. Бұрынғы одақтас рес­пуб­ликалардың арасындағы әкімшілік шекаралардың бәрі­не ортақ мәселе, ондағы кей­бір учаскелердегі іс жүзінде орнық­қан шекара сызықтары қолда бар құқықтық актілер­дің ережелеріне сәйкес келмей­тіндігі еді. Мұндай жағдайда тараптар ұлттық және эконо­микалық мүдделерді ескере отырып, өзара тиімді шешімдер қабылдады, аумақтарды теңдей бөлісті және алмасты. 

Еліміздің Сыртқы іс­тер минис­тр­лігі үкіметтік ко­мис­­­­­сия­­­сының құрамына мүд­­­­­­делі министрліктер мен ве­домстволардың, облыстық, аудан­­дық және ауылдық әкім­діктердің өкілдерін кіргізе оты­рып, тиісті үкіметтік делега­цияларды жасақтап отырды. Сарапшы ретінде әртүрлі меке­мелердің мамандары тартылды, геодезистер, картографтар, жерге орналастырушылар мен гидрологтардан жұмыс топтары құрылды. Сон­дай-ақ Ор­талық мемлекеттік мұра­ғаттағы, министрліктер мен ведомстволардағы, арнайы ме­ке­мелердегі құқықтық база мен онда бар материалдар түп­кілікті зерттеліп, әрбір мемлекет­пен келіссөздер жүргізудің қа­ғи­даттары мен әдістемесі жасалды. Деле­гацияның мүше­лері, сонымен қатар жұмыс топта­рының өкілдері қажет кезде жер­гілікті тұрғындармен, қоғам өкіл­дерімен және басшылармен кездесіп отырды. Халыққа ақпарат беру мақсатында келіс­сөздер процесі барысында бас­па­сөз мәслихаттары ұйым­­­дас­тырылып, бұқаралық ақпа­рат құралдарына сұхбаттар бе­рілді. Қажет болған жағдайда жер­гілікті жерлерге далалық сапарлар ұйымдастырылып, шекара белдеуін әуеден және ғарыштан суретке түсірулер және басқа да іс-шаралар жүзеге асырылды. 

Таратып айтар болсақ, Қа­зақ­стан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау про­це­сі 2000-2002 жылдар ара­­лы­­ғында өтті. Анықталған күр­делі учаскелер мен тараптар­дың ұсыныстары өзара сый­лас­тық және тең құқылық қағи­дат­тарының негізінде жергі­лік­ті ха­лықтың мүдделері еске­ріле отырып шешілді. Делими­тациялау процесін екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең – шекараның бүкіл ұзындығының 96 пайызын анықтап берген, 2001 жылғы 16 қарашада Астанада Мемлекет басшылары қол қойған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбек­стан мемлекеттік шекарасы ту­ра­лы шартты дайындау. Екін­ші кезең – бірлескен шекара сызығын анықтауды толығымен аяқтаған, 2002­ жылғы 9 қыр­күйекте Аста­нада Қазақстан мен Өзбекстан президенттері қол қойған Қазақстан-Өзбекстан мемле­кеттік шекарасының же­ке­леген учаскелері туралы­ Қазақ­стан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы ара­сындағы шартты әзірлеу. Бұл шарттар 2003 жылғы 5 қыр­күйекте күшіне енді. Мем­лекеттік шекараны демаркация­лау 2003 жылы, ал далалық жұ­мыстар 2004 жылдың сәуірінде бас­талды. Тараптар шекаралық белгілерді орнату жөніндегі дала­лық дема­ркациялық жұмыс­тар­ды негізі­нен аяқтады. 

Қазақстан мен Түрікмен мем­лекеттік шекарасына келсек, 2001 жылғы 5 шілдеде Аста­на қаласында Қазақстан мен Түрік­менстанның Қа­зақ­стан-Түрік­менстан мем­лекеттік шекарасын делимитациялау және оны демаркациялау процесі туралы шартқа Мемлекет басшылары қол қойған болатын. Екі ел арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау ту­ралы келіссөздер сындарлы әрі іскерлік жағдайда өтті. Тараптар 1972 жылы Қазақ КСР-і мен Түрікмен КСР-і арасында келісілген шекара сызығын өзгерту туралы ешбір ұсыныс білдірмеді. Шекараны демаркациялауға бағытталған іс-шаралар 2003 жылы бас­талды, шекаралық белгілерді орнатуға 2005 жылы кірісті. Тараптар шекаралық белгілерді орнату жөніндегі далалық демаркациялық жұмыстарды негізінде аяқтады. Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасының жалпы шегенделген ұзындығы 468,3 шақы­рымды құрайды. 

Қазақстан Республикасы пен Ресей Федерациясының мем­лекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі келіссөздер 1999 жылдың қыркүйегінде басталды. Келіссөздердің Аста­нада, Мәскеу мен Алматыда ға­на емес, Қазақстанның ше­ка­­ра­дағы жеті облысының ор­та­лық­тарында, сондай-ақ Семей қаласында, Ресейдің шека­ралық өңірлеріндегі тоғыз қаласында, сонымен қатар Санкт-Петербургте өткізілгені мәселені сол жер­де қарастырып, саяси-экономикалық, заңдық, геогра­фиялық, тарихи-мәдени, ұлттық және басқа да қырынан нақты талдау жасауға жағдай жасады. Қазақстан-Ресей арасын­дағы мемлекеттік шекара­ны делими­тациялауға бес жа­рым жылдай уақыт кет­ті. Осы жылдарда келіс­сөз­дер­дің 50 раунды, оның ішінде делегациялардың 26 кеңейтілген отырысы, жұ­мыс топтарының 13 кездесуі өткен екен. Бұл екі мемлекеттің шекара­ларын ресімдеуде аса ауқым­ды жұмыстардың атқа­рылғанын білдіреді. Оның үстіне Қазақстан-Ресей мемле­кеттік шекарасы әлем­дегі ең ұзын құрлықтық шекара болып табылады. Оның ұзындығы – 7591 шақырым. Ал Қазақстан Республикасы мен Ресей Феде­рациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекаралары туралы шартқа Мемлекет басшылары Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Мәскеуге ресми сапары барысында, яғни 2005 жылдың 18 қаңтарында қол қойды. «Ғасыр шарты» аталған осы құжатқа қол қою­мен Қазақстан өзінің құр­лықтағы шекарасын бүкіл өн бойында құқықтық негізде ресімдеуді аяқтады. Шарт 2006 жылдың 12 қаңтарында күшіне енді. 

Қазақстанның мемлекеттік шекарасында шектес елдердің шекараларымен төрт түйісу нүк­те бар. Үшжақты формат­та қол қойылып, күшіне ен­ген келісім­дер мыналар – Қа­зақстан Республикасы, Қы­тай Халық Рес­публикасы және Ресей Феде­рациясы ара­сындағы төрт­ мемлекеттің мем­лекеттік шека­раларының түйісу нүктесін айқын­дау туралы келісім; Қазақ­стан Рес­публикасы, Қы­­тай Халық Республикасы және Қырғыз Республикасы ара­сындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісім және Қазақстан Республикасы, Қырғыз Рес­публикасы және Өзбекстан Республикасы ара­сындағы үш мемлекеттің мем­лекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісім. Қазіргі кезде Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекаралары түйісу нүктесінің ауданы туралы шартқа қол қою жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Ал Тәуелсіз Қазақ­­станның мемлекеттік шекара­сының жалпы ұзындығы 13383 шақырымға созылып жатыр.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»