Ықылымнан келе жатқан ынсап деген ұғым-түсінік бар. Біле білгенге ынсаптың мағынасы өте терең. Әрбір ізгілікті һәм иманды адамның өмірлік мұратының, адамшылық қағидасының алтын арқауы осы ынсап деп білгеніміз абзал. Ата қазақ: «Ынсапсызда ұят болмайды» деп бекер айтпаған. Хакім Абай: «Ынсап, ұят, терең ой – Ақыл, зейнет, біліп қой» деп қайырған. Олай болса, адам бойындағы ең асыл қасиеттердің қатарында да осы ынсап, ынсаптылық тұрмақ.
Демек, ынсапсыз иманнан қалас. Ынсапсыздың ындыны жаман, тойымсыз, қомағай келеді. Ынсап болмаған жерде ырыс пен береке тұрақтамайды. Ынсапсыздар байлыққа ғана емес, атақ пен даңққа, күпсінген бос мақтанға да құмар. Осындай қуыс кеуделер Абай айтатын бекер мал шашпаққа, ысырапшылыққа жол береді.
Қазіргі дәулеттілердің дені дүние-малды былайғы жұртқа мен сондаймын деп мақтанып атақ шығару үшін шашатын ғадет тапты. Сөйтіп, ынсапсыздықтан ысырапқорлықты туындатуда. «Аттыға ілесемін деп жаяудың таңы айырылыпты» дейді. Сол айтпақшы, осындай даңқойлық пен дарақылықтан шығынға батып, қарызға кіру қазіргі әлемдік қаржы қиындығының заманында «апам тойға барады, мен де барамынның» керімен дырдуға ілескен көп қазаққа оңай соғып отырмағанын да айту парыз.
Елімізде мың-миллиондаған доллар ақша нешеме түрлі салтанаттарды, ас пен тойды өткізуге суша ағып, еш мән-мағынасыз жұмсалып жатқаны аса қынжыларлық жағдай. Осы келеңсіз әлеуметтік құбылыстың ауқымы барған сайын асқынып барады. Әсіресе, шен-шекпенділер, байбатшалар, атақты адамдар аста-төк салтанатты тойлар өткізуге құмар. Олардың көздегені – даңқ, іздегені – бақталастық пен бәсеке. Сенген серкем деп жүрген бұл адамдар жалпы көпшілікке парасаттылық, мәдениеттілік пен үнемшілдік үлгісін көрсетудің орнына, керісінше, жұртты жалған намысқа, көзсіз елірмеге жетелеп, жарға жығады. Өздері той-томалақтан басқа, қымбат көліктер, шетелден жылжымайтын мүліктер, хан сарайындай ғимарат-үйлер, тағы басқа дүние-мүкәммал сатып алуға қап-қап ақша жұмсайды.
Ақшалы азаматтарымыздың басым көпшілігінің ой өресі, ақыл-парасаты бес күндік жалғанның арзанқол қызығынан, әкәку-сәкәкуден, одан қалды, тойшылдық пен тоғышарлықтан аспай жатқаны өкінішті. Олар кергіп сөйлейді, кердеңдеп жүреді, қымбат көлік мінеді, бірақ өздері ындын мен құлқынның құлына айналғанын, адами тұрғыдан азып-тозып бара жатқанын білмейді. Біздің дәулетті отандастарымыздың «қайырымдылығы» өзінше бір жосын: олар той-салтанатына, туған күндеріне әлдебір Ресей жұлдызын көл-көсір ақша төлеп алдырта салады, әйтпесе сүйікті көңілдесіне жеке үй сыйлап жіберу де түкке тұрмайды. Осындай ойсыз ысыраптың бәрі, айналып келгенде, қазақ менталитетінің түпқазық тіні саналатын ынсаптың әлгіндей ағайындарда азайғанын, иә болмаса мүлдем жоқтығын көрсетеді.
Қазақ «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп тегін айтпаған. Ашқұрсақ жүрсек те, иініміз жүдесе де тойшыл халықпыз ғой, қазақтың тойы таусылмасын деп тойшылдығымызға шаң жуытпаймыз. Иә, қазақтың тойшыл халық екені рас. Бірақ бұрынғы тойлар ойшыл тойлар болатын. Ол тойлардың сәні мен салтанаты салт-дәстүрімізбен сабақтасып, бос дабыра мен даңғазаға жол берілмейтін.
Бүгінде бізге, әсіресе, үйлену һәм мерей тойларының тағылымы мен тартымдылығы азайып бара жатқандай көрінеді. Қазақтың әдемі тойшылдығы мен әйбәт қонақжайлығы әсіре тойшылдық пен әсіре қонақжайлыққа айналып бара жатқан сыңайлы.
Бұл неден көрінеді? Шамамыз келсін-келмесін тыраштанып, тағы да жалған намысқа шауып, аста-төк той жасауға дайын тұрамыз. Көрпеге қарай көсілмей, ол үшін банктен миллиондап несие аламыз. Қара жолынан шаң бұрқыраған ауылдардың өзіне күйеу мен қалыңдықты жалға алған лимузиндатып кіргізетін болдық. Осындай рәсуалану өзін ақтаса жарапты-ау. Миллиондап алған несиенің үстеме пайызынан да құтылмай жатып әлгі ақ некенің арасына сайтан кіріп, жас жұбайлардың ажырасқанын есту қандай ауыр, неткен өкініш.
Қорлықтың көкесін неше мың долларға жалдаған, қызметін бұлдағыш әмбе бұлданғыш кішігірім «жұлдыз» асабалардан көреміз. Тойдан тойға көшкен жаттанды, жылтыр көкемылжың сөздері жалықтырып-ақ жібереді. Аузына келгенді көкиді. Ойын ойнатамыз деп, тойды көңілді қылғансып көргенсіздікке, әдепсіздікке салынады, үлкен отыр-ау, кіші отыр-ау демейді. Екі жақтың да құдалары өз тойларының шырқын өздері бұза алмай, беттерін басып, ондай әбес ерсіліктерге әрең шыдап отырарын да талай байқап жүрміз.
Дандайсытқан даңғой да дарақы ынсапсыздық не істетпейді? Ақшаны да шашады, елге күлкі де қылады. Жердегі көше қозғалысын тоқтатқан той эскорты жайына қалып, енді жас жұбайлар тікұшақпен аспан төрінде салтанатпен самғайтынды шығарыпты. Әйтеуір, түбі қайырлы болсын.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»