Керуенін тартқанда Мәңгілікке ел, Үлпілдейді үкідей таңғы үміттер. Қасиетті қазақтың байтағына Жасарып кел, Жаңа жыл, Жаңғырып кел!
Қыранымды самғатып қияныңа, Қанат байлап ұшайын қиялыма. Қазақстан! Қастерлі хас тұлпарым – Болат таға байлайын тұяғыңа. Өрден асып зуласа өмір – күлік, Алтын жалын сылайын төгілдіріп, Атырау мен Алтайдың аралығын Әппақ нұрға алайын шомылдырып.
Әлдилесе ұл-қызын дала – бесік, Құс – көңілім, дариға-ай, Қалады өсіп. Алты қанат ақ орда іргесінен Іңір туа тұрғандай самал есіп.
Бақытымның байланған бағы нұрдай, Тағдырымның таланы, тамырындай. Күндер қашып барады көз ұшында – Сайдан ұшқан Сарыарқа сағымындай. Тәуелсізбін! – тәубе – деп зерделедік, Беретіндей тұлғам бар төрге көрік. Қазақстан! Қарышта, Қиялай шап – Аламанға ат қосқан елден едік.
Көңілі күн, жұртымның жаз әлемі, Ай бетіне айшықтап жазар еді... Төріме шық, Жаңа жыл – Жаңа жырым Бақытым да, барым да ҚАЗАҚ ЕЛІ!
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
АЛМАТЫ