«Адам жанының арашашысы» деген сөз басқаны қайдам, дәл жедел жәрдем қызметіне арналып айтылғандай көрінетіні бар. Көшеден көре қалсақ, ысырылып жол беру мәдениетін де енді ғана меңгеріп келе жатқан сияқтымыз. Мұның бәрі адам шығынының азаюына, науқасқа дер кезінде көмек берілуіне септесетін жайттар. Мұндағы ең басты қажеттілік техника төңірегінде болатыны анық. Сондықтан медициналық жедел жәрдем көлігінің көптігі, әрине, жақсы. Мерекелер қарсаңында Алматы облысында медицина қызметкерлеріне заманауи жабдықтармен жасанған осындай 51 жаңа көлік табыс етілді.
Көшеде дабылдатқан «жедел жәрдем» көре қалсақ, «кімнің келіні туғалы жатыр екен?», деп жақсылыққа жорығыш қасиетіміз бар ғой. Көлік кілттерін табыстаған облыс әкімі де ақ халаттылардың алдында сөйлеген сөзін осы төңіректен бастады.
– Жыл қорытындысы облысымыз үшін табысты болып отыр. Көрсеткіштер өте жақсы. Сіздердің арқаларыңызда облысымызда демография да қарыштап дамуда. Жыл сайын 50-55 мың нәресте дүние есігін ашады. Тіпті Қаскелеңдегі ауруханада сәбилердің көптеп дүниеге келуінен дәрігерлердің жұмысы қарбалас болып тұр. Бұл үлкен қуаныш! Осыған орай келесі жылы Ұзынағаштан жаңа емхана салынады. Биыл мектеп табалдырығын 49 мыңға жуық оқушы аттаған. Осыған орай жаңа техникамен қамтамасыз етіп жатырмыз. Келесі жылдан бастап облысымызда заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған ауруханалар мен емханалар салынады. Бүгінгі күні аса күрделі операцияларды облыста өз дәрігерлеріміз жасай бастады және шетелде білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Тек соңғы 3 жылда 50-ден астам дәрігер Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Латвия, Польша, Израиль, Түркия сынды алыс шетелдерде білімін жетілдірді. Елбасының басшылығымен атқарылған осы игі шаралардың бәрі де сіздердің болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз еңбек етулеріңізге жасалған жағдай деп біліңіздер, – деді Амандық Баталов.
Соңғы жылдары емдеу мекемелеріне 218 санитарлық автокөлік кілті табысталған. Ал сол санды толықтырып отырған 51 көлікті сатып алуға облыстық бюджеттен 640 миллион теңге қаржы жұмсалған. Оның 33-і санитарлық, 18-і желілік, реанимациялық және кардио-реанимациялық бригадаға арналған көліктер. Аудандар мен қалаларға қажеттілікке сай үлестірілетін болады.
Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»
Алматы облысы