• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қаңтар, 2018

Әулиеатаның он төрт мешітінде имам жоқ

198 рет
көрсетілді

Ұлы даламызда ғасырлар бойы қалыптасқан ілім нұры, білім шуағы ислам дінімен тікелей байланысты. Ата-бабаларымыз қалт жібермей орындаған бес парыз – өмірде өнеге өрнектері арқылы өріліп, Құдіретті тануда даналық пен кемелдікке бас-

тайтын жол. Дегенмен, бүгінгі таңда ұлы діннің ұлағатын ұғынбай, жат ағымға еріп жүрген жастардың да бар екені шындық. Бұл орайда баба дінімізді насихаттауда, жастарға оң бағыт көрсетуде мешіт имамдарының алатын орыны үлкен.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан хал­қына Жолдауында діни экстремизм зард­ап­тарының алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желілерде оның жолын кесу, ра­ди­калды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке мүлде төзбеушілікті қа­лып­тас­ты­ру мәселелерін айтқан болатын. Бұл рет­те жат ағымға ерген азаматтарды тео­ло­­гиялық тұрғыдан сауаттандыру да аса ма­­ңызды. 

Еліміздің дін саласындағы мемлекеттік сая­сатының 2017-2020 жылдарға арналған тұ­жырымдамасы бекітілгені белгілі. Бұл өз кезегінде дін қызметкерлері үшін айтулы жаңалық болды. Енді аталмыш тұжы­рым­даманы іске асыру, нақты шешім­дер қа­былдау арқылы қоғамдағы оң пікірді қа­лып­тастыру күн тәртібіндегі өзекті мәсе­ле. Осы орайда Тараз қалалық мәдениет үйін­де Қа­зақстан Республикасы Президенті Әкім­шілігі ішкі саясат бөлімі мемлекеттік-кон­фессияаралық байланыс секторының меңг­е­ру­шісі Ғалым Шойкиннің қатысуымен кездесу өтіп, онда дін саласындағы мемлекеттік сая­саттың басым бағыттары талқыланды. Жи­ынға аудандар әкімдерінің орынбасарла­ры, облыстық деңгейдегі басқарма басшыла­ры, діни бірлестік өкілдері мен жастар қа­тысты. Жиынды Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жүргізіп отырды.

Облыстық дін істері басқармасының бас­шысы Жангелді Омаровтың айтуынша, бүгінгі таңда облыста мемлекеттік тіркеуден өткен 341 діни бірлестіктер мен филиалдар болса, оның ішінде 295 мешіт пен 45 шіркеу және 1 өкілдік бар. Мешіт имамдарының да біліктілік деңгейі аса төмен емес. Мәселен, облыстағы имамдардың 13,6 пайызы жоғары білімді, 39,3 пайызы орта білімді және 47,1 пайызы сауат ашу курстарын бітіргендер. Алайда бүгінде Әулиеатаның 14 мешітінде имам жоқ. Дегенмен, жыл сайын мешіттерді имамдармен қамтамасыз ету жұмыстары жүр­гізіліп келеді. Облыс аумағындағы діни бір­лестіктерде қызмет атқару мақсатында 9 шет­елдік азамат миссионер ретінде тірк­еу­ден өткен болса, бүгінгі таңда олардың да қызметі тұрақты бақылауда екен. Со­нымен қатар интернет кеңістігінде діни экс­тремистік және террорлық мазмұндағы ақ­па­раттардың таралуының алдын алу да ма­ңызды мәселе. Бірақ жыл басынан бері 1560 күдікті сілтеме анықталып,  Дін істері және азаматтық қо­ғам министрлігінің Дін істері комитетіне сараптамаға жолданған. Нәтижесінде 291 сілтеме бұғатталып, қалғандарының жауабы кү­тілу үстінде екен.

Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» облыстық орталық мешітінің медресесінде бүгінде 52 азамат діни білім алуда. Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқар­ма­сы­ның облыстағы өкілі, аталған мешіттің бас имамы Данияр Жұмабаев өңірдегі мешіт­тер­дегі ахуалдың тұрақты екенін айтты. 

Өз сөзінде Ғалым Шойкин жоғарыда атал­ған тұжырымдаманың қабылдануына бай­­ланысты жасалған алғашқы қадам ре­тінде «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне діни қызмет және ді­ни бірлестіктер мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу» туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасы әзір­леніп, жалпыхалықтық талқылауға ұсы­нылып жатқанын айтып өтті. Бұл орайда жергілікті мемлекеттік қызметшілер мен дін саласы мамандарының пікірлері тыңдалды.

Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы