Солтүстік Қазақстан аумақтық кәсіподақ ұйымының төрағасы болып Ерік Нұрақаев сайланды.
Жаңа лауазым иесін ұжымға ҚР кәсіподақ федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінекеев таныстырды.
«Ерік Есімұлының басшылық саласындағы тәжірибесі мол. Есіл, Ақжар аудандарының, Петропавл қаласының әкімі, облыс әкімінің орынбасары секілді еңбек жолдарынан өткен», деді ол.
Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев еңбек ұжымдарымен 90 мың қызметкерді қамтитын 1650 меморандумға қол қойылғанын, еңбек шарттарын одан әрі жетілдіру, еңбек қауіпсіздігін сақтау басты талап болып қала беретінін жеткізді.
Ұзақ жылғы еңбегі үшін аумақтық кәсіподақ ұйымының бұрынғы төрайымы Жамал Ахметоваға алғыс айтылып, құрмет көрсетілді.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы