Ақтауда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Жергілікті және орталық атқарушы органдардың, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ облыстық филиалының басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Департамент қолдауымен мемлекеттік қызметтің оң имиджін және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында 698 іс-шара ұйымдастырылып, 170 мыңнан астам адам қамтылған, сондай-ақ құрамына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, «Нұр Отан» партиясының, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының және басқа да саланың өкілдері енген облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік топ өз жұмысын бастап, аталған топ тұрғындар және еңбек ұжымдарымен 159 кездесу мен қоғамдық қабылдаулар өткізіп, жалпы саны 36 032 адамды қамтыды. Қазіргі таңда мобильдік топтар қалалық және аудандық деңгейлерде құрылып, азаматтардың шағымдарын жедел түрде қарауды жүзеге асырып келеді.
Жиында департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Н.Айтжанов биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық профилактикасы саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып, «Есіктен есікке», «Жолдарда сыбайлас жемқорлықты төмендетудің 10 қадамы» жобаларын жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік және арнайы мониторинг топтарының, «Адал ұрпақ» ерікті мектеп оқушылары клубтарының қызметі туралы, сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және әкімшілік тәжірибе қорытындыларын баяндады.
Департаменттің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Ж.Маршакұлы тұрғындарға мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру саласындағы негізгі бағыттарға тоқталып өтті. Бұдан басқа «Құпия тұтынушы» әдісі бойынша қоғамдық мониторингтің нәтижелеріне, департамент тарапынан тексеру жұмыстары барысында анықталған заңбұзушылықтар айтылды.
Жиында ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында ауыл әкімі аппараттары ғимараттарында штаттан тыс маман бөліп, арнайы компьютермен жабдықтап, қала, аудан орталығына бармай-ақ, электронды қызмет алу мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде ұсыныстар беріліп, ол қала, аудан әкімдері тарапынан қолдау тапты. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын ішкі бақылау жұмыстарын жандандыру мақсатында, қала, аудан әкімі аппараттарында өз алдына ішкі бақылау бөлімін немесе дербес қызметін құру қажеттігі айтылған мәжілісте мемлекеттік органдар басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы кемшіліктерді жойып, алдағы уақытта оларды болдырмау үшін нақты тапсырмалар берілді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы