Атыраулықтар енді өздерін толғандырған мәселелер жайында мемлекеттік мекемелермен онлайн режімде байланыса алады. Бұған «Атырау цифрлық қабылдау» қосымшасының енгізілуі мүмкіндік беріп отыр. Мобильді қосымшаны ұялы телефоннан жүктеп алуға болады, ол үшін App Store немесе PlayMarket-тің іздеу жолына ACQ Атырау деп жазса жеткілікті.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
Қосымша құрылымы жұмысқа орналасу, қоғамдық бақылау, ТКШ, қоғамдық көлік, білім, сұрақ қою секілді маңызды мәселелер мен салалар бойынша алты бөлімнен жасалған. Әр бөлімде мәзір бар, қолданушы қажет бағанды таңдап, сауалын қалдыра алады. Барлық бөлімде фото мен бейне енгізу қызметі де орнатылған, сол арқылы түрлі құқық бұзушылықтарға куә болған азаматтар фото мен бейнежазбасын жібереді және сауал жолдап, мемлекеттік органдардан түпкілікті мәлімет алу мүмкіндігі де қарастырылған. Мысалы, білім бағанында балабақша, колледж, университеттер туралы ақпарат алып, өтінім бере алады.
Ал жұмыс іздеушілерге еңбек биржасы мен бос жұмыс орындары туралы ақпарат пайдалы болмақ, бұл бөлім күн сайын жаңартылады. Жақындары деструктивті діни ағымдардың ықпалына тап болғандар немесе сезіктенетіндер психологтарға хабарласып, дінтанушы мамандардан ақпарат ала алады. Бұл бөлімде өтінімді анонимді түрде қалдыруға болады.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ