2013 жылдың 29 қарашасында Үкіметтің қаулысымен «Болашақ» бағдарламасына «Бұқаралық ақпарат құралдары редакциясының қызметкерлері» санаты енгізілген болатын. Бұл санат журналистерге маңызды жеңілдік берді. Бұдан былай «төртінші билік» өкілдері шетелдік оқу орнынан шақырту алмай-ақ «Болашақ» стипендиаты атана алады. Бар болғаны құжатын түгендеп, шет тілінің төмендетілген шектік балын алу қажет еді. Жетпей жатқан білімді мемлекет есебінен оқитын еліңізге барып, тілдік ортада емін-еркін толықтырып аласыз. Бұл мемлекеттің БАҚ саласын дамытуға басымдық беріп отырғандығын көрсетсе керек. Алайда осындай мүмкіндіктерге қарамастан, жас тілшілер ел көріп, жаңа білім алуға асығар емес.
Өткен жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында 600 орын бөлініп, тек 560 адам стипендиат атанса, соның ішінде бар болғаны 10 үміткер ғана аталған санат бойынша құжат тапсырған екен. Бәсеке жоғары болды десек, 40 орын иесіз қалған. Жалпы, санат енгізілген соңғы төрт жыл ішінде 3 000 орын бөлініп, оның 2 485-і игерілсе, БАҚ санаты бойынша 161 адам ғана құжат тапсырып, соның тек 98-і ғана стипендиаттар тізімінен табылған.
БАҚ өкілдерінің шетелдік білім алуы неліктен маңызды? Әдетте шетелде оқыған адам білім алып қана қоймай, сол жақтағы өмірді көріп, оны Қазақстанмен салыстырып, еліміздегі көптеген дүниелерге қайта қарайды, санасында сілкініс болады. Жоғары бәсеке мен үлкен мүмкіндіктер ортасын көрген жастар елге мүлдем басқа адам болып оралады. Танымы кеңейіп, сыни ойлау жүйесі дамиды. Олардың көбі елге келген соң қызметке кірісіп, жемісті еңбек етеді. Алған білімі мен тәжірибесін өзгеге үйретіп, салынған инвестицияны еселеп қайтарады. Алайда қанша сәтті жұмыс атқарғанымен, олар әрі кетсе он немесе жүз адаммен ғана жұмыс істейді. Ал дәл сол жолмен өткен журналист болса миллиондаған адамның назарын аударта алады. Туризм немесе музей тақырыбын қозғайтын болса, өзі көрген Англиямен салыстырады; сөз бостандығы, білім сапасы, денсаулық сақтау жүйесіне келсе, өзі болған АҚШ-ты мысалға келтіреді.
Елді ел ететін, ұлтты ұлт ететін қоғамдық сана. Арыз жазуды намыс көретін, тойға шашылуды, ысырапшылдықты қазақтың кеңдігі дейтін қатып қалған түсініктерді жібітіп, оларға қайта қарау үшін үлкен қоғамдық дискуссия қажет. Ал сол дискуссияны телеарна, радио, баспасөз арқылы журналистер жүргізеді. Демек, өзге саланың маманын шетелге жіберу бір дән егіп, 10 жеміс алғанмен тең болса, журналистің дамыған елде білімі мен біліктілігін жетілдіруі бір дән егіп, мыңдаған жеміс алумен тең болмақ.
Бұл бірінші себеп. Екіншісі одан маңызды. Түрлі факторлардың әсерінен елімізде тілшіліктің деңгейі төмендеді. Болған оқиғаны бір-екі сөйлеммен жеткізуді журналистика санайтын жағдайға жеттік. Жағдайдың асқынғаны сонша, журналистиканы университет қабырғасында оқудың қажеті шамалы, оған баулитын факультеттерді жабу керек дейтіндер пайда болды. Шын мәнісінде, журналистика – үлкен білім мен біліктілікті, тәжірибе мен ептілікті қажет ететін жауапкершілігі жоғары сала. Бізде егжей-тегжейлі зерттеу журналистикасы және data журналистика секілді журналистика бағыттары жоқтың қасы. Телеарналар рейтинг қуалап, көңіл көтеру бағдарламаларын күшейтіп әлек. Жастардың көбі тележүргізуші болғысы келеді. Газетке санаулылар ғана барады, соның өзінде баспасөзді көбіне әдебиетке бір табан жақындар ғана таңдап жатады. Дамыған елдерде журналистика негізінен жазудан басталады. Ішінде бірде-бір артық сөзі жоқ он беттік мақала жазып, мәселенің мәнісін толық ашатын, сөйте тұра мәтінді қызықты етіп құрастыратын адамдар ғана ол жақта тілшіліктің нанын жей алады. Бізде болса, Фэйсбук белсендісі мен тілшіні ажырату қиын, бар айырмашылығы соңғысының пікірі әлеуметтік желімен қатар онлайн портал мен телеарнадан беріледі, сол ғана.
Осы ретте тағы бір мәселенің басын шолғымыз келеді. Журналистиканы арнайы оқудың қажеті жоқ деген қате түсініктің бойымызға сіңгені сонша, көптеген азаматтарымыз «Болашақ» бағдарламасына БАҚ атынан құжат тапсырып, санаттың жеңілдіктерін пайдалана отырып, өзге мамандықтарға бет бұруда. Неге олай жасадыңыз деген сұрағымызға журналистиканы мен онсыз да білемін деп жатады. Мұндай ойлар журналистиканы мансап жолындағы белгілі бір кезең ретінде көріп, өмірлік кәсіп ретінде қарамаудан шығатын секілді. Әйтпесе шетелдік оқу орнына құжат тапсырып отырған дәрігер мен медицинаны білемін, одан да мен тарих пәнін оқиын деп айтпайды ғой? Өйткені ол шетелде білімі мен біліктілігін шыңдап, бұрынғыдан да мықты маман болуды көздейді. Неге біздің журналистер кәсіби біліктілігін шыңдап, бұрынғы деңгейінен асып түсуді ойламайды. Мұны тоқмейілсу деп түсінсек қателесеміз бе?
Дархан ӨМІРБЕК, «Егемен Қазақстан»