Адамның бір өкініші мен бір қуанышы қатар жүретіні әлімсақтан мәлім ғой. Бұл туралы миллион рет айтылып, миллион рет жазылса да сол баяғы қалпы. Тұлғаны көзі тірісінде төрге отырғызып, асыл қасиетін асқақтатып, өз еңбегіне лайықты баға беруді әлі игере алмай келе жатқан тәріздіміз. Игере алсақ, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен «Мен отырған жерді төр санасаңдар болғаны...» деген қанатты сөз қалар ма еді?!
Адам еңбегін бағалау демекші, жақында «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы, микробиолог ғалым Кеннет Әлібек өткен жылдың аяғында АҚШ-қа қайта оралды. Оның айтуынша, Қазақстанда жұмыс істеу мүмкін емес, тексерістен тексеріс. Сені ұнатпайтын жоғарыдағы бір бюрократ айтты деп аудит әйтеуір жоқ жерден бірдеңе табуға жанталасады. Сол себепті ғалым еңбекті бағалай білетін, «тағдыры қаржыгерлерге, СЭС пен тағы басқаларға тәуелді емес» АҚШ-тағы ғылыммен айналысатын компанияға жеті жылдан соң қайта оралуды жөн көріпті. Бұл біз хабардар бір ақпарат қана. Ал әлемнің түкпір-түкпірінде қаншама кәсіби біліктілігі жоғары қазақтың жұмыс істеп жүргенін құдай білсін. Қазақ перзентінің әлемге әйгілі компанияларда, іргелі ұйымдарда еңбек етуі мақтаныш, әрине. Алайда олардың атажұртында жұмыс істеп, өз мемлекетін өркендетуіне не кедергі?
Тағы да бар мәселе адамның еңбегін, қарым-қабілетін лайықты бағалау дегенге келіп тіреледі. Елбасы ана бір жылы басқа елдерде қызмет етіп жүрген білікті мамандарды, ойшыл ғалымдарды, жаңашыл жастарды Қазақстанға шақыру туралы үкіметке тапсырма берген-ді. Сол тапсырма қаншалықты дәрежеде орындалды. Белгісіз. Орындалса, оң өзгерістердің нышаны байқалар еді ғой. Әзірге байқалмай тұр...
Шетелдерде еңбек етіп жатқандар түгілі «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алып келген жастардың білім-білігі қаншалықты деңгейде бағаланады? Мәселе олардың жұмысқа орналасуында ғана емес, кәсіби біліктілігін шыңдайтын, елге пайда әкелетін лайықты жұмыс орнында болып тұр ғой. Мемлекеттің «Болашақ» бағдарламасына қыруар қаржы бөліп, оқытқаны белгілі. Халықтың қаржысына. Қайтарымы қайда? Еуропаның, АҚШ-тың, Жапония мен Оңтүстік Кореяның іргелі оқу орындарын үздік тәмамдаған жастарды болмашы жалақыға жұмыс істеуге аймақтарға жіберу қаншалықты әділетті болмақшы?
Амал жоқ, жастар сосын ғой Батысқа ма, басқа жаққа ма, «екі қолға – бір күрек» іздеп сабылатыны. Патриот емессің деп кім айта алады?! Жазушы Ғабиден Мұстафиннің «Туа білген халық тәрбиелей де білу керек. Ұрпағыңды өмірге әкелген екенсің, оны баули да біл» дегенін Білім және ғылым министрлігі саласындағылар оқыды ма екен? Оқымаса, қайта еске салып отырған жайымыз бар.
Әңгімеміздің әлқиссасы еңбек адамын, кәсіби маманды бағалау еді ғой. Басқалай айтқанда, елдің дамуына, өз саласының өркендеуіне өлшеусіз үлкен қосып жүрген жандарға лайықты құрмет көрсету кез келген өркениетті қоғамның басты қағидасы. Мемлекет тарапынан үш дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің тағайындалуы осындай ізгі ойдан туғаны анық. Әйтсе де, аталған орденмен марапатталғандардың еселі еңбегінен былайғы жұртшылық толықтай хабардар деп айту қиын. Ендеше бұл жағынан, яғни еңбек адамын насихаттау кемшін соғып жатыр.
Еңбекті бағалау демекші, өлшеусіз еңбегіне, атқарған қыруар қызметіне қарай әркімнің қоғамда өз орны болатыны сөзсіз. Тіпті кейбір тұлғалардың тарихтағы орны сол еңбегі арқылы түбегейлі шегенделген. Оның әрі-бері сан саққа жүгіртіп, әңгіме қозғағанмен тарихи деректің алдында бұлтара алмайсың. Не үшін айтып отырмыз? Әлжан Жармұхамедов – қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы. Тоғыз дүркін КСРО чемпионы (1970-1978 жж, 1980 ж.), КСРО құрамасының сапында үш мәрте Еуропа чемпионы (1967, 1971, 1979 жж.). 1972 жылы Олимпиада чемпионы атанды. Бұлтартпасыз тарихи дерек. Кейбіреулер оны ойын түрлерінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы дегісі келеді. Олай жіліктейтін болсақ, бокстан тұңғыш Олимпиада чемпионы, күрестен тұңғыш Олимпиада чемпионы, шахматтан тұңғыш Олимпиада чемпионы... деп айтамыз ба?!
Қазір Кеңес Одағы кезінде, Тәуелсіздік алған тұста деген анықтауыштар пайда болды. Тарих біртұтас. Бүгінгі тарих кешегінің жалғасы, өткеннен бөліп қарау қиын. Бүгінге кешеден келгеніміз аян. Олай болса, Тоқтар Әубәкіров те қазақ халқының тұңғыш ғарышкері. Кеңес Одағы кезіндегі деп бұра тартудың жөні жоқ. Ердің еңбегі тарихи тұрғыдан бағалануы тиіс!
Жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Батпан-батпан байлық тек жер көкірегінде ғана емес, ел көкірегінде де тұнып тұр. Сүйінерге жарайтын жақсы мен жайсаң тек жер астында жатқан жоқ, жер үстінде де жүр». Ендеше сол жер үстінде жүрген жақсы мен жайсаңды, елдің өркендеуіне өлшеусіз қызмет етіп жүрген жандарды көзі тірісінде лайықты бағалағанға не жетсін!
Ғабит МҮСІРЕП,
«Егемен Қазақстан»