Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деген мағынасы терең сөздер кез келген қазақстандықтың атамекенге деген шынайы сезіміне қозғау салып, ерекше ынтызарлығын оятары анық.
Қызылжар өңірінде де «Туған жер» бағдарламасы аясында өсіп-өнген ортасын гүлдендіруге белсене атсалысып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – облыстық мәслихат депутаты Алтынбек Сапаров.
Алтынбек Сапаров еңбек жолын жеке кәсіпкерліктен бастап, кәсібін ұлғайтқаннан кейін тұралап қалған ауылын көркейтуге бел буды. «Ноғайбай» ЖШС-сін құрып, егіншілікпен де, мал өсірумен де жүйелі айналысып келеді. Ауылдастарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, бірқатар әлеуметтік шараларды жүзеге асырды. Солардың біріне серіктестік қаражатына бес үй тұрғызылып, жуырда пайдалануға берілгенін айтуға болады. Баспананың кілті бірінші болып 9 ұл-қыз өсіріп, 15 немере, 1 шөбере сүйіп отырған Марат және Мақпуза Назаровтарға салтанатты түрде табыс етілді. Отағасы осында 42 жыл еңбек етіпті. Көкшетаудағы Ақан сері атындағы өнер колледжін бітіріп, «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасы бойынша мәдениет үйінің меңгерушісі қызметіне орналасқан жас маман Қалымбек Нәбидің де қуанышында шек болмады. Көктемгі қарғын судан жапа шеккен зейнеткер Рақыш Қыдырмина да жайлы баспанаға ие болды.
– Шекараға жақын орналасқан Ноғайбай ауылында қазір 130 адам тұрады. Жаңа үйлерге Жамбыл облысынан көшіп келген екі отбасыны қоныстандырдық. Ондағы ойымыз – оқушылар санын молайту арқылы жабылып қалған орта мектепті қайта ашу. Фельдшерлік-акушерлік пункт салуды да ойластырып отырмыз,– дейді А.Сапаров.
Бұл білікті басшының жерлестеріне көрсетіп отырған көмектерінің бір мысалы ғана. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете түсінген ол былтыр демалыс-көңіл көтеру орталығы мен үш тұрғын үй салып берген болатын. Алтынбектің арқасында Қарақоға – Ноғайбай жол учаскесі қалпына келтіріліп, көшелер асфальтталды. Әр аулаға сапалы ауыз су жеткізілді.
Шағын елді мекенде футбол алаңы, балалардың ойын алаңқайлары, электр қуатын үнемдейтін шамдар жұмыс істеп тұр. Бірнеше үйдің іргетасы қаланып, биыл қоныстой одан әрі жалғасатынын да атап өту керек. Сондай-ақ Қарақоға мектебіне қатынап оқитын балалар үшін автобус сатып алынбақ.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
М. Жұмабаев ауданы