Білім беру ісі – күрделі саланың бірі. Әсіресе бастауыш сыныптарға сабақ беру, оны ұлттық педагогикалық тәрбиемен үйлестіріп дамыту әрбір ұстаздан білім мен парасатты талап ететіні сөзсіз. Қазіргі таңда білім ошақтарында заманауи инновациялық-әдістемелік кешендермен білім беру мол ізденісті қажет етеді. Әрине ұстаздың бәрі бірдей ізденімпаз болса, елімізде білім мен тәрбие беру деңгейі жоғары көрсеткішке көтерілер еді. Дегенмен мектептердегі балалардың білімі төмен деп айта алмаймын.
Көптеген талантты балалар пәндік олимпиадаларда топ жарып, ұстаздарынан терең тағылым мен тәлім-тәрбие алғанын көрсетіп жүр. Ал балаларды мұндай жетістіктерге жеткізу ұстаздардың тынымсыз еңбегінің арқасында ғана іске асатыны белгілі.
Ұрпақ тәрбиесінде ізденімпаз ісімен әріптестеріне үлгі болып жүрген ұстаздың бірі – Шымкент қаласындағы № 75 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Қалбибі Алиева. Қалбибінің ұстаздық еткеніне 34 жылдың жүзі болыпты. Ұлттық тәрбиенің қайнар бұлағы болып саналатын мектепте білім беруді үлкен мәртебе санайтын ұстаз, бастауыш сынып тәрбиесінің жоғары сыныптардан ерекшеліктерін жетік меңгерген. Мұғалім мектептің жүрегі болса, бала мектептің айнасы. Ұстаздар өз еңбегінің жемісін айнадан көргендей бала бойынан көре алады. Осы қағиданы терең ұстанған Қалбибі әр баланың психологиясымен жеке жұмыс істейді. Қазіргі балалар өткен ғасырдың балаларына мүлде ұқсамайды. Ойларын ашық айтады, тіпті қаймықпай мұғалімге сын да айта алады. Сондай сәтте ұстаз бала жүрегінен орын алатын өнеге көрсете білуі керек. Әйтпесе баланы тәрбиесіне бағындыра алмайды. Қалбибі осындай әдістемелерді жетік меңгергендіктен бүгінде әріптестеріне үлгі болып келеді. Бір қызығы, Қалбибі сабаққа қажетті көрнекі құралдың бәрін өз қолымен жасайды.
Әдістеме дегеніміз ұстаз бойына бірден орнай қоймайды. Жылдар бойғы іс-тәжірибенің арқасында ұстаздық болмысқа сіңеді. Қ.Алиеваның ұстаздық бет-бейнесі ұзақ жылғы еңбектің арқасында қалыптасты. 34 жылғы ұстаздық қызметте көптеген шәкірттері пәндік олимпиадалық байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып, мерейін асқақтатты. Өзі де 2011 жылы Шымкент қалалық «Кемеңгер Елбасы – ырысы елімнің» педагогикалық марафонына, 2012 жылы республикалық «Үздік педагог зерттеуші» атты ғылыми-әдістемелік байқауына, 2016 жылы халықаралық монопәндік жарысқа сол жылы республикалық «Просвещение» ақпараттық-әдістемелік орталығының жүлделі дипломдарына ие болған. Авторлық бағдарламасы, әдістемелік материалдары республикалық журналдарда жарық көрген. Бастауыш сынып мұғалімі Қаламқас Керімбекова екеуі бірігіп, тіл дамыту курсы бойынша 2-4-сыныптарға арнап шығарған әдістемелік құрал Шымкент қалалық білім бөлімінің ғылыми-әдістемелік орталығында бекітіліп, қолданысқа енгізілген. «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иесі.
Қалбибі «Мектепте балаларға сабақ беруден рухани ләззат аламын», дейді. Мектеп табалдырығын түрлі деңгейде аттайтын балаларды сапалы біліммен сусындату оңай жұмыс емес. Мұғалім өз ісіне жан-тәнімен беріліп еңбек етсе ғана, жақсы нәтижеге қол жеткізетініне күмән жоқ.
Ұстаздардың түрлі реформаларды, инновациялық әдістемелерді қабылдай отырып, заман талабына сай білім беруі де күрделі үрдіске айналып отыр. Бала ұстазды сынайтын дәрежеге жеткен заманда білім мен тәрбие беру сабақ сайын ұстараның жүзімен жүріп өтумен тең. Әйтсе де өткір психологиялық қарым-қатынасты бастан өткеріп білім беретін Қалбибінің өмірі балалармен біте қайнасып кеткен. Оған баланың жеке басына айтқан сыны да, сабақ барысындағы логикалық тапқырлығы да қызық. Баланы «досым», мектепті «рухани үйім» деп санайтын парасатты ұстаздың рухани бейнесі осыдай.
Ділдәгүл НҰРМАХАНБЕТ, журналист
Шымкент