Тротуардың жиегінде кітап сататын кісілерді жиі көреміз. Олар жерге газет төсеп, ұзақ жылдар бойы сөреде тұрғандықтан қағаздары сарғайып, мұқабалары мүжіле бастаған классиканы күнге жайып, кептіріп отырғандай әсер қалдырады.
Еріксіз бөгелесің. Үңіліп қарайсың. Көңіліңде бір ыстық сезім оянады. Қимайсың. Сол баяғы, студент кезде оқыған кітаптар. Э.Л.Войнич «Бөгелек», Стендаль «Қызыл мен қара», Ги де Мопассан «Новеллалар», Э. Сетон-Томпсон «Хайуанаттар жайлы әңгімелер»...
Ескі томдар мен еңкейген қарттарға қарап: «Кітап көнереді, адам қартаяды...» деп көңіліңізді жұбатқыңыз келеді.
Есесіне біздің айналамыздағы техника күн сайын жаңарып келеді. Таңғаласыз. Қызығасыз.
Бірақ... Жас күнімізде, яғни, студенттік шақта қызыққан техника – «Волга», «Жигули», «Москвичтердің» қазір мүлде көрінбейтіні есіңізге түседі.
Ал сол кездегі танысқан классика жадымызда әлі сайрап тұр.
Нұрғали Ораз, «Егемен Қазақстан»