Олимпиада – ел мерейі
Бүкіл дүние жүзі спорттық шаралар жөнінен Олимпиадалық ойындар дегенде бейтарап қалмасы анық. Соңғы өткізілген Бейжіңдегі ХХІХ жазғы олимпиадалық ойындар әлі күнге көзі қарақты спортсүйер қауымның көңілінен өше қойған жоқ. Барлығымыз да оның қуанышы мен күйініші жөнінде әркез ойға аламыз. Өйткені алда Лондонда өтетін Жазғы ойындардың ХХХ олимпиадасы төбе көрсетіп тұр.
Әрине, өткеннен сабақ алмай, алдыға қарай қадам баса алмасымыз анық. Сондықтан, әлемнің төрт тарапынан, яғни 200-ден астам елден 11 мыңға жуық спортшы қатысқан Бейжің олимпиадасының дүбірін қайта ақтарып көрсек. Бейжіңге біздің елден спорттың 22 түрінен 132 спортшы ат қосты. Жыл басынан олимпиадаға кімдер барады, кімнің күші, кімнің мысы мықты деп салмақтап жүріп апарған 132 спортшының 13-і ғана үмітті ақтады. Барға қанағат етіп қалған халқымыз «бұған да шүкір» десек, БАҚ өкілдері «еліміздің еңсесін көтерген ерлеріміз жарады!» деп жарыса жазды. Әрине, қанағатшылдыққа не жетсін. Бірақ, «әттеген-айларды» жасыра берсек, бұдан әрі жағдайымыз жақсарып кетпейтіні де шындық.
Басқасын былай қойғанда Бейжің төрінде біздің спортшыларымыздың ішінен боксшыларымыз бен балуандарымызға және ауыр атлеттерге зор сенім жүктелген. Өйткені осы спорт түрлерінен олар бұдан бұрынғы олимпиадаларда қанжығамызды майлап, абыройымызды асқақтатып еді. Солардың арқасында жалпы командалық есепте Атлантада 24-ші, Сиднейде 22-ші орынға табан тіреген болатынбыз. Ал бұл жолы жалпы командалық есеп бойынша 29-шы орынды қанағат еттік. Бұдан бұрынғы өткен олимпиада қорытындыларымен салыстырар болсақ, мынадай нәтижені көрген болар едік:
Атлантада (1996 жыл): 3 алтын, 4 күміс, 4 қола (барлығы 11 медаль);
Сиднейде (2000 жыл): 3 алтын, 4 күміс (барлығы 7 медаль);
Афиныда (2004 жыл): 1 алтын, 4 күміс, 3 қола (барлығы 8 медаль);
Бейжіңде (2008 жыл): 2 алтын, 4 күміс, 7 қола (барлығы 13 медаль).
Былай қарағанда нәтиже жаман емес. Әр олимпиада сайын жетіліп, өсіп келе жатқанымыз байқалады, бірақ дамуымыз қарқынды емес. Әсіресе, «Біз былғары қолғап спортынан Кубадан кейін екінші орындамыз», деп бөріктерін аспанға лақтырған боксшыларымыз үмітті ақтамады. Оларды Куба мен Ресейді былай қойғанда, украин боксшылары да шаң қаптырып кеткен жоқ па? Егер, өзбек ағайындар ала қойды бөле қырқып, Бақыт Сәрсекбаевты «сен қазақсың» дегендей, кеудеден итеріп, лицензиядан қағып, өз ұлтының өкілін апармағанда, біздің қоржынымыз бокстан бос қайтар ма еді, қайтер еді. Рингке шыққан алғашқы күннен-ақ сабырлы да салқынқанды кейпінен танбаған Бақыт барлық қарсыласын айқын басымдылықпен жеңіп, қазақы намысының арқасында өзбек боксын «нокаутқа» түсіргендей болды. Егер, ол рингке Өзбекстан құрамасы қатарынан шыққанда дәл осындай жетістікке жетер ме еді, жетпес пе еді?
Қоржынымызға екі алтын салған екі спортшымыз – Илья Ильин мен Бақыт Сәрсекбаевтың жанарларынан от ұшқындап, жастық жігерлері мен намысы қатар өріліп тұрғанын теледидарға телмірген қалың қазақ байқамай қалған жоқ. Олар өздеріне сенімді еді. 20 жасқа енді ғана аяқ басқан Илья «мен бірінші орын аламын» деп, экранға қайта-қайта нығарлай айтқаны, осы сертінде тұрып, зілтемірді серпе көтергенде, қазақстандықтардың бәрі орындарынан бір көтеріліп тұрғаны анық еді. «Бірде-бір алтынсыз қалар ма екенбіз» деп көңілі күпті болып күткен халықтың үмітін ақтаған Илья Ильинді ерекше атау керек. Ал Бақыттың жайы белгілі. Өзбектердің қиянатына шыдамаған намысқой қазақ қанында ойнаған намысының арқасында алтынды ата-бабасының атамекенінде қалдырды. Байрақты бәсекеде бақ пен бап, намыс жетелейтінін дәлелдеді олар. Ал біздің жігіттерді бұдан бұрын алған жүлделерінің буы қысты ма, әлде, өз елімізде жүріп өзгеге жалтақтаудан жігері жасып қалған ба, әйтеуір, жанарлары солғын, еңселері еңкіш қалпы елімізге оралды. Осыған қарап, біздің боксшыларымызда тоқмейілсу басым болды-ау деген ойға қаласың.
Жоғарыда жазғандай, біз үміт күткен боксшылардың жеңіске жетпеуіне қазылардың тобықтан қаққаны себеп болды деп ақталып-ақ жатырмыз. Бірақ, әуелгіде қытай боксшысынан ұтылып, ширек финалға шыға алмаған Мерей Ақшаловтың кебін кимеу үшін қалған боксшыларымыз белді бекем буу керек еді. Сыныққа сылтау табылғандай бар мүмкіндіктерін пайдаланудың орнына, «төрешілердің бүйрегі қытайға бұрып кетті» деп дәрменсіздік таныту қазақ жігіттеріне жараспайтын-ақ қылық. Елімізден аттанарда терілеріне сыймай, жеңіссіз қайтпаймыз деген жігіттер, жеребе тартылған күні «жеребе бізге сәтсіз шықты» деп қарсыластарының қарымын көрмей жатып, атын естігенінен-ақ шошығаны көңілге күдік ұялатып еді. Сонда олардың «бізді бір жеңсе, кубалықтар ғана жеңеді» деп желпініп жүргендері бекер болғаны да?! Өйткені, қытай боксшылары осы уақытқа дейін бірде-бір Олипиадада топ жарып алға шықпапты. Сондықтан, былғары қолғап шеберлерінің бұл ақталулары жөнсіз, әрине.
Бір қуанарлығы, Олимпиада ойындарында алғаш рет дзюдодан жүлдегер атандық. 100 келіге дейінгі салмақта Асхат Жіткеев күмістен алқа тақты. Еркін күрес пен грек-рим күресі шеберлерінің өнерімен жеткен жетістіктерін айтпай кетуге болмас. Өйткені олар біздің қоржынымызға түскен 13 медальдың санын толықтырғандар. Мысалы, еркін күресшілеріміз 1 күміс, 1 қола жүлдеге ие болса, грек-рим күресшілеріміз 2 қола жүлдені еншіледі. Таэквондода да тұңғыш рет олимпиада ойындарында жүлдеге ие болдық. 80 килодан жоғары салмақ дәрежесінде намысты қолдан бермеген, бір жағынан бабынан гөрі бағы басым болған Арман Шылманов қола медальға ие болды.
Олипиадаға тұңғыш рет қатысқан қол добы мен волейбол сияқты спорттық ойындарда ойсырай жеңілген қыздар командасы Қытайға барып қайтқандарын ғана мақтаныш етті. Өйткені, осы саладағы спортшыларымыз әлемдік деңгейде өнер көрсетуге жете қойған жоқ еді. Сондай-ақ, бұл олимпиада қазақ баласына үшін күрес пен бокстан да басқа спорт түрлері бар екендігін, мәселен, стендтік ату, қазіргі бессайыс, синхронды жүзу, садақпен ату, велоспорт, академиялық есу, үстел теннисі, байдарка және каноэ есу деген сияқты спорт түрлеріне көңіл бөлу керек екенін еске салғандай болды.
Азиада армандарға жол ашты
«Жасампаздықтың жиырма жылы» деп аталған ағымдағы жылдың беташары да әлем назарын Қазақ еліне аудартқан саяси маңызды шаралармен қатар әлемдік спорттық іс-шаралармен басталған болатын.
Әлемдік спортта Қысқы олимпиада ойындарының өтуі маңызды оқиғалардың бірі болып саналады. 1956 жылы Италияның Кортина д Ампеццо қаласында өткен VII Қысқы олимпиада ойындарына Қазақстан алғаш рет қатысты. Жалпы Қысқы олимпиада ойындарына 206 қазақстандық спортшы қатысқан. Оның ішінде 5 спортшы Олимпиада жеңімпазы атанды. 2010 жылы қазақстандық спортшылар Ванкуверде өткен Олимпиада ойындарының 9 түріне қатысу үшін 40 лицензия жеңіп алды. Қазақстандық спортшылардың Ванкувер-2010 қысқы Олимпиадасына қатысуы еліміздегі қысқы спорт түрлерінің дамуына септігін тигізді.
Спорт әлеміндегі үздіксіз алға жылжу мен биік спорттық бағындырулар нәтижесі қысқы Азия ойындарының тек қана спорттық мағынадағы ғана емес, жоғары дәрежедегі қоғамдық-саяси әрі мәдени оқиға ретінде қабылданатын деңгейге көтеріп отыр. Оған бәріміз де биылғы жылы Алматы мен Астана қалаларында өткізілген шаралар барысында тәнті болдық. Биылғы жылы әлемнің 27 елден келген кілең «сен тұр мен атайын» дейтін саңлақ спортшылардың алдында абыройдан айрылмау ең бастысы десек те, осы ойындарды ұйымдастыруға бар күші мен қайратын жұмсаған Қазақ елінің мәртебесін өсіру де басты мақсат болды. Бұл екі жағдайдан да қазақтың мұрты қисаймай өткені баршаңызға мәлім.
Бұл додаға өз елімізден 164 спортшы қатысты. Спорттың 11 түрінен: шаңғымен тұғырдан секіру, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғымен бағдарлау, коньки тебу, биатлон, мәнерлеп сырғанау, допты және шайбалы хоккей сияқты бірін білсек, бірін білмейтін спорт түрлерінен он күн бойы сайыс өтті.
Хоккейден, әсіресе, қыздар ойыны тартысты өтті. Қазақстан командасы әп дегеннен-ақ, өздерінің шебер қимылдарымен, қарсыластарынан қарымта қайтара аларлықтай қауқары бар екендіктерін танытты. Қоржынымызға алғашқы алтынды салған да солар болды.
Қазақ спорты тарихында бұрын-соңды болмаған аламанға түсу кім-кімге де сын. Алматы қаласының «Табаған» спорт кешенінде өткен фристайл спорт сайысында қазақтың қара көз қыз-жігіті намысты қолдан бермеуге тырысты. Спорттың бұл түрінен тәжірибеміз аз десек те, Оңтүстік Қазақстан облысының қос бірдей фристайлшысы Жібек Арапбаева мен Руслан Әбілятиповтің бірі қола, енді бірі күміс жүлдені қоржынға салды.
Шаңғымен бағдарлау, биатлон, тау шаңғысы жарыстарында демалыссыз қатысқан спортшылар қанша шаршаса да шашасына шаң жұқтырмай, қарсыластарын қар қаптырып кетті.
Рас, өз елінде кім де болса «арық сөйлеп, семіз шығатыны» ақиқат. Десек те, тікелей эфир арқылы беріліп жатқан сайыстарға жанкүйерлік еткен күллі көрерменнің жіті көзін алдау мүмкін емес. Біздің спортшылар шынында да ерледі. Сөйтіп, Оңтүстік Корея құрамасы 13 алтын, 12 күміс, 13 қола медальмен үшінші орынды, Жапония 13 алтын, 24 күміс, 17 қола медальмен екінші орыннан көрінді. Ал Қазақстан құрамасы өз қоржынына 32 алтын, 21 күміс, 17 қола салып, жеңістің биік шыңынан орын тепті. Осылайша, VІІ Қысқы Азия ойындарында Қазақ елінің әнұраны 32 рет шырқалып, 32 мәрте көк байрағымыз көкте желбіреді.
Тәуелсіздік мерекесіне жаңа спорттық қадаммен
Биылғы жылғы 20 тамызда Астана қаласының «Дәулет» спорт кешенінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» атты республикалық жарыс өткізілді. Биыл тұңғыш рет өткізілген айтулы жарыста 14 облыс, Астана, Алматы қалаларынан үздік деп танылған 64 балуан белдесті. Абсолюттік салмақ дәрежесінде күрескен балуандар арасында «Қазақстан барысы» атағы мен 150 мың АҚШ доллары сарапқа салынды. Жарыс қорытындысы бойынша І орынды, «Қазақстан барысы» атағын және 150 мың АҚШ долларын Ұлан Рысқұл (Қызылорда облысы) жеңіп алса, «күміс белбеу» мен 30 мың АҚШ доллары ІІ орынды иеленген Бейбіт Ыстыбаевқа (Жамбыл облысы) табыс етілді, ІІІ орынды – «қола белбеу» мен 10 мың АҚШ долларын Шалқар Жоламанов (Шығыс Қазақстан облысы) жеңіп алды. Сонымен қатар, жүлдегер спортшыларды дайындаған жаттықтырушыларға тиісінше 50 мың, 10 мың және 5 мың АҚШ доллары тапсырылды.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың тамыз айының 19-20 күндері Астана қаласының Бейбітшілік пен келісім сарайында «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында Спорт күні – кәсіби мерекесіне орайластырып, қоғамның, мемлекеттің және бизнестің қатысуымен І Спорттық форум өткізілді.
Сонымен бірге, ауыл спортын дамытуға бағытталған «Ел Қайраты» республикалық ауылдық дене шынықтыру-спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігінің тұсаукесер жиналысы өтті.
Мемлекет тарапынан биылғы мерекелік жылда өткізілетін шаралар легі бір бұл емес. Олардың ішінен ауыз толтырып айтар жаңалығы «Тәуелсіздік жылдары Қазақстан спортына үлес қосқан елдің атақты спортшыларымен Мемлекет Басшысының кездесуін ұйымдастыру» және Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған Ұлттық спорт түрлері фестивалін өткізу болып отыр.
Фестивальды өткізудегі мақсат – Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауында айқындалған міндеттерді орындау, ұлттық спорт түрлерін, соның ішінде ауыл спортын таныту және дамыту, жастарды спортпен шұғылдануға тарту, халық арасында саламатты өмір салтын насихаттау.
Фестивальды сапалы өткізу үшін шұғыл штаб мүшелерінің, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, спорт түрлерінен федерация басшыларының, мемлекеттік жаттықтырушылардың қатысуымен аталған кешенді іс-шараны дайындау мен өткізу жөнінде отырыс 14 маусым күні Өскемен қаласында өткізілді.
Фестивальдың регламентіне сәйкес оған 14 облыстың, Астана мен Алматы қалаларының ең мықты спортшылары қатысады. Ақтық жарысқа 1700 спортшы қатысады. Фестиваль Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы және республикалық Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен өтеді.
Ал қорытынды шаралар ретінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орайластырылған спорт кешендері мен орталықтары ашылуының салтанатты рәсімдерін өткізу жыл соңына жоспарланып отыр. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын өткізу бойынша іс-шаралар жоспарының тармағын орындау шеңберінде министрлік салынған және салынып жатқан спорт кешендері мен спорт нысандары бойынша белгілі жұмыс жүргізуде.
Сонымен қатар биылғы 4 желтоқсанда «Сергектік» ұранымен республика аймақтарында хоккей корттарын, шаңғымен жаппай сырғанау үшін шаңғы трассалары мен мұз айдындарын ашу жоспарланып отыр. Туризм және спорт министрлігі облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен бірге «Денсаулық – зор байлық» ұраны бойынша саламатты өмір салтын насихаттау жөніндегі спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізбек.
Бейбіткүл ТОҚАБАЕВА.
(Мақала Туризм және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жазылды).