Жиырмасыншы ғасырдың басындағы ұлт зиялылары сияқты бүгінге дейін талай өкінумен келдік. Олар «Ай,қап!» деп қынжылуымыздың соңы болсыншы деген оймен «Айқап» журналын шығарған еді. Бірақ арада бір ғасыр өтсе де, өткеннен сабақ алмай келеміз. Қайда да бітпейтін қателік. Соның ішінде сыннан арылмайтын білім саласы да бар.
Бір жыл бұрын оқушылардың пән олимпиадасы елімізде бір күнде болмай, өңірлерде екі күнге бөлініп өтті. Сөйтіп, бірінші турдың материалдарын білім сайысы ертесіне өтетін жерлер интернеттен біліп отырды. Биыл сол қателік түзетіліп, республиканың барлық жерінде дерлік бір уақытта болғанына қуандым. Дегенмен, ең дұрысы, олимпиада тапсырмаларының үш-төрт нұсқасын дайындау. Нағыз шынайылық сонда ғана болады. Яғни, пән олимпиадасы объективті себептермен бұрын, не кейін өткен облыстардың материалдары бір-біріне ықпал ете алмайды.
2016 жылы біздің ауданда оқушыларды олимпиадаға алып келе жатқан көлік жолдан тайып, әйтеуір, арты жақсы болған еді. Былтыр білім бөлімі содан сақтанып, олимпиаданың екі кезеңін де бір күнде өткізді. Бірақ, олимпиаданы бір күн кеш бастағандықтан оқушылар ғаламтордан І турдың жауабын біліп алыпты. Бүйтетін болғасын кешіктірмей, бүкіл елдегідей бір мезгілде бастау керек емес пе?! Екі кезеңді бірдей өткізу оқушыларға салмақ түсіреді. Бір күнде екі турдың тапсырмаларын тексеріп шығу да қиын. Әсіресе, І турды таразылау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Кейбір деңгейлес жұмыстарды мұқият талдай түсу қажет. Комиссия төрағасының барлық жұмыстарды бір қарап өтуіне тағы уақыт керек. Қалай дегенмен де асығыстық жақсылыққа апармайды. Қысқасы, екі турды екі күнде өткізу жоғарыдан дұрыс ойластырылған.
Өткен жылдан бері құқық негіздері пәнінен аудандық олимпиадада комиссия төрағасы болып келемін. Сонда байқағаным, биылғы материалдар бұрынғыдан біраз жеңіл көрінді. Әрине, олимпиаданың тапсырмалары аса жеңіл болсын деп отырған жоқпын. Қазіргі кезде мектепте «Құқық негіздері» пәні жеке оқытылмайды. «Адам. Қоғам. Құқық» деген пән 9-10-сыныптарда 9 сағат, 11-сыныпта 5 сағат қана оқытылады. Сол тақырыптардың өзі аз өзгерістермен қайталанып беріледі. Сондықтан бірінші турдың тапсырмалары күрделі болмаса деймін.
«Қазақстан тарихы» пәнінен 11-сыныпта бірінші кезеңде «Қала мәдениеті, археология мен өнер» деген тақырып болды. Негізі археология емес, архитектура болуы керек еді. Оқушылар солай деп, дұрысын жазды да. 9-сыныптың екінші кезеңнің басқатырғышында шым-шытырық араласып кеткен әріптердің ішінен бір артық әріпті алып тастап, тарихи тұлғалардың атын, не тегін табу керек болатын. Оқушылардың дені біле тұра қателесіпті. Өйткені, орындалу шарты қазақша болғанмен, тапсырманың өзі орысша нұсқасымен беріліпті. Құзыретті кісілердің жауапкершілігі қайда сонда? Басқатырғышты құрастырушылар мұны неге ойламайды? Әлде әдейі оқушылардың «басын қатырғысы» келген бе?! Неге айналып келгенде оқушылар залал көруі тиіс?!
Олимпиада – нағыз білімділердің сайысы. Демек, қазылар өзіне артылар сенімді сезінуі тиіс. Соны кейбіріміз толық түсініп жүрмеген сияқтымыз. Бірде өзімнен кіші бір інім мынаны айтты.
Оқушы кезінде аудандық олимпиадаға қатысқанында комиссия құрамындағы жетекшісі «сәлден кейін сыртқа сұран», дейді екен. Сосын жауап жазылған парақты беретін болса керек. Оқушылар былтырғы аудандық олимпиадада да бір математиктің оқушысына «көмегінің» байқалып қалғанын әңгімеледі. Бұлай етсек, жас ұрпақты жолдан тайдырып, өтірікке үйретеміз. Шынайы білімді жастың тауын шағып, талабын қайтарамыз. Сонда не үшін? Кем күнгі мақтан үшін бе? Арзан атақ үшін бе?
Жарықтық шәкірттеріне «не істесеңіздер де таза қолмен істеңіздер», деп әр сабағының алдында қолын жуатын Ыбырай атамыз еріксіз есіме түседі. Ы. Алтынсарин 1864 жылы мектеп ашты. Сол жаңалықты орыс достарына қуана хабарлаған хатында жас ұрпақтың парақор, өтірікші болып өспеуі үшін алғашқы күннен имандылық пен адамгершілік тәрбиесіне баса көңіл бөліп отырғанын жазған. Бұл кезде Ыбырай 23 жаста ғана болған. Ал, біз не істеп жүрміз? Ойланайық...
Серік ЗИЯТОВ, Бұлан орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі
Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы
Ойнатып отырып ойлантуБүгінгі жаңартылған білім беру жүйесінің талабы баланың ойлау қабілетін жетілдіру, өзіндік іскерлік қасиеттерін қалыптастыру, заман талабына сай ойлау жүйесін жүйрік етіп тәрбиелеу екені белгілі. Осы ретте баланы дамытуда ойынның, кәдуілгі балалар ойынының әсері мол екенін айтқым келеді.
Бұл жобада ойын балалық шақтың табиғи серігі, қуаныш сезімінің қайнар көзі болғандықтан жаңа технологияларды негізге ала отырып, қазіргі заман талабына сай өзекті мәселелер қарастырылып отыр. Яғни, бала айналаны бақылағанда көрген, таныған және қабылдаған дүниелерін ойын арқылы бейнелеп көрсетеді. Сондықтан күндегі көзқарас бойынша бала ойынын әшейін бір ермек деп ұғынбаған жөн. Ойын – бала үшін толайым еңбек әрі үздіксіз оқу. Өйткені сыртқы дүниеден қабылдаған білімдік ұғымдар ойын нәтижесімен тиянақталып, тұрақты әдетке айналады. Балаға ойын арқылы берілген білім мен тәлім-тәрбие дамытушылық мәнге ие болып, жеке тұлға ретінде қалыптасуына зор ықпал етеді.
Ойынмен берілген білімнің маңызын жоғары бағалаған көрнекті педагог Антон Макаренко «Ересек адам үшін еңбектің, жұмыстың және қызметтің маңызы қандай болса, бала өмірінде ойынның маңызы сондай зор» дейді. Сондықтан келешек қайраткерді тәрбиелеуді ең алдымен ойыннан бастаған ләзім. Ойын арқылы оқушыны білім алуға, оқуға қызықтыруға, осылайша, жеке тұлғаның дамуын қалыптастыруға болады. Ойын барысында балалардың білімі тереңдей түседі, жаңа әдіс-тәсілді, жаңа білімді игереді. Ойында балалар әр нәрсеге жақсы зейін қояды және көбірек есінде сақтайды. Балалар ойын үстінде алға қойған мақсатына тез жетеді. Сондықтан ойын арқылы берілген білімнен бала түсінігіне, жеке бастың дамуына және баланың психикалық дамуына ойынның әсерін және әлеуметтік қарым-қатынас мектебі екенін бағамдауға болады.
Ойын арқылы баланың сөздік қорын дамытуда ауызша сөйлеу машығы өзгереді, таным белсенділігі қалыптасып, ақыл-ой процесі жетіледі, түрлі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіреді. Әртүрлі ойындарды ұйымдастыра отырып, балаларды бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, достық, бауырмалдық, ортаны сыйлау сезімдеріне тәрбиелеуге болады. Сондай-ақ кімде-кім баланың тілдік қабілетін дамытқысы келсе, ең алдымен оның ойлау қабілетін дамытуы тиіс. Бұдан түйеріміз ойынға талпынып тұрған баланы тыя берудің қажеті жоқ. Керісінше, бала ойынын мазмұнды ұйымдастыру жақтарын ойластырған абзал.
Сәуле СМАШОВА, №1 Затобол орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мүғалімі
Қостанай облысы, Қостанай ауданы