• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қаңтар, 2018

Жігіттің жігіті тонның ішкі бауындай ма, базар тонның бауындай ма?

2225 рет
көрсетілді

Бағзыдан жеткен тағы бір баяғы ән – «Гүл-гүл жайна» әні. «Түзетуге» ұшыраған көп әндердің қатарында оның мәтіні әртүрлі айтылып жүр. 

Қайырмадағы: «Қыздарда да қыздар бар,  Жарылмаған қауыздай,  Жігітте де жігіт бар, Тонның ішкі бауындай»,  дейтін шумағы:  «Қыздарда да қыздар бар,  Жарылмаған қауындай,  Жігітте де жігіт бар, Базар тонның (кейде, қамқа тонның) бауындай» делініп айтылып жүр.

Бұл жерде қайырманың бірінші тар­мағы қазақтың қызға байланысты айтатын «он екіде бір гүлі ашылмаған» дейтін сөзін еске түсіріп тұрған жоқ па?! Жарылмаған қауыздай қыз деп осы не­гізде айтып отыр. Оны енді әрі қарай талдап жатпайық. Ал жігіттің жігітіне байланысты арнайы айтуға базар тонның немесе қамқа тонның бауының қандай кереметі бар? Айта алмаймыз. Ендеше,  мәтіндегі тонның ішкі бауы туралы айталық.

Қатал табиғатта мал бағып ат үстінде жүрген қазақтың тонының ішкі бауының раха­тын көрмегені кемде-кем шығар.Тон­ның ішкі бауы – тонның ішінен, қол­тықтың астынан сүйем, иә, қарыс төмен тағылатын бау. Қарын тұстан сәл жоғары байланып тонды арқаға жабыстырып тұрады. Оны басқаша да тағуға болады. Тонның ішкі бауы байланғаннан кейін желбегей салып та жүре беруге болады. Қазіргі күнде де жедел жәрдем және өзге де осындай қызметтердегі киімдердің барлығы ішкі баумен байланады. Ал, «қамқа тонның бауындай» делініп айтылып кетуінің бір себебін «ішкі бау көбінесе қамқа тонға тағылады» делінетін деректермен ұштастыруға болатын шығар. Енді мәні туралы айталық.

Істеген игі ісі көзден гөрі, көңілге көбірек білініп тұратын жігіттер болады. Сырт көзге көбірек дос секілді көрініп, жаныңа жылу қажет сәтте жақындамай жоғалатын жалтақтықтан аулақ, ішкі тілеулестігі орасан. Жасаған қызметі де арзан атақ немесе бақай есеп үшін емес, қайырымын Құдайдан күткен ізгі тілекті, үлкен жүректі ерлер олар. Міне, ЖАНЫҢА ӨТЕ ЖАҚЫН, нағыз (тәніңе де өте жақын тұратын) тонның ішкі бауын­дай достықта болатын жігіт деп осыларды айтса болады. Бұл – әннің мәтіні болып бізге жеткен нағыз жігіттің сыны, достықтың сипаты болатын.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» 

Әнші Әлия Әбікенованың орындауында «Гүл-гүл жайна» әні