Атырау облысында халық батыры Махамбет Өтемісұлына арналған ескерткіш бой көтерді. Батыр есімімен аталатын Махамбет ауданының орталығынан ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев қатысып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жасалған игі істің маңызы жайлы айтты.
Ал аудан әкімі Сырым Рысқалиев «Елі үшін ер болып туған Исатай мен Махамбет есімдері күллі қазақ халқы үшін қастерлі де құрметті. Өшкеніміз жанып, рухани жанымыздың шамын қайта маздатқан жаңғыру кезеңінде ұлыларымызды қастерлеу – қасиетті борышымыз. Батыр атымен аталатын аудан орталығында баба ескерткішінің жоқтығы барша жұртшылықтың көңіліне қаяу түсіріп келген еді. Міне, батыр бабамыз алып ескерткіш болып ортамызға оралды. Махамбет Өтемісұлына арналған бұл еңселі ескерткіш рухымызды оятатын, ұлы мұраттарға жетелейтін, елжандылыққа, отаншылдыққа үндейтін қастерлі де қасиетті орынға айналатынына сенеміз», деді.
Салтанатты жиында батырдың төртінші ұрпағы Бағыт Ғабдуллин, облыстық қоғамдық қауымдастық төрағасы Мұрат Сақтайұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Қойшығұл Жылқышиевтер сөз алды.
Ескерткіштің авторы – мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Серік Мәтениязов. «Батыс Альянс строй» мекемесінің басшысы Әділ Жұбанов тұғырын орнатты. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 10 метр 80 см. Қоладан құйылып, тұғыры темір-бетонмен жасалып, гранитпен қапталған.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ