Шығармалары шуаққа толы осынау суретшіге бейнелеу өнері қанмен дарыған. Әулетімен бейнелеу өнеріне қызмет еткен Сұлтан Иляев еліміздегі танымал суретші, оюларды оқудың маманы Ғани Иляевтің ұлы ғана емес, оның өнерін де жалғастырған мұрагері.
Танымал отбасында дүниеге келген суретшіге өмірлік жолы мен шығармашылық бастауы үшін осының өзі де жеткілікті сияқты көрінгенімен, бейнелеу өнерінің бүгінгі бел баласы өз өрнегін іздеді. Бұл суретшінің еңбектері отбасында дүниеге келген суретшіге супрематизм мен реализм арасындағы алтын арқау.
Шымқаланың мизам шақтарын мәңгілікке сыйлаған Сұлтан Иляев біраз жыл оңтүстік қаланың бас суретшісі ретінде Суретшілер одағының облыстық филиалын басқарды. Оған қоса қалалық дизайн басқармасында шаһардың келбетін жасауға ерен үлесін қосып жүрген адам.
Осыдан қырық жыл бұрын Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтының көркем-графика факультетінен түлеп ұшқан талант иесі өзін осы салаға арнап келеді. Еңбегі де елеусіз емес. Қазақстанның мәдениет қайраткері де, еңбек сіңірген қайраткері де атанған. Ең бастысы, ортасы оны мықты суретші ретінде мойындайды.
Алайда суретші үшін маңыздысы, өзінің шығармашылық әлемі, яғни жан бұлқынысы буырқанған бояулардың астасып, кенеп бетінде салтанат құрғаны.
Бірден айту керек, Сұлтан Иляевтің туындылары басқа планетадан түскендей, бөгде бір әлем. Суретші өзін символдық тотемдерді түптеп зерттеуші, халықтық нышандарды бояудың тілімен парықтаушы деп есептесе де, оның шығармашылық шешімдері тосын.
Мәселен, оның туындылары кәдуілгі, жауабы дайын, көзге таныс кескіндер емес. Оның көрмелерінде аялдаған адам, суретші не айтқысы келді, бұл бояулардың астарында не барын сөзсіз іздейді. Әрі күрделі, әрі қарапайым туындылар толайым бір ғарыштық жүйе сияқты әсер қалдыратынын байқамау мүмкін емес. Қарама-қайшылыққа толы шығармалар толғануды қажет етеді.
Соған қарамастан, суретшінің еңбектерінде ұлттық декоративтік-қолданбалы өнердің белгілері серіктестігінен жаңылмайды. Этномәдени сипатқа ие мінез Иляевтің барлық жұмыстарында бар.
Өнертанушылар да өз тарапынан суретші шығармаларының басты тұжырымы – қасаң шеңберді бұзып, қарапайым адамдар байқай бермейтін әлемге, кез келген кескінге жаңа күй сыйлауымен дараланатынын мойындайды. Сұлтан Иляевтің жұмыстары – тұнық түстер мен қанық бояулардың патшалығы.
Кімде-кім суретшінің әкесі Ғани Иляевтің қолтаңбасымен таныс болса, бейнелеу өнері қанында бар генетикалық құбылыс, яғни талант та тек қуалайтынын түсінер.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ