Елбасымыздың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы – еліміздің әрі қарайғы дамуының алғышарттарын көрсететін және қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін, ортақ мақсатқа топтастыратын тарихи құжат екені даусыз.
Ширек ғасырда нарықтық экономика қағидаларына негізделген іргелі мемлекет құрып, «Қазақстан-2030» стратегиясының орындалуы арқылы мемлекет дамудың даңғыл жолына түсті. Ендігі меже – төртінші өнеркәсіптік жаңғыру. Жолдаудың тақырыбынан көрініп тұрғандай, бүгінгі күні қоғам да, мемлекет те, тіпті азаматтарымыздың ой-санасы да кезекті өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін бастан өткеретін кезеңге келді.
Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Әлемдік аренада биік белестерге көтерілді. Өзінің даму қарқынын озық елдің қатарына қосылуымен дәлелдеді. Президент талдап көрсеткен, адамзат жаңа өнеркәсіптік революция дәуіріне аяқ басқан заманда мемлекетіміздің алдыңғы кезеңдегі осы жаңғыруы арқылы елімізде бұған алғышарттар жасалып, берік негіз қаланды. Сонымен бірге, бүгінде халықаралық ахуал да қарқынды түрде өзгеруде. Елбасы сөзімен айтсақ: «Заманауи технологиялар дүниені өзгеріске ұшыратуда. Жаһандық технологиялық ілгерілеушіліктер өзімен бірге сын-қатерлерді де, сондай-ақ өсімнің жаңа мүмкіндіктерін де алып келуде». Соған байланысты жаһанды жайлаған интеграциялық, экономикалық және геосаяси үдерістердің беделді әрі белді қатысушысы болып саналатын Қазақстан да басты әлемдік трендтерге сай дамудың өзіндік жолын қалыптастыруда. Оған Мемлекет басшысының кешегі қазақстандық басылымдарда жарияланған Жолдауының жаңа, серпінді әрі өте ұтымды үлгісі айқын дәлел.
Бұл жай ғана өнеркәсіптік модернизация емес. Жолдауда технологиялық, сандық, индустриялық өркендеудің өзекті тұстары қамтылған. Елбасы сан-сала бойынша жақын болашақта мемлекеттің жүрер жолын айқындап берді. Мұнда белгіленген міндеттер Н.Назарбаевтың жаһандық қатерлерге де берген жауабы іспетті. Елбасы алдымызда жүзеге асыратын 10 негізгі міндетті атап көрсеткен. Мәселен, индустрияландыруда жаңа технологияларды енгізу, ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту, агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту үшін «ақылды технологияларды» қолдану, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін одан әрі арттыру, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу секілді мәселелердің қай-қайсы да бүгінгі қоғамда ерекше маңызға ие. Осы алдымызға қойылған кешенді міндеттердің көшін сандық технологиялар бастап тұруы бекер емес. Заманауи технологияларды ел өмірінің басым салаларына енгізу арқылы экономикалық дамудың жаңа моделін жасау – бүгінгі күннің басты талабы.
Бүгінгі күні әр тиынның сұрауы күшті. Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекет бүкіл Қазақстан бойынша жаңа бағдарламаларды қолға алуға миллиардтарды бөлетін болады. Біздің Елбасы индустриялық салада жаңа толық кешенді салалар пайда болатыны туралы айтты. Осындай күрделі тапсырманы алдымызға қойып отырғандықтан қаражат мейлінше тиімді игерілуі тиіс. Әр жобаның нақты мерзімі, бақылау индикаторы және нақты жауапкершілікті мойнына алған лауазымды тұлғаны көрсете отырып, толыққанды бизнес жоспары ретінде дамыту қажет. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының өз Жолдауында жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігін басым міндеттердің қатарына қосып, жемқорлықпен күресті күшейту туралы тапсырмасы дер кезінде жасалған қадам болды.
Жолдаудағы ең маңызды жетінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту. Әлемде жаңа технологиялар мен ақпарат ағымының тез өзгеруіне байланысты біз сол үдерістен қалмай, бәсекеге қабілетті болуымыз қажет. Бұл ретте ата-бабаларымыздан қалған тарихи-рухани мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді сақтай отырып, бүгінгі заманның талабына сай жаңа буынды қалыптастыру маңызды. Ол үшін латын әліпбиі және үш тілді оқуға кезең-кезеңімен көшу, ІТ-білімді, қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында атқарылатын жұмыстар нақты көрсетілген. Жолдауда «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру жайының сөз болуы да – жастардың келешегі үшін жасалып отырған байыпты қадам.
Сонымен қатар, Елбасы Жолдауында нарыққа жаңа маман дайындап жатқан жоғары оқу орындарының білім беру сапасына баса назар аудару керектігі жөнінде айтылған. Олардың кадрлық құрамына, оқыту әдістемесіне, материалдық базасына баса назар аударып, талапты күшейту – жоғары білімнің сапасын арттыра түсетіні анық.
«Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек» деген Елбасы сөзінде үлкен мағына жатыр. Себебі, әр халық, әр мемлекет ғасырлар бедерінде рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Ал рухани жаңғыру мен жаңаруда білім берудің ролі зор. Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай, ескере отырып, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қабылдай білуіміз керек. Бірнеше тілді білген адам ештеңеден ұтылмайды.
Мемлекет басшысы айқындаған төртінші өнеркәсіптік революция – экономиканың жедел технологиялық жаңаруына соны серпін, инновациялық салаға қуатты күш беретіні кәміл. Елбасымыз келешегі зор бастамалар мен іргелі жобалар негізінде индустрияландыру саласын өркендету үшін жүйелі жұмыстар атқару туралы алдымызға стратегиялық міндеттер қойды. Бұл тұрғыдан алғанда 2018 жыл – Қазақстан үшін аса маңызды жыл болады. Біздің еліміз аса маңызды қадам – өнеркәсіп жүйесін жаңғырту мен «цифрлық дәуір» талаптарына сай болу үшін бірнеше қайта құруларды бір мезетте жүзеге асыруы керек. Ауыртпашылықтар аз емес, алайда нәтижесі жемісті болатыны сөзсіз.
Қорыта келгенде, Елбасымыздың биылғы Жолдауы да бірлігі бекем елімізді асқаралы асуларға жеткізіп, жарқын болашақтың бағдарына айналатындығына сенім шүбәсіз.
Өркен ТӘЖІБАЕВ,
Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары