Геолог ауылдық округіне қарасты «Мирас» ықшам ауданындағы 130 бүлдіршін «Нұрәлем» бөбекжай-балабақшасына барады, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жаңа мектепке дейінгі мекемеде бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне сәйкес арнайы жеті топ ашылған. Олардың әрқайсысында 20-25 бала бар. Балабақшаға бүлдіршіндерді 2 жастан бастап қабылдайды. Балабақша ғимаратының жалпы ауданы 7 604 шаршы метрді құрайтын 2 қабаттан тұрады. Сондай-ақ кең спорт және музыкалық залдар бар.
«Бізде тәжірибелі және жас мамандар жұмыс жасайды. Сонымен қатар, арнайы психолог кабинеті қарастырылған. Бүлдіршіндеріміз қазақ, орыс және ағылшын тілдерін толық меңгереді. Бізде қажетті жабдықтар бар. Біздің балаларымыз үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған»,-дейді «Нұрәлем» балабақшасының жетекшісі Гаухар Төлегенова.
Бүгінгі күні қалада 7 800 бала балабақша кезегінде тұр. Өткен жылы Атырау қаласында және қала маңындағы елді мекендерде үш балабақша пайдалануға берілді. Атырауда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 20 балабақшаның құрылысына жобалық-сметалық құжат дайындалады. Осылайша, жақын арада қалалық және ауылдық округтерде мектепке дейінгі мекемелердің жетіспеушілігі мәселесі толығымен шешілетін болады.