Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде Мойынқұм ауданының құрметті азаматы, белгілі құсбегі Жапар Сатылғановтың «Қазақтың құсбегілік дәстүрінің рухани жалғастығы» атты көрмесі өтті. Көрме барысында құсбегі ғасырлар бойы қазақтың қанында қалыптасқан, болмысымен біте қайнасқан саятшылық жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ ол бабалардан мирас болып қалған құсбегілік дәстүрді қазақы салтпен астастыра отырып дамыту қажеттігін де сөз етті.
Осы орайда бабадан қалған құсбегілік дәстүрді жалғастырып келе жатқан Жапар Сатылғанов әкесі Тілеужаннан қалған 28 этнографиялық бұйымды музей қорына тапсырды. Аталған бұйымдардың ішінде қолға құс қондырғанда киетін биялай, көне шапан, түлкі тымақ, құсқа жем беретін саптаяқ және аңшылыққа шыққанда белге тағатын белбеу сияқты жәдігерлер бар.
Хамит Есаман, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы