Көк айдынды Каспий жергілікті тұрғындарды бір шошытып алды. Бұған дейін итбалықтардың жаппай өлуімен дүйім елді дүрліктірген теңіз енді қызыл түске еніп шыға келді.
Теңіз суының қызаруын оншақты күн бұрын байқаған тұрғындар 6 қаңтар күні оның нақты қызыл түске айналғанына алаңдады. Уақыт өте келе Ақтау қаласының «Шағала» қонақ үйі мен «Нұр плаза» жағажайына дейінгі аймақта судың қызаруы күшейе түскен. Теңіз жағасында серуендегендер бұл жағдайды экологиялық ахуалмен байланыстырып, жағада қыдырудың, теңіз ауасымен демалудың зияндылығы туралы ойлана бастады, тіпті теңіз жағасына келушілер қатары сирей бастады.
Алайда, мамандар теңіз суының қызаруының экологиялық жағдаймен байланысы жоқ екендігін айтуда.
Қыстың жылы болуы салдарынан су асты өсімдіктері жаппай көбейіп, өсіп-өніп, теңіздегі жел, дауыл кезінде жағаға қатты ұрылуынан қызарған, сондай-ақ ол маңда өндіріс орындары жоқ, оның үстіне құстар емін-еркін жүзіп жүр, олар сол балдырлармен қоректенеді, деп түсіндіреді. Мамандар жағдайды одан әрі зерттей түсу үшін суы қызарған аймақтан су, ауа және жер сынамаларын алды.
Тұрғындар теңіз суының қызаруын тегіннен-тегін емес деп отыр.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы