Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы болашақты бағдарлаған, технократиялық негізгі құжатымыз.
Әрине, жаңа Жолдаудың негізгі бағыты – қоғамдық дамудың барлық салаларына енетін экономиканың толық цифрлы деңгейге өтуі болып табылады. Онда цифрлы технологияларды индустрия саласында қолдануға баса назар аударылған. Мысалы, қазақстандық өндіріс орындарын цифрландыру бойынша маңызды жобаны алуға болады. Қазақстандық эко-жүйені қалыптастыруға қатысушы институттар қатары АХҚО және халықаралық ІТ-стартаптар технопаркімен толықты.
Қазақстанда жүзеге асқан Назарбаев Университеті жобасы қазіргі таңда медицина және инжинирингтік әзірлемелердің орталығы, сондай-ақ халықаралық білім беру саласындағы ынтымақтастық үшін маңызды хаб болып отыр. Инновациялық технологиялар паркі жастар бастамаларын жинақтаудың басты орталығы болу әлеуетіне ие.
Қоғамда цифрлы ғасырға аяқ басуымен қатар, киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығы арта түсуде. «WannaCry» және «BadRabbit» вирустық бағдарламаларының таралу тәжірибесін ескерсек, одан қорғануға ешкімнің иммунитеті жоқ деп айтуға болады. Сонымен бірге олар компаниялар мен банктерге үлкен шығын әкеледі. Оларды ақпараттық қауіпсіздік және криптография саласындағы мамандар анықтайды, осыған байланысты ақпаратты қорғау және тиісті мамандарды дайындау мәселелері өзекті болып табылады. Сондықтан Мемлекет басшысы Жолдауында киберқауіпсіздік саласындағы шаралар Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы деңгейіне көтерілуі тиіс екенін атап өтуі кездейсоқтық емес. Цифрлы экономика басқару жүйелерін және модельдерін түбегейлі өзгертеді. Ең алдымен, ол өзіміздің электронды өнімдеріміз бен өндірістік технологиямызды кеңейту қажеттілігі туралы ойлауға итермелейді.
Біз бүгінгі таңда шет мемлекеттердің цифрлы технологиялары мен өнімдерін, оның ішінде танымал мессенджерлерді, пошталық серверлерді, браузерлерді, әлеуметтік желілерді тұтынушы ғана болып келеміз.
Қазақстан өзінің математикалық, инженерлік ізденістер, информатика, есептеу техникалары салаларында айтарлықтай тарихи базаға ие. Мұның бәрі жаңа сапаға айналуы мүмкін және өзгеруі тиіс. Егер назар салар болсаңыз, біздің жастарымыз жасампаздықтың ең жоғары мүмкіндіктерін көрсетуде. Мысалы, «Рухани жаңғыру» жобасы аясындағы 100 жаңа есім ұлттық байқауының жеңімпаздары арасында бионикалық қол протезін ойлап тапқан жас өнертапқыш бар, оның өнімі қазірдің өзінде-ақ адамдардың игілігіне айналып отыр.
Жолдау сапалы өзгерістерге әкелетін тапсырмалар мен міндеттерге толы. Мәселен, бірінші кезекте өскелең ұрпақты мектепке дейінгі балалар мекемелерінен бастап дамытуды қамтамасыз ету ісі маңызды. Адамдардың қабілеттерінің 80%-ы 5 жасқа дейін қалыптасады. Сондықтан осы аралық шығармашылық тұлғаны қалыптастырудың белсенді кезеңі. Осы орайда ата-аналардың қатысуы, педагогтардың, білім беру мекемелерінің және отбасының өзара әріптестігі болуы керек. Екіншіден, орта білімді «технологияландыру» бойынша іс-шаралар, оның ішінде жаратылыстану ғылымдары және математика пәндерін оқытудың сапасын арттыру, жанбасылық қаржыландыру, педагогикалық факультеттер мен кафедраларды дамыту және ең негізгісі өз инфрақұрылымы, компьютерлері, зертханасы және 3D принтерлері бар балалар саябақтары мен бизнес-инкубаторлардың желісін дамыту маңызды.
Үшіншіден, бұл жоғары оқу орындарының академиялық еркіндіктерін кеңейту, цифрлы технологиялар мен озық ғылыми салалардағы шетелдік сарапшылар мен оқытушыларды тарту мүмкіндіктері болып табылады. Сондықтан қазіргі заманғы дағдылар және білімді қолдануды көздейтін жаңа кәсіби стандарттарды әзірлеу қажет.
Төртіншіден, электронды еңбек биржасын қалыптастыру, үйден шықпай-ақ жастардың білім алуына, біліктілігін арттыруға қажетті ақпаратты алуға мүмкіндіктер жасалуы тиіс.
Бесіншіден, қашықтық диагностиканы қолдану арқылы созылмалы ауруларды басқару жүйесін енгізу маңызды. Тағы бір маңызды мәселе – қауіпсіз және табысты қоғам үшін негіз ретінде қоғамдық денсаулық және саламатты өмір салты стандарттары мен критерийлерін насихаттау маңызды. Алтыншыдан, әлеуметтік және білім беру саясаты барынша прагматикалыққа айналуда және барлық адам ресурстарын экономикалық айналымға енгізуге бағыттайды. Осы орайда Жолдауда айтылған I топтағы ересек мүгедек балаларға қамқоршы болатын ата-аналарға әлеуметтік жәрдемақы төлеу туралы шешім әлеуметтік саясаттың жетістігі мен жеңісі болды.
Жетіншіден, мемлекеттік салаға жаңа басқарушылардың келуіне жағдай жасау қажет. Олардың үлесі факторлық-балл жүйесі арқылы бағалануы тиіс. Сонымен қатар цифрлы экономиканы дамыту бойынша барлық іс-шаралар жас энергияға, жастар мен өскелең ұрпақтың экономикалық және әлеуметтік белсенділігіне деген сұранысты арттыруға бағытталған. Қазақстан дарындылар мен таланттарды барынша ерте, мектепке дейінгі және жалпы білім беру мектептері кезеңдерінде анықтауы қажет.
Біз кадрларға деген жаһандық бәсекелестік дәуіріне кірдік. Осы орайда цифрлы технологиялар саласында бізге екі үрдісті дамыту керек. Бір жағынан, кадрларды даярлау ісін, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында мамандар дайындайтын университеттерімізді нығайтуға тиіспіз. Екінші жағынан, біздің мамандар дағдыларын жетілдіріп, жоспарларын жүзеге асыруға жол ашатын инфрақұрылымды дамыту қажет. Инновациялық алаңдар, хакатондар болуы керек. Тиісінше, электронды инфрақұрылымды дамыту арқылы осы мамандарға деген сұранысты қалыптастырғанымыз абзал.
Қазіргі таңда тек әлеуметтік желілерге байланған жастардың ауқымды энергиясын өнертапқыштыққа бағдарлап, әлеуметтік желілер мен интернетте жай саяхаттаудың орнына электронды сауда мен инновациялық жаңалықтар арқылы пайда табу дағдыларын дамыту мүмкіндігі туындап отыр. 2017 жылғы Оксфорд сөздігінің негізгі сөзі «жастар сілкінісі» болуы кездейсоқтық емес. Бұл миллениал ұрпақтың, яғни 2000-шы жылдардан кейін туған ұрпақтың оянуын білдіреді. Осы ұрпақ бұған дейінгі жастардан көптеген параметрлер бойынша ерекшеленеді.
2019 жылдан бастап 10-11-сыныптарда жеке пәндерді ағылшын тілінде оқытуды бастау жоспарланып отыр. Ағылшын тілінің цифрлы әлемде үстем жағдайға ие екендігін ескеретін болсақ, оны үйрену еліміздегі цифрлы технологиялардың жылдам дамуына ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, жаңа Жолдау Елбасының 2017 жылдың қаңтарында жария еткен Үшінші жаңғырту басымдықтарымен, сондай-ақ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен сәтті үндеседі. Президенттің жаңа Жолдауы бізді жігерлендіреді және болашақ үшін жауапкершілікті арттырады.
Зарема ШӘУКЕНОВА, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры