Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауына қатысты мәлімдемесі мен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауындағы жетінші міндеттің бүгінгі күллі қоғамымыз үшін көкейкестілігіне ерекше мән берілгеніне ден қойып, ықыласпен таныстым. Алдағы 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі білім беру ісінде бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттілігін шын мәнінде қазіргі таңда ерекше сезініп те отырмыз. Оған дайындық та жасалу үстінде. Өйткені балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқуы мен мектеп талаптарына машықтануы оның тікелей әлеуметтік дағдысына байланысты.
Күні ертең мектеп табалдырығын аттаған жеткіншек орта білім саласындағы жаңартылған оқу бағдарламасын жан-тәнімен сезінуі тиіс. Жаңартылған мазмұнға көшу еліміздің білім ордаларында қазір жалғасын табу үстінде. Оның алғашқы қадамдары Алматы қаласында жаңа оқу жылында байқалды да. Яғни, мектеп бітірушілерге арналған өткен жылғы сынақ жаңа тұрғыда – жаңа форматпен өтті. Бәрі тіпті біз күткеннен де күрделілеу болып шықты. Науқан кезінде салаға қатысты ең жауапты деген азаматтардың өзі уақыт тапшылығын көріп, қиналғандай болды, бірақ білім саласындағы жаңа бағыттың болашағы үшін барлығы бірдей жұдырықтай жұмылды. Дәл Алматыдағыдай қарбалас мезгіл еліміздің өзге де өңірлерінде байқалды. Өйткені өзара байланыс арқылы біз еліміздің түкпір-түкпірінде болып жақтан сынақ үстіндегі барлық жаңалықтардан хабардар болып тұрдық. Алдымен айтарым, Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде білім саласын реформалау ерте бастан-ақ жүріп келеді. Өткен жыл сындарлы бағдарламаның сын сағаты болды десем артық айтпас едім. Алғашқы қиындықтар туралы сол тұста баспасөз беттерінде өз ойымды білдірдім де. Мәселен, балалар мектеп қабырғасында жүріп, жаттауға мейлінше дағдыланып алды. Осыған байланысты мектептегі сынақ пен ЖОО-дағы емтиханды байланыстыруға болмайды дегенді ұстаздар қауымы әуел бастан-ақ айтып жүрдік емес пе?! Заты 11-сыныпты бітіргенмен де балалардың ЖОО-ға деген қабілеті де әртүрлі жолмен қалыптасады. Ең алдымен бізде әлемдік тәжірибедегі секілді, бірінші сыныптан бастап балаларды бейімділігіне қарай жіктеу жоқ еді. Баланың аты – бала, тең көреміз, бірақ білім саласында олардың қабілетіне қарай бейімделуге міндетті емеспіз бе?! Олардың барлығына бірдей теңдей білім беру өмірлік тәжірибе көрсеткендей, мүмкін де емес. Сондықтан да баланың орта білімі жөніндегі аттестатты алу құқы өздеріңіз білетіндей, өткен жылдан бастап бала білім алған мектептің өзінде қалды да, ЖОО-ға түсу әдеттегі ҰБТ-ға жүктелді. Осының өзі, яғни әуелде таңсық көрінген жаңа реформалық іс-әрекет көпшілікті аздап болса да «абыр-сабырға» түсіргені де рас. Дегенмен менің өмірлік тәжірибем көрсеткендей, үстіміздегі жылдан бастап бұл жаңалық та өмірге дендеп енеді. Тіпті соңыра жаңалық саналмай қалады. Мектепте аттестат берген мұғалімнің баланың ЖОО-ға түсуіне еш қатысы болмауы керек. Жоғары оқу орнында бала өз таңдауын өзі жасауы тиіс, өзі бұрын да солай емес пе еді? Өткен жылдың тағы бір ерекшелігі – үш пәнді міндетті, екі пәнді бейімді сала етіп белгілеп қою болатын. Жасыратыны жоқ, осының өзі балаларға тосын қиындықтар туғызғаны рас. Бірінші сыныптағы жүрген жаңа жүйе 11-сыныпқа бірден енгізілді. Олар математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығы деп екіге жіктеледі. Былтырғы мектеп бітірушілерді мұғалімдер шамасы келгенше уақыттың тапшылығына қарамастан тез дайындады, бұған бұрын дағдыланбаған балалар үшін ол қиындық туғызды. Соған қарамастан біздер, мұғалімдер, министрлікке мектеп пен ЖОО арасын кәсіби талаптарға сай бөлгеніне мың рахмет айтамыз. Себебі бүгін Президент Жолдауының әрбір тармағын оқи отырып, білім саласындағы басталған бұл реформаның өміршеңдігіне иланасың.
Осы орайда өткен жылы бой көрсеткен тағы бір «әттеген-ай» туралы айтпаса және болмас. Бейімді пәндер туралы сөз қозғар болсақ, мәселен, олар екеу, талапкер олардың әрқайсысынан 20 балл жинауы керек. Ол 20 баллды көп деп те айтуға болмайды, әрине, бірақ аз да емес. Баланың бұл жерде еш жазығы жоқ. Білім және ғылым министрлігінен сынақ тақырыптарынан бастап, эссе жазуға байланысты бағдарламалардың оқу жылының аяқталуына екі ай қалғанда келуі де дұрыс емес. Миллион сұрақ болса да мектепке ерте бастан жетуі тиіс еді. Мұндай кем-кетіктер үстіміздегі жылы қайталанбайды деп ойлаймын.
Өткен жылғы жаңа пішімдегі сынақ алудың жағымды жақтары бүгінгі Жолдау талаптарына сай жауап берді деп тағы да сеніммен айта аламын. Баланың аты – бала, өте білімді шәкірттің өзі ойламаған жерден сүрінеді, тәжірибеден көріп те, біліп те жүрміз. Құдайдың жай күнінде шатаспай жап-жақсы жауап беріп жүрген балалардың аяқ астынан жүйкесі сыр беріп қоятыны бар. Негізгі сыннан сүрінген бала кейін тамыз айында тура бастапқыдай сынақтан қайта өтті. Тамаша емес пе, таптырмайтын жақсылық емес пе!? Бала мүмкіндігінің шектелмегені осы.
Әйтсе де Жолдауда атап көрсетілгендей, «біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек» деген талаптарды шын жүрегіммен қостаймын.
Жолдауда көрсетілгендей, тәуелсіз Қазақстанның жеткіншектері еліміздің болашағы үшін қазақ, ағылшын, орыс тілін еркін меңгеруі керектігін де еліміздің педагогтар армиясы өте жақсы түсінеді. Ол үшін қаншама жаңа әдістемелер өмірге келді. Әрі өзінің лайықты жалғасын таба берері де сөзсіз. Балаларымыздың интернет желісін игерудегі шапшаңдығы көңіл қуантады. 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу де бүгінгі білім беру саласындағы ең өзекті бағдарлама болып отыр. Озық білім беру мен құзыреттілікке қол жеткізген бала ғана жоғары оқу орындарынан өзіне лайықты орын табады. Ол үшін педагогтарды оқыту мен олардың біліктілігін арттыру Жолдауда көрсетілгендей қайта қарауды талап етеді. Өте дұрыс. Елімізде талай талантқа сонда ғана жарқын жол ашылады.
Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауында атап көрсетілген он міндет бір-бірімен үндесіп еліміздің болашағы үшін тарихи өрлеуге бастай отырып, Қазақстанда біртұтас ұлт болуымыздың алғышарты деп түсінемін.
Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері
АЛМАТЫ