• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Қаңтар, 2018

«Паншер патшасы»

817 рет
көрсетілді

Қазақтың ұзын-сонар тарихының дені – ерлік пен өрліктің шежіресі. Біздің піл сауырлы ұлан-байтақ даламыздан алашқа аты ұран болған баһадүрлер мол шыққан. Батырлықтың арнасы Екінші дүниежүзілік соғыспен бірге суалған жоқ. Бүгінде қазыналы жас жетпіске толып отырған Ауған соғысының даңқты батыры Борис Төкенұлы сондай айбынды алыптардың лайықты мұрагері.  

Ауған соғысында қаншама ер жанқиярлық ерліктерімен көзге түсті, асқан батырлықты паш етті. Бірақ солардың ішінде тек Борис Керімбаевты, яғни қазақтың «Қара майорын» ғана ке­ңес жауынгерлері де, ауған­дық­­тар да сөзсіз мойындады. Оның әскери биік тұлғасы дау ту­дырған емес. Бәрі де оның ерен ерліктерін, биік рухын бір кі­сідей танып, жоғары баға­лай­ды.

Б.Керімбаев – қазақ арасынан ауған даласына тікелей КСРО Қарулы Күштерінің Бас барлау басқармасына (ГРУ) қарасты арнайы мақсаттағы 177-ші жеке отрядтың командирі болып кірген бірінші адам. Ол қан майданда, ұрыстардың қыз­ған кезінде, «тар жол, тайғақ ке­­шулерде» жанкештіліктің, та­бан­­дылықтың және әскери ше­бер­ліктің талай жарқын үлгісін көр­сетті. 

Борис (Бақыт) Керімбаев Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Аққайнар ауы­лында 1948 жылдың 12 қаң­тарында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Ша­ңы­­рақтағы жалғыз бала. Орта мек­тепті бітірген соң, Таш­кент­тегі жалпыәскерлік коман­да­л­ық әскери училищеге түседі. Лей­тенант Керімбаевтың ал­ғаш­қы офицерлік жылдары Гер­ма­ниядағы Кеңес әскерлері то­­бында мотоатқыштар взво­ды­­ның командирі, одан кейін полк­тің барлау ротасының ко­ман­­дирі лауазымдарында өтеді. Артынша қызметін Орта Азия әскери округінде жалғастырады. 1980 жылы қаңтар айының басында Теміртауда мотоатқыштар батальонының командирі болып жүргенде, Африкадағы Эфи­опияға жаяу әскер бригадасы ко­ман­дирінің кеңесшісі ретінде іссапарға жіберілмек болады. Алай­да қар борап, шыңылтыр аяз жүзді қарыған қыс айының ая­ғында оның тағдырын кү­рт өзгерткен басқа шешім қабыл­да­нады.

Борис Керімбаев қаңтар түге­с­і­луге таяғанда, Мәскеуге аттану ту­ралы шұғыл бұйрық алады. КСРО астанасында оны жауапты тұлғалар әуежайда күтіп алып, ГРУ-ға бастайды. Мұнда кабинеттен кабинетке кіргізіп, көптеген басшылар әңгімеге тартады. Бас барлау басқармасында айналасы екі күннің ішінде ол 11 генерал-майордың, 3 генерал-лейтенанттың және 2 генерал-полковниктің қабылдауында бол­ған. Осылайша әбден електен өткізіп, сынап, мұқият тек­се­реді.

Ертесіне ГРУ бастығы, армия генералы Петр Ивашутин Борис Керімбаевты жаңадан қалып­тастырылатын 177-ші арнайы мақсаттағы жеке отряд­тың командирі болып тағайын­да­луымен құттықтайды. Кеңес Ода­ғының әскери басшылығы бұл жерде Борис Төкенұлының қазақ батырларына тән қаһар­лы­­лығы мен қайсарлығын, ай­ба­ры мен айбатын ескереді. Қа­жыр-қайраты, төзімділігі мен батылдығы сыртында, «Қара май­ордың» парасатты, бі­лі­м­ді, білікті, құрметті командир екендігін Бас штабтағылар жақ­сы түсінеді. Ол – талай сы­нақ­тан сүрінбей, сынбай, шың­да­лып өткен адам. Оның үстіне картографиядағы білімі терең әрі штабтағы жұмыс тәжірибесі де бар. Сондықтан осының бар­лы­ғын назарға ала келе, Кеңес өкіметі оған зор сенім білдіреді. 

Кандидатурасы бекі­тіл­ген­­нен кейін Борис Керімбаев Алматыға оралады. Қалаға жа­қын орналасқан Қап­шағайда 177-ші арнайы мақсат­тағы жеке от­ряд­ты құруға бағытталған жұ­­мыс қызып жатыр екен. Ол кез­де Кеңес Армиясында әуе-де­санттық және арна­йы мақ­сат­тағы әскерлерге («спец­наз­ға») негізінен славян тектес ха­лықтар мен Балтық елдері өкіл­дері шақырылатын, ал аз­шы­лық ұлттар басым көп­ші­лі­гінде тек әскери-құрылыс бө­­лім­деріне жолданатын. Ар­на­йы мақсаттағы «мұсылман ба­та­льонының» тізгіні қолына тиген Борис Төкенұлы бөлімдер мен гарнизондарды аралап жү­ріп, кілең сайдың тасындай сай­ып­қ­ыран жігіттерді өзі ірік­теп алады...

Ақыры 1981 жылдың 25 қаза­нында отряд екі эшелонға тиеліп, Ауғанстанмен арадағы шекараға аттанады. 29 қазанның таңында ауған шекарасын кесіп өткеніне бір сағат қана болғанда олар дұшпандармен шайқасқа кіреді. Сонда бірінші рет жарақат алады.

Негізі «Қара майор» ауған­да­ғы қанды қырғындарда қандай қиын­дық көргенін, қанша жа­ра­қат алғанын айтпайды. Бі­р­ақ алға оза, айта кетсек, елге қай­тқаннан кейінгі бар ғұмы­ры өмір үшін күреске айналды. «Бір жылда онға жуық опе­ра­ция жасаттым», дейді өзі. Шын­дық. «Сол ауғанда көрген азабымның тозағы енді ғана басталған сияқты», дейді. Неге олай болды? Өйткені ол баз бір қолбасшылар сияқты штабта, төрт қабырғаның ішіне тығылып алып, бұйрық берген емес. Қан-қасаптың ортасында өзі жүрді. Тағдырын өзіне сеніп тапсырған сарбаздарына қорған болды. Тастың қалқасында жасырынып алып команда берсең, ондай сардарды ешкім салмақты қабылдамайды. Командир бол­саң, қару алып, алға шық. Сон­да ғана сені тыңдайды. Сенеді. Ере­ді. Борис Керімбаев – осы жа­­зылмаған заңдылықты бас­шы­лыққа алған қолбасшы. 

Тарихқа шолу жасай кетсек, 1980 жылдың қаңтарында КСРО арнайы әскер жіберіп, Ауғанстанның билеушісі, дінді ұстанушыларды қудалап, ауған­дықтар арасында өшпен­ділік өртін тұтандырған Хафизулла Аминді құлатады да (оны шабуыл барысында атып тастаған), ор­нына тағы бір коммунист Баб­рак Кармалды отырғызды. Алай­­да ауған халқының басым көп­шілігі Кармалдың қуыр­шақ өкіметінен гөрі, дала ко­ман­­дирлері арасындағы ең бе­дел­дісі, ауған батыры Ахмад шах Масудты қолдайды. Оның күшейгені соншалық, 1981 жыл­дың аяғында бүкіл Ау­ған­стан ау­мағының үштен бір бөлігіне бақылау орнатады. Бұл «елде қос билік орнағанын» білдіреді. 

КСРО енді еріксіз Ахмад шахпен санасуға мәжбүр болады. Ауған соғысының тарихын зерттеп жүрген отандық және батыстық ғалымдардың ай- туынша, 1981 жылы Ахмад шах Масуд моджахедтерінің, яғни жауынгерлерінің жалпы саны 100 мыңға жуықтаған. 

Билік ауысқаннан кейін шах Ка­булды тастап, өзінің туған өл­кесі Паншерге келеді. Паншер – жүз шақырымға созы­лып жат­қан, о шеті Пәкістанға шы­ға­тын, бұ шеті Саланг өткеліне, яғни Кеңес Одағынан Кабулға барар стратегиялық жолға тірелетін таулы, қыратты, үлкен аймақ. Кішігірім мемлекет сыйып кететін өңірде қалалар да, кенттер де, қышлақтар да, өндіріс орындары да, халық та молынан шоғырланған. Бұл, сонымен бірге, дұшпандардың басты көліктік күретамыры болатын,  олар сол жолмен тең-тең жүк тиелген керуендер арқылы өз қолдаушыларынан көмек алды. Ауған соғысы кезіндегі қиян-кескі шайқастардың негізінен осы шатқал үшін болғанын айта кеткен жөн. Өйткені он­да­ғы Паншер шатқалы – үл­кен стра­те­гиялық маңызға ие нүкте. Бұл шат­қалда атыс ұясы­на ыңғайлы биіктер, табиғи үңгір­лер, жасырын қуыстар, ұры соқ­пақтар, керуен жолдардың неше атасы, күре жолдар, маңызды бекеттер, қолайлы бекіністер мол-ақ. 

Ауғанстан астанасы Кабул мен осы Паншердің арасы – 80 шақырым. Шахтың мод­жа­хед­тері Кабулға бара жат­қан ке­ңес әскерлері мен авто­колон­­наларды ат­қылап, маза бер­мейтін. Олар кеңес армиясы­мен де, Бабрак Кармал бас­қар­ған Ауғанстан өкіметінің әс­ке­рімен де қатар соғысты. Азық-түлік, құрал-жабдық тиелген көліктерді Кабулға жеткізу Ке­ң­ес Одағы үшін үлкен мұңға ай­нал­ды. 

Содан КСРО Қорғаныс ми­нистрі маршал С.Соколов бас­таған орталықтағы әскери қол­бас­шылар Паншерге шұғыл шабу­ыл жасау керек деп шешеді. Олар бұл ретте Ахмед шах Масудтың өзі мен әскерлерінің көзін біржолата құрту мүмкін еместігін де түсінеді. Дегенмен қол қусырып қарап отыру – оның әлемдік держава атағына сын. Бұлардың мақсаты – шахты әл­сірету арқылы ресми өкімет­пен келіссөзге келуге мәжбүрлеу болды. 

Сонымен кеңестің «Шек­теу­лі контингенті», соның ішінде 177-ші отряд, 1981 жылдың мамыр айында Паншерге шабуылды бастайды. Операцияға 12 мың кеңес солдаты, Б.Кармал би­лейтін ресми үкіметтің 8 мың ау­ғандық жауынгері, барлығы 36 батальон жұмылдырылады. Мұ­ның сыртында шабуылға 300 тікұшақ, 26 әскери ұшақ, қап­таған броньды техника мен ар­тил­лерия және қосымша күш­тер қатысады. Бұл Ұлы Отан со­ғы­сы­нан кейінгі ең ірі ұрыс операция­сы болатын.

Бір аптаға созылған қиян-кескі шайқаста екі жақ та үлкен шығынға ұшырады. Бір мың жау­ын­гері қаза тапқан, екі мың­дайы жараланған біздің әс­кер шатқалды өз қолына алады. Ахмад шах Масуд шағын то­бы­мен Пәкістанға өтеді де мод­жа­хедтердің бір бөлігі шашырап ке­теді, қалған бөлігі тау-тас арасы­на тығылады.

Иелік ету аздық етеді, енді кеңес әскеріне қайткен күнде Пан­шерді ұстап тұру керек бола­ды. Ахмад шах сонда ғана ке­ліссөзге келуі мүмкін. Алайда Пан­шерді бақылау үшін дәл сондай қуатты әскерді қалдыруға тура келер еді. Бұған қажетті күш же­тіс­пейді. Одақтан қосымша бө­лім­дерді енгізу де мүмкін емес. Содан кеңестік әскерді әке­тіп, Паншерді Ауғанстанның үкі­меттік әскерлеріне тапсыру ұйғарылады. Бірақ Бабрак бұ­дан үзілді-кесілді бас тартады: «Бізге әзірге Паншер керек емес, алдымызда бұдан да ма­ңыз­ды міндеттер тұр...», деп мә­лім­деген Бабрак Кармал 16 бата­ль­он­дық ауған әскерін түгел дерлік Кабулға алып кетеді. Мұның мәнісі де бар-тын: олар шатқалға кіруге де қорқатын, себебі мұн­дағы жергілікті жұртшылық бей­біт күндерде де орталық билікті мойындамайтын. 

Осы кезде Ахмад шах Пәкіс­танда отырып, батыс журна­лис­терінің көзінше Құран ұстап, бір айдан кейін кеңес әскерлерін Пан­шерден қуып шығуға уәде бе­реді. Ахмад шах – уәденің адамы. Айтты ма, бітті, оны орындайды! Енді не істеу керек?

«Тым болмағанда Паншерді бір ай ұстап тұру керек!» деп ше­шеді КСРО-ның әскери қол­бас­шылары. Сонда маршал Со­колов шатқалға кілең сай­дың тасындай іріктелген, ең таң­­даулы, жаужүрек сарбаздар­дан құралған әрі шайқас бары­сынд­а ерлігімен танылған «Қа­ра майордың» батальонын қал­ды­ру­ға ұйғарады. 

177-ші отряд Ауғанстанда үс­тем­дік беретін биіктіктерді иел­еніп қана қойған жоқ, сондай-ақ осы биік таудағы позицияларды 8 ай бойы ұстап тұрды. Бас­тап­қыда қолбасшылық шат­қалға ең болмаса бір ай қожалық етуді жоспарлағаны мәлім. Жазда кірген еді және белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін кетуге әзірленіп жатқанда, жағдай өзгеріп шыға келеді де, олар қыстауға дайындалуға мәжбүр болады. Нәтижесінде бұл жайт Ахмад шах үшін «тамаққа қадалған қылқанға» айналады. Себебі ол осының кесірінен қар түс­кенше қару-жарақ және басқа керек-жарақты керуен жолдарымен тасып, қысқа әзірленіп үлгермей қалады.

Ахмад шах Масудтың қазақтың отыз жасар батыр жігіті «Қара майордың» басына 1 миллион доллар тігетіні де осы кез. Тік­песке амалы жоқ, Керімбаев ба­та­льоны бұлардың алдын орап, тұтқиылдан тегеурінді соқ­қы беріп, шығынға ұшыратып оты­рады. Биіктегі бекіністер мен атыс ұяларын иемденіп алып, өліспей-беріспей тістеседі. Ах­мад шахтың әскери жоспарын быт-шыт қылып бұзады. Мод­жахедтерді бас көтертпей а­т­қы­лап, оларды ұдайы шегінуге мәж­бүр етумен болады.

Біздің Қапшағайда құрылған 177-ші арнайы мақсаттағы о­т­ряд­­тың аты аңызға айналады, даң­қы қыр асып, қиырға та­рай­ды!

Ақыр соңында Ахмад шах Масуд қаптаған топтарға бақы­лау­ды жоғалта бастағанын, олар­дың өзара қырқысулардың бат­пағына батқанын түсініп, ке­ліс­сөздер туралы ойласады. Шах­тың өзі Б.Керімбаевты уа­қыт­ша бітім бойынша келіссөзге шақырады.

«Дегенмен менімен келіс­сөз­дерді оның орынбасары, бар­лау бастығы полковник Каз­муддин жүргізді, – деп еске ала­ды Борис Төкенұлы. – Кез­де­сулерде Ауғанстанның ресми билігі атынан ешқандай лауа­зымды тұлға болмады. Бұл Ах­мад шахты қатты ашынтты: «Бабрак Кармалдың өзі қайда, оның АХДП-дағы адамдары қайда? Сендер мені «бандит» деп атайсыңдар ғой. Мен сендердің барлығыңды осы отырған жерлеріңде атып тас- тай аламын. Бандитке қандай айырмашылығы бар, үшеуді, қаласа отызды өлтіре салады. Бі­рақ сендер ауған халқына бей­бітшілік ұсынып, таза ниет­пен келіп тұрсыңдар. Сон­дық­тан өмірлеріңнен айырмай­ды. Сен­дер Ауғанстанға көмек­тес­кі­ле­рің келді, содан соғысқа тар­тылуға мәжбүр болдыңдар»,  деді ол бізге қайырылып. Мен Бас барлау басқармасының офи­­церлерімен бірге, онымен үш рет кездестім. Келіссөздер ауыр жүрді, өйткені шах өз ба­­ғ­ы­ныштылары алдында бе­де­лін сақтап қалуға тырыс­ты: «Сен жауынгерсің, мен де жауынгермін. Нағыз жау­ын­герлер­дей мәмілелесетін бо­ламыз». Келіс­сөздер ке­зін­де Мәс­кеу тіпті Масудқа Ау­ғанс­тан­ның қор­ғаныс министрі лауа­зы­мын ұсы­нды, бірақ ол бас тарт­ты: «Баб­рак Кармал билік ба­сында тұр­ғанда, бұл қызметке бар­маймын», деді.

1982 жылдың күзінде бі­тім туралы келісім бекітілді. 1983 жылдың 8 наурызында, шай­қасқа кіргелі бері 45 адамынан айырылған, бір жауынгерін із-түзсіз жоғалтқан (тау өзенінің арынды ағыны алып кеткен) 177-ші отряд шатқалды тастап шығады. Әрине әрбір адам өмірі құнды, бірақ бұл барлық батальондар ішіндегі ең аз шығын болатын.

Осындай тарихта қалатын, өскелең жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатын бітімнің арқасында 1982 жылдың шілдесінен бас­тап 1984 жылдың 21 сәуіріне дей­інгі аралықта Паншерде ұрыс қимылдары жүргізілген жоқ, демек қаншама адамның өмірі сақталды. Қаншама арыс азамат үйлеріне мырыш табытпен емес, өз аяғымен аман-есен оралды. Ал дүниеде адам өмірінен қымбат не бар?! Менің ойымша, «Қара майордың» Ауған соғысындағы ең басты бір ерлігі де – осы! Ауған жұртының көсемі болған Ахмад шах Масудты келіссөзге жүгіндірді, ымырадан ырыс іздеуге мәжбүр етті. Егер «Қара майор» секілді жанкешті қазақ батырлары болмаса, Масуд шах келіссөзге илігер ме еді? Әрине илікпес еді. 

Сондықтан 1982 жылдың шілдесінен бастап 1984 жылдың 21 сәуіріне дейін КСРО-ға (оның ішінде, әрине, Қазақстанға да) сау қайтқан әрбір жауынгер «Қа­ра майорға» қарыздар секі­л­деніп көрінеді де тұрады маған.

Б.Керімбаевтың «Мұсылман батальонына» дейін де, одан кейін де 40-шы Армияның қалған 8 жеке отрядының және арнайы мақсаттағы жеке ротасының бірде-бірі Паншерге тұрақты орналасқан емес. Одан кейін «спецназдықтар» Паншерге тек қысқа рейдтерге ғана ұшып баратын болған. «Қара майордың» жауын­гер­лері Ауғанстанда арнайы опе­­рациялармен және пат­ру­ль­деумен шектелген жоқ. Со­нымен бірге жергілікті ин­фра­­құрылымды дамытуға жә­р­демдесті. Бейбіт өмірді ұйым­дас­тыру ісін де қолға алды: ме­шітті, дүкендерді, жолдарды, сумен жабдықтау жүйесін қалпына келтірді. Базарларды қайта салды. Сырқаттарды қабылдау және емдеуді жолға қойды. Тізгіннің қуатты қолға көшкенін сезіп, тұрғындар қайта орала бастады. Бірнеше қарулы топ «Қара майордың» жағына шықты. Борис Керімбаев өзара іс-қимылды орнатқан соң, олардың жауапкершілігіндегі аймақтар шекарасын сызып берді. Мұны қазіргі саясаттану тілінде «қауіпсіздік аймақтары» («зоны деэскалации») деп атап жүр. Біздің арнайы мақсаттағы жауынгерлер бұрынғы моджахедтермен бірлесіп, келімсек бандалармен шайқасты. 

Кейіндері кері оралу туралы бұйрық берілгенде, ауған­дық провинциялардың бірі Дар­зобтың ақсақалдары ел билеу­ші­сі Бабрак Кармалға хат жазып, осы отрядты қалдыруды қи­ыла сұрады. Олар тіпті тамақ­тан­дыру және басқа да керек-жарақ­та­рымызды өз мойындарына алуға әзірлік танытқан. Алайда әскери бұйрық сөзсіз орындалуға жатады, «Қара майор» отрядына бейбіт өмірге ен­ген провинцияны, ондағы қайы­рымды, ықыласты жұрт­шы­лықты тастап кетуге тура ке­лді. Дарзобтың барлық тұр­ғын­дары оларды шығарып салуға шықты.

Бір атап өтерлігі сол, қай со­ғыста да қарсылас қолбас­шы­сының құрметке бөленуі, ерлі­гі­нің сүйсініс туғызуы – өте сирек құбылыс. Ауғанстанда Борис Төкенұлын «Паншер патшасы» («Король Панджшера») деп те атай бастады. Ал «Паншер арыстаны» («Лев Панджшера») – Ахмад шах Масуд болатын. 

1989 жылдың ақпан айында 177-ші арнайы мақсаттағы жеке отряд Ауғанстаннан шы­ғып, Ресейдің Мурманск об­лы­­сындағы Тайбол кентіне кө­ші­ріледі де Солтүстік-Батыс әс­кери округінің құрамына енеді. 1995 жылы отряд таратылады. Оның Жауынгерлік туы мен құ­жаттары Ресей Федерациясы Қор­­ғаныс министрлігінің мұ­ра­ғатына тапсырылады. 

2011 жылы сол кездегі Қазақстан Қорғаныс министрінің бірін­ші орынбасары – Бас штаб бастығы (қазіргі Қорғаныс министрі) Сәкен Жасұзақовтың РФ Қорғаныс министрлігінің бас­шылығымен жүргізген келіс­сөздерінің арқасында 177-ші отряд­тың Жауынгерлік туы Қаз­ақстанға қайтарылды. Қазақ­стан Қорғаныс министр­лі­­­гінің 2011 жылдың 11 қаңтар­ын­да шығарылған жабық директивасымен Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында 177-ші арнайы мақсаттағы отряд қайтадан құрылады. Отрядқа қазақстандық Жауынгерлік ту беріледі де, ескі Туы отрядтың мұражайына тапсырылады.

2011 жылы Президент – Жо­ғарғы Бас қолбасшы Н.Ә.Назар­ба­евтың Жарлығымен Борис Керім­баевқа І дәрежелі «Ай­бын» ордені табысталды. Сол жыл­дың 27 тамызында бас қала­мыз Астанада Елбасының қатысуымен «Возвращение в «А» атты қазақстандық жаңа көр­кем фильмнің тұсауы кесіл­ді. Ш.Айманов атындағы «Қа­зақ­фильм» студиясында ре­с­ей­лік режиссер Егор Конча­лов­с­кий түсірген бұл туынды сце­на­рийі­не ауған соғысында аты аңызға айналған дарабоз батыр, дарынды қолбасшы «Қара май­ордың» ерен ерліктері негіз бол­ған.

Борис Төкенұлы Керім­ба­ев­ты өзінің ерлігімен, өрлігімен, еңбегімен жеңіп алған тарихи тұғырынан ешкім де қозғай алмайды! Өйткені ол – қазақтың «Қара майоры». Күн өткен сайын оның бедел-бейнесі ай­шықтанып, дараланып, құді­рет­тене түседі. Ол құдірет ер­тең­ге кетеді, болашақтың бол­мы­сына айналып, биік адами тұлғасы ха­лықтың риясыз сүйіс­пен­шілігіне бөлене береді. 

Бақытбек СМАҒҰЛ, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары  «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы