Кезінде кеңестік идеология имандылық пен ізгілікке толы халықтық қалпымыздың жігін ажыратып, атеистік ілімді еріксіз таңа бастады. Мұның белгілі бір дәрежеде салдары да болмай қалған жоқ. Құран оқыған жерден бой тасалайтын коммунистер де табылды. Тұтас бір буынның бойында арақ-шарапқа әуестік, тіпті бірқатар шаруалардың осы ащы судың араласуымен шешілу көріністері орын ала бастады. Мұның өзі кейбір қоғам мүшелерінің абыройы мен жеке басының қадір-қасиетін төмендетуге әкелетін жағымсыз әлеуметтік жайт екені де сол дәуірдің бір шындығы.
Міне, бүгінгі ақсақалдық жасқа жеткендер сол кезеңде іс басында болған ұрпақтың өкілдері. Өмір болған соң жиын-той, садақа, қаралы дастарқан рәсімдері болмай тұрмайды. Қандай басқосу болса да, оның аяғына қарай бата беріліп, бет сипалады. Осындай кезде дастарқан басына жиналған көпшілік араларындағы жасы үлкен адамдарға қарамай ма? Ал оның беретін батасы бейне бір тост айтып тұрғандай естілетініне не дерсіз? Тіпті бір жиында бір жасы үлкен азамат өз батасын: «Ал сол үшін алып қояйық!», деп бітіргенде, жиналған жұрттың бәрі жерге қараған еді. Ақсақал деген абыройлы атқа сай келмейтін мұндай адамдарда қандай қадір-қасиет болмақ?
Қалай десек те, сөзі өтімді, абырой-беделі жоғары, айтқан сөзі Құранның сөзіндей қабылданатын аға буын өкілдері бүгінгі қазақстандық қоғамымыздың бір бөлшегі, бір қазынасы емес пе? «Қарты бар үйдің қазынасы бар», «Ауылыңда ақсақал болса, жазып қойған хатпен тең» демейтін бе еді дана халқымыз. Аузы дуалы, ісі мен сөзінің арасында айырмашылығы жоқ, жүзінен нұры, аузынан тәлімі төгілген ақсақалдар – елдің рухани тіректерінің бірі болмақ.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы Төлеби Оспан төмендегідей әңгіме айтып беріп еді: «Мен өзіме жүктелген парызым мен қызметімді атқару ыңғайына қарай өңірдің әр қиығында болып тұрамын. Сол кезде облыс аудандарындағы жамағат-қауыммен де кездесіп, ой-пікірлеріне құлақ түріп жүремін. «Ақсақалсыз ауыл болмайды» дегендей, сондай сәттерде ел ішіндегі аға-ұрпақ өкілдері кейінгі буынға қандай үлгі-өнегесін көрсетіп жүр екен деген мәселеге де ой жүгірткенді хош көрген едім. Ел іші қашанда зерделі жандарға кенде болып көрген емес. Әсіресе, солардың арасында Хромтау ауданының Ақжар ауылындағы жүріс-тұрысы орнықты, бітім-болмысы байып- ты, істері өнегелі, сөздері де иманға толы, кейінгілерге тигізер ықпалы мол ақсақалдар жақсы әсер қалдырды».
Осы әңгімеден соң көп кешікпей біздің де журналистік іссапармен сол ауылға жолымыздың түскені бар. Расында да, мұнда имамның аңғарғанындай ақсақалдық мектептің алғышарттары қаланғанына көз жеткізе түстік.
Бүгінде еліміздің кейбір шалғайдағы ауылдарында теріс діни ағымдардың жетегінде кетіп қалып жүрген жастар да кездеседі. Әсіресе мұндай көріністер діни тұрғыдағы наным-түсініктері төмен жас ұрпақтың арасында көбірек бой көрсетіп жүргені де бүгінгі күннің бір шындығы.
Осындай кезде: «шырағым, оның жөні олай емес, былай ғой», деп арқадан қағып, оның болашағына бағыт-бағдар сілтейтін жанашыр ақылшы табылып жатса әрі оған құлақ қоя алатын зерек жас өрен кездессе, бұл оның жарты бағы, жарты бақыты дей беріңіз. Міне, осындай ақсақалдық парыз ойдағыдай атқарылып жүрген жағдайда әр түрлі теріс діни түсініктер төрге оза алмаса керек. Айталық, осыдан алты жыл бұрын Темір ауданының Шұбарши ауылында діни радикалдардың бас көтеруінен орын алған экстремистік-террористік сипатта болған қанды оқиғаның алдын алуға болмас па еді? Жағдай тым күрделеніп, оның арты полиция қызметкерлері мен жазықсыз жандардың қаза табуына дейін әкеліп соқтыруының арғы астарында ақсақалдық мектептің кемшіндігі, Шұбарши ауылында имандылық қағидаттарының орныға алмағаны секілді әлеуметтік дерт ұшқындары болмағанына кім кепілдік бере алады? Кім біледі, бұл ауылдағы үлкендік-ақсақалдық ықпал үстем түскен кезде мүмкін мұндай қайғылы жағдай орын алмаған болар ма еді?
Соңғы кездері еліміздің әр өңірінде жаназа мен жерлеу рәсімдері кезінде әрі тарт та, бері тарт дейтіндей әр түрлі теріс көріністер кездесіп қалып жүр. Мұндай жайттардың орын алуына теріс діни ағымдардың жетегінде жүрген радикалды топтардың әсері де бар екенін жоққа шығару еш мүмкін емес. Міне, мұндай сыни сәттерде жөн-жоралғыны жақсы білетін әрі орнықты ойымен ел-жұртқа айтқанын тыңдата алатын ықпалды ауыл ақсақалдарының бәтуалы тоқтамы керек-ақ.
Осы орайда айта кетерлік жайт, естіген құлақта жазық жоқ дегендей, Темір ауданының Кеңқияқ елді мекенінде ұзақ жыл отасқан зайыбы өмірден өткен кезде бір қарттың көз жасына ауылдастарының бәрі де куә болыпты. Ол кісі ең алдымен кемпірінің қайтыс болғанына емес, өз кіндігінен өрбіген ұлдары әй-шайға қарамастан, бір-екі сағаттың ішінде мәйітті зиратқа сүйрей жөнелгеніне егілген екен. Әке сөзін құлаққа ілмеген перзенттерге не шара? Бұл жайт сол ауылдың рухани тірексіз қалғанынан хабар беріп тұрғандай. Жоғарыда айтылғандай, мұндай жағдайда теріс діни ағымдар да жан-жақтан кеу-кеулей беретіні табиғи жайт.
Ауыл ғибраты мол, ел ішінде қадір-қасиеті жоғары, абыройы мен беделі асқақ ақсақалдарымен ардақты. Ақсақал – өте жоғары адами мәртебе. Тәрбие тірегі. Өнеге өрісі. Бізге керегі олардың амандығы, дендерінің саулығы. Осы орайда бүгінгі әңгімемізге тірек болған жайттар көпшілікке ой салып жатса, ойға алған мақсатымыздың орындалғаны.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ