Елімізде жүргізіліп жатқан ірі реформалар нәтижесі қазір өз жемісін беруде. Қолға алынған зор міндеттердің негізгі мәні – Қазақстанның жан-жақты дамуы, көркеюі болатын. Сондықтан бұл реформалар аяқ астынан пайда бола қойған жоқ. Заманның дидары ө+згеруіне орай, мемлекеттік салалардың жүгі де, ісі де өзгеруі тиіс еді.
Міне, соның бір айқын көрінісі еліміздің Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында даму биігіне көтерілуі болды. Оны Президент Нұрсұлтан Назарбаев халқына арнаған кезекті Жолдауында жария етіп, Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін саралап берді. Бұл елдің мүддесі мен заман талабынан туындайтын, ұрпақтың болашағы үшін жүзеге асуы тиіс келелі міндеттер. Оның игілігін халық көреді. Ел дамиды. Демек, Қазақстанның дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқандығы енді айқын аңғарылып отыр. Мұның негізі осы уақытқа дейінгі байыпты да байсалды жүргізілген тиімді реформалардың нәтижесі.
Ал елді өркендеудің, халықтың тұрмысын жақсартудың жолын Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ айқындап берді. Әуелі экономика, сосын саясат жолы адастырмады. Соның арқасында Қазақстан әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық өрлеу жолына түсті. Барлық салада оң өзгерістер болып, халықтың ахуалы жақсарды. Қол жеткен жетістіктерді одан әрі жалғастыра беру үшін қазіргі күні еліміздің 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясы жүзеге асырылуда. 100 нақты қадам – Ұлт жоспары аясында, жоғарыда айтқанымыздай, жаңа кең ауқымды реформалар қолға алынды. Соның аясында конституциялық реформа жүзеге асты. Рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мұның бәрі бірлік пен ізгіліктің жемісі.
Енді жаңа Жолдау аясында экономикамызды одан әрі өркендету үшін Төртінші өнеркәсіптік үдерістер іске асырылуы қажет. Алайда Елбасы «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» атты тоғызыншы міндетте атап өткендей, қай салада болмасын заңның үстемдігі орын алмай бірде-бір іс нақты шешімін таппайды. Сондықтан елімізде заң талаптарын сақтау, ала жіптен аттамау жолында қолында билігі бар адамдардың адал жұмыс істеуі әу бастан-ақ ерекше назарға алынды. «Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді. Көп жұмыс істеліп жатыр. Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді», деді Президент.
Жемқорлық жоқ елде кез келген жұмыс жақсы жүреді. Соның бірі ретінде, Мемлекет басшысы елді цифрландыру үдерісі кезінде барлық салада жоғары дамуға қол жететінін айтты. «Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады. Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс» деді. Бұл тәртіптің, заң талаптарының орындалуы арқасында қызмет көрсету сапасы артатынын білдіреді. Сондықтан да қазіргі күні сот және құқық қорғау жүйелерін институттық тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді.
Одан әрі Президент құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалғанына назар аударады. Бұл орайда көптеген игілікті істер тындырылғанын жұртшылық жақсы біледі. Ең бастысы, қылмыстық саясатты ізгілендіру үдерісі жолға қойылды. Бірақ мұнымен шектеліп, тоқмейілсіп қалуға болмайды. Заманға қарай заңдардың да, заң үстемдігін орнату жолы да дамып отыруы қажет. Сондықтан Елбасы «Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет», деді. Міне, байқасаңыз, халқымыздың іргетасы қаланған рухани да, материалдық та құндылықтарының алтын қабырғасын одан әрі кедергісіз қалау Төртінші өнеркәсіптік революцияның негізі ретінде заң үстемдігін толықтай орнату арқылы жүзеге асырыла бермек.
Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»