• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Қаңтар, 2018

Еңбегін еліне арнаған

771 рет
көрсетілді

Ол ешқашан марапатқа, мақтауға, мадақ­тау­ға мұқтаж болған емес және солар­ға қайтсем де қол жеткіземін деп жанын сал­ған да жоқ. Жастайынан зейінділігімен, жігер­лі­лігімен, тиянақтылығымен көзге түсіп топ жар­ған, толысып есейген шағында іскер де бі­лімді маман, беделді де талапшыл басшы болған оны атақ та, мансап та даңқ та өздері іздеп тапты. 

Бұл жерде әңгіме бар саналы өмірін халқына, еліне қызмет етуге арнап, оның игілігін арттыру жо­лында беріле қызмет ет­кен, сөйтіп абы­рой би­ігіне көтеріле біл­ген Қы­зыр Ыбырайұлы Жұ­ма­баев жайында. Бү­гін­де мерейлі жетпіс жас­қа жетіп, еңбегінің зей­не­тін көріп отырған осын­дай атпал азаматпен ол Бір­жан сал (бұрынғы Ең­бек­шілдер) ауданында ау­пар­ткомның бірінші хат­шысы болып қызмет атқарған кезде бір­ге қоян-қолтық еңбек ету сәті бұйырды ма­ған.

Жаңа бірінші хатшы келісімен бірден іс­ке кірісіп, орын алған кемшіліктерді жою, ауыл шаруашылығын өрге бастыру, ха­лықтың әл-ауқатын арттыру мін­дет­те­рін айқындап, оларды жүзеге асы­ру­дың нақты жолдарын белгіледі. Бұл жо­ба кей­ін «Ауыл», «Мәдениет-90» бағ­дар­ла­маларында ресми құжат түрінде кө­рініс тау­ып, олардың әрбір тармағының орын­да­лу мерзімдері мен оған жауаптылар анық­­талды.

Бағдарламаны нақты жүзеге асыру барысында айналасы үш жылдың ішінде ауданда кеңшарлармен қатар ұзын саны 20-дан асатын шағын ауылдарда да тұрмыс күрт жақсарып сала берді. Олардың бар­лы­ғына жаңадан жол, байланыс тартылып, клубтар, моншалар салынып, емдеу пункт­тері, балабақшалар ашылды. Ең­бек жағ­дайын жақсартуға да жете көңіл бөлін­ді. Бөлімшелерде бұрын-соңды болмаған жабық гараждар, техника жөндеу шеберханалары, мал қоралары бой көтеріп, егіс бригадаларында тамақтанатын, демалатын, жуынатын бөлмелеріне дейін бар дала қосындарында механизаторларға, мал­шы­лар­ға өнімді жұмыс істеу үшін мүм­кін­­дік ту­ғызды. Міне, сөйтіп тың көтеру жыл­­дары Қазақстанға сырттан келгендер үшін тек орталық қоныс-жайларда ғана тұ­ру­­ға жағдайлар жасалып, қазақ ауыл­да­ры­ның назардан тыс қалушылығы осылайша жойылып еді. Бұған қоса, шағын ауылдарда 10 бастауыш мектеп қазақ тілді орта жә­не орташалау мектептер болып қайтадан құ­рылды.

Қызыр Ыбырайұлының үнемі назарында ұстаған мәселесі тұрғын үй құрылысын өркендету болды. Бұрындары да үйлер салынып келген-тін. Бірақ сонда да, әсіресе кеңшарларда, диқан, малшы қауымды айтпағанда, мұғалімдер мен дәрігерлерге баспана жетпей жататын. Осы кемшілікті жою жолын­да ауқымды шаралар жү­зеге асырылды. Алдымен құ­ры­лы­с кооперативтері құ­ры­лып, кірпіш жасау це­х­та­ры­ іске қосылды, құ­ры­лыс са­ласының мате­ри­ал­дық-тех­никалық ба­за­­­сы ны­ғай­тылды. Соның нә­ти­же­сінде құ­рылыс ісі өр­кен­деп, әр жыл­да 23 мың шаршы метр­ге жуық тұрғын үй тұр­ғы­з­ылды. Салыстыру үшін айт­сақ, сол кезде облыстың қай ауданын алсақ та оларда бір жыл­да салынған тұрғын үй көлемі 6-7 мың шар­шы метр- ден аспайтын.

Кеңшарлармен қатар аудан орталығы – Степняк қаласы да айтарлықтай көріктенді. Қала тарихында алғаш рет 150 орындық «Ертөстік» қазақ балабақшасы өз есігін айқара ашты. Аудан орталығында әлеуметтік ахуал­дың, әсіресе тұрғын үй құрылысының өркен­деуі­не бірінші хатшының тың шаралар қол­данғанын ерекше атап өтпеске болмай­ды. Ол кәсіпорындар мен мекемелер бас­шы­ларының әрқайсысына ішкі өндірістік мүм­кіндіктерді пайдалана отырып әр жылда кемінде 2-3-тен үй салып отыру міндетін жүктеп, бұл тапсырмасының орын­далуын өзі қатаң бақылауға алды. Сөй­тіп аудан орталығында жыл сайын ке­­мін­де 20-25 үй пайдалануға беріліп, көп­­теген тұрғындар жайлы баспанаға қол жет­кізіп еді.

Әлеуметтік саламен қатар, ауданның өн­дірістік әлеуетін арттыруға да ден қой­ыл­ды. Қалада Көкшетау тігін фаб­ри­ка­сы­ның бөлімшесі, жаңа нан зауыты, Каз­го­ро­­док ауылында 50 адам жұмыс істейтін жи­һаз құрастыру цехы, шағын ет комбинаты, Васильковка кенішінің көкөніс өсіру ша­руа­шылығы және басқа да жаңа жұмыс орын­дары ашылды.

Міне, осылайша мәдени-әлеуметтік проб­лемалардың табысты шешілуі кешік­пей ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде айтар­лықтай көрсеткішке қол жеткізуге тіке­лей ықпал етті. Жыл сайын сүт пен ет өндіру орта есеппен 3-5 пайызға тұрақты ар­тып отырды, ал 1990 жылы егіннің әр гек­­тарынан 18,5 центнерден астық алынып, бұл көрсеткіш бойынша облыста ең аст­ықты деген өңірлердің қатарында бол­ға­нымыз әлі есімде.

1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Ке­ңесіне алғаш рет баламалы сайлау нау­қа­ны басталғанда аудан тұрғындарының де­пу­таттыққа кандидат етіп Қ.Жұмабаевты бірауыздан ұсынуы және оның сайлау күні қарсыласын басым дауыспен жеңіп шығуы халық алдындағы үлкен беделі мен оған деген шүбәсіз сенімінің айқын көрінісі болды. Ол халық берген жоғары өкілеттілікті өз басыма қонған бақ деп бағаламай, оны жұрт игілігіне барынша тиімді жұмсауға тырысты.

Егемен елдің іргетасын қалаудың сан­алуан қиыншылықтарға толы алғаш­қы кезеңі Қызыр Ыбырайұлының Көкшетау облысының әкімі болып қыз­мет атқарған жылдарымен тұспа-тұс келді. Сол 90- жылдардағы жаңа мемле­кет­ті қалып­тас­ты­рудағы күрмеуі мол қиындық­тар ке­зін­де жаңа әкім облыстар арасында бі­рін­ші болып Көкшетау қаласында қазақ дра­ма театрын ашты, облыстық ауру­ха­­наның терапиялық корпусын салдырды. Сонымен қатар дүлдүл ақын, сазгер ән­ші, Біржан салдың 150 жылдық мерейтойына орай, Степняк қаласында оның сүйе­гі жатқан жерді өзара үйлесім тапқан архитек­туралық ансамблі бар алаңға айналды­рып, бабамызға əдемі ескерткіш орнаттыр­ды. Көкшетау қаласында, жұмысшы жас­­тардың кешкі мектебі басқа жайлы ме­кенге ауыстырылған кезде, босап қал­ған ғимаратты күрделі жөндеуден өткі­зіп, онда даңқты жерлесіміз, майдангер, Ке­ңес Одағының Батыры, ғалым Мә­лік Ғабдуллиннің 80 жылдығына орай көркем­де­ліп жасалған мұражай аштырды.

Нарықтық қатынастар өмірімізге енді ғана дендеп еніп, күнделікті тұтынатын ең қажет тауарлар жетпей жатқанда, облыс әкі­мі өзі Түркияға барып сабын, кір жуатын ұн­тақ, шампунь және басқа да гигиеналық зат­тарды жасау технологиясын алып келіп облыс орталығында осы өнімдерді шыға­ра­тын цехты іске қостырды. Осындай қиын уақытта, әсіресе қыс кезінде, қаланы жылытуда қиыншылықтар туындаған шақта, бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қуатты екінші қазандықты іске қостыруы айтарлықтай іс болды. Осы игіліктерді Елбасымыз Көкше өңіріне арнайы келіп өз көзімен көріп, облыстық ауруханаға заманауи үлгідегі томограф құрылғысын сыйға тартып, ризашылығын білдірді.

Сөз орайында Қ.Жұмабаевтың 1981 жылы КОКП-ның ХХVІ съезіне делегат болып сайланғанын, еңбегі жоғары ба­ға­ланып, кеудесіне Халықтар достығы ор­денін таққанын, Ауыл шаруашылығы ми­ни­стрінің орынбасары қызметін абыроймен атқарғанын айта кеткен жөн. «Өнерді үй­­рен де жирен», дейді дана хал­қымыз. Қа­­дірлі ағамыз 1999-2007 жыл­дар ара­лы­ғында Қазақстанның Өзбек­стан­дағы кон­су­лы, уақытша сенімді өкі­лі қыз­меттерін ат­қарған кезде де жаңа қыры­нан танылды. Көрші бауырлас елмен тығыз қарым-қа­тынастар орнатуға өз үлесін қосты, абыроймен зейнеткерлікке шықты, Елбасы арнайы алғыс хатында елге сіңірген еңбегі үшін өз ризашылығын білдірді.

Бұлай деп тек ары таза, намысы биік адам ғана айта алса керек.

Орынбай ШӘЙКЕНОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері