• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Қаңтар, 2018

Аққу кеткен...

2073 рет
көрсетілді

Табанкөлді мекендеген момын ғана балықшы шал күн сайын осы араға қайығымен баяу-баяу жүзіп келіп, ау құрады. Жағалауының өн-бойында қалың қамыс ұзыннан-ұзақ тұтасқан бұл шығанақтың балығы қашанда мол еді.

Міне, осы шығанаққа биыл жаз аққудың бір жұбы ала­бөтен бауыр басып алды. Ау құ­рып, өз тіршілігін жасап жү­ретін балықшыдан төнер қатер-қауіп­тің жоқтығын кербез де сымбатты, ақылды құстар сезе­тін бо­луы керек, одан көп аса үрге­лек­темеді. Көл айдынының кіш­кене ғана осы аясын емін-еркін жайлап, ұя салып, ұрпақ өсірудің қамымен күнделікті өз тіршілігін алаңсыз жасап жатты.

Ал балықшы болса кеш түсе ау құрады, содан соң келесі күні таңда торкөзіне балық шүпірлей ілініп қалған ауды судан асықпай тартып шығарып, қайығына салады. Балықшы шалға әбден үйірсек болып алғаны сонша, бір күндері аққулар су бетін ақырын сызып, оның қайығының соңынан әрлі-берлі ілесе жүзіп жүретін дағды шығарды. Бірде сәл ғана маңайласып, бірде тіпті қол созымдай жақындап, сұлу мойнын әдемі иіп, тіл қатысқандай ишара жасайтынын қайтерсіз!

Момын ғана дағдылы тірі­лігінен жазбаған балықшы шал мен қос аққудың бір-бір­леріне деген шексіз сеніммен аялан­ған аяулы достығы осылайша жақсы басталып жалғаса берді.Тып-тымық көл айдынында жаңа басталған жаздың сайранын бір-бірінен ажырамай өт­кізіп жатқан киелі құстар мен өз тірлігін алаңсыз жасап жүр­ген балықшының мамыражай өмірінің шырқ-берекесін әлде­қайдан пайда болған сұғанақ бірқазан бұзды.

Шалдың ауына түскен балық­ты оп-оңай олжаға айнал­дырып, бас ауыртпай тегін қорегін тап­қан ұры неме соңғы екі-үш күн­нен бері шығанақтан шықпай қой­ды. Арамза құс жегенін жеп, же­мегенін мылжалап ауда­ғы ба­лықтың сау тамтығын қал­дыр­май түп-түгел жайпап тас­тай­ды да, балықшының көзіне түс­пей, келген жағына ұшып кетіп, ұшты-күйлі ғайып болады.

Шыдамның да шегі бар, бозала таңнан тұрған балықшы шал шығанақтың көлге ұласатын арғы тұсындағы жағалауға қайы­ғымен жүзіп барып қалың қамыстың нуы­на енді де, қолға түспей жүр­ген бірқазанның ұшып ке­ле­тін сә­тін аңдыды. Ызы­ңы­нан құлақ тұнатын аш масаға таланғанына қарамастан балығын ұрлап жүрген қаскөй ұрының келуін ол асқан шыдамдылықпен тосты. Соңғы кездері қолына көп ала бермейтін қосауыз мылтығын еппен ұстап, ұңғысын қайық тұмсығына қаратып сүйеп қойды.

Аз күтті ме, көп күтті ме, күн табағының бір шеті көк­жиек­ке жартылай иек арта берген шақтағы сарыала таңның жа­рығымен ілесе көл үстінде әр тұстан құстың үздік-создық қи­қуы естіле басталды. Ал өзінің күнделікті таңғы қорегін дайындап тұрған шығанақтың қалың қамы­сына қарай әккі бірқазан қиқу салмай-ақ, сала құлаш қана­тын баяу-баяу қағып ұшып өтті де, заматта көзден таса болды.

Мысықтабандап, тым-тырс ұшқан бірқазанның ау құрылған шығанаққа барып қонғанына еш күмәні қалмаған балықшы қамыс арасын қайық тұмсығымен қақ жарып, шығанақтың өкпе тұсынан бір-ақ шықты. Құрылған аудың төңірегінен сәл ұзап әрмен жүзіп бара жатқан аппақ түсті жалғыз құсты, әлгі бірқазанды шұ­ғыл көздеп, мылтық шүріппесін кілт еткізе басып қалды. Осы мезетте қамыстың арғы басынан шыға келген жұп аққудың бірі қос қанатымен суды сабалап, мойны қайырылып майып болған бірқазанға қарай көл бетімен жү­гіре жүзді.

Балықшы әуелі таң-тамаша болған күйі, қайық үстінен көтеріле бере состия тұрып қалды. Мылтықтың шығанақ үстін жаңғырықтыра гүрс еткенінен де шошынбай, жұмыртқа басып жатқан жылы ұясын тастай салып жандалбасалаған ұябасар аққудың оққа ұшқан «бірқазанға» шырқырай ұмтылған жағдайын қапелімде түйсіктей алмады. Осы сәтте ғана барып шығанақтың көлге ұласар аузына таяу жерден барқырай қиқулап ұша жөнелген бірқазанды оқыстан көзі шалып қалды да, асығыс-қапылыс әрекетінің нендей сұмдыққа ұрындырғанын бір-ақ білді.Ұры бірқазанның орнына қапияда оққа байлағаны қос аққудың аталық сыңары еді.

 Қас қағымда өн-бойын оқыс бір діріл билеп, көз жанары лық­сып келген жастан буалдыр тартып бара жатты. Көңілі әлем-жәлем болған балықшының кеудесіне ащы өксік тығылды. Ол қолдары қалтырап, тізесі діріл­деген күйі: «Апыр-ай, не істе­дім мен?.. Не істедім?.. Жаз­ған басым»!.. – деп сылқ етіп оты­ра кетті.

Қолға түспей құтылып кеткен мол сұмпайы бірқазанның лаңынан тып-тымық шыға­нық­тың таңғы айдынында шал­дың аяулы дос-құсы, жазықсыз аққу осылайша ажал құшты.

Балықшы шал көзінен пар­лаған жасқа ерік беріп, өң мен түстің аралығындағы халден бір әудем уақыттай арыла алмады. Күн арқан бойы көтерілгенше орнынан тапжылмады. Қайықтың бауырын шылп-шылп жанап сипалаған судың дыбысынан өзге ештеңені естімеді. Айнала жүзіп сыңарының қасынан кете алмаған жалғыз аққудың сұлбасы енді бір сәтте көзіне еміс-еміс шалынды да, есін аз-кем жиып, ескекті жайлап қолына алды.

...Балықшы су бетінде жансыз қалқыған киелі құсты қайығына салып алып, жағаға қарай жүзді. Ұябасар аққу қайықтың соңынан мойнын қайта-қайта қылтыңдата созып, мұңдана қаңқыл салып, жағаға жеткенше еріп отырды. Мұңлы құстың жылап келе жатқаны анық еді.

...Азалы оқиғаға куә болған сол шығанақтың жағалау жиегіне апарып аққудың мерт болған сыңарын көмген балықшы нар қамыстың бір тал үлпек басын қоңыр топырақтың үстіне қадай салды. Жас қамыстың үлпегі аққу қалған жердің жападан-жалғыз белгісіндей боп жаздың баяу самалымен үлпілдей желбіреп қала берді.

...Ақшам намазынан соң фатиха сүресін қайталай ұзақ-ұзақ оқып, Алладан қапияда жазықсыз құсты өлтіріп алған күнәсіне балықшы шал жан-дүниесі егіле кешірім тіледі. Адал жүрегінен шыққан дұғасының қабыл боларына кәміл сеніп тіледі...

Маусымның басын ала ұядан төрт көгілдірін өргізген ұябасар аққу осы жаз өзіне құтты мекен болмаған шығанақты балапандары әбден есейіп қара қа­наттанғанша жайлады. Ал қазан айының соңына таман көл үстін екі-үш мәрте айналып ұшып қош десіп, жас түлек­терімен бір­ге түстіктің алыс қиы­рындағы жы­лы мекендерге қарай бет түзеді.

...Киелі құстар бұдан соң «Ақ­­қу кеткен» деп аталатын бұл шы­ғанаққа қайтып оралмады. Балығы мол суды барылдақ үй­ректер мен шүрегейлер, то­йым­сыз арамза бірқазандар алаң­сыз жайлап алды...

* * *

...Қаз-қалпында жазылған бұл әңгімені мен өзім аса қадірлеп сыйлайтын, бір қауым әулеттің сөзін ұстаған абзал жүректі, мәрт көңілді, батагөй қорғалжындық Сағындық ақсақалдан Алматыда сапарлас болып жүрген осы таяу күндердің бірінде естіген едім.

Мәди АЙЫМБЕТОВ