Алпысыншы жылдардың басында мектеп табалдырығын аттаған біздің толқынның бала қиялын баураған ғажап – қазақтың ертегілері мен батырлар жыры еді-ау. Сол кезде сол бір ғажайыптар әлемінен санамызға сіңген сансыз суреттер бұл күнде сағындырып, сабырымызды сарқып ішкендей болады. Сондағы небір керемет сиқырларды көруге көңіл ынтығып, көкірек көзі құмартып, құштарлана ашылғандай күйге енетініміз бар.
Сірә, халқымыздың бағзыдан келе жатқан ертегі әлемін, батырлар жырындағы тұлпарлардың дүбірін аңсайтын жалғыз мен емес шығармын. Бұл бастау бұлаққа қолы жетпей қазіргі қазақ қоғамының аңқасы кеуіп шөлдеп, зарығып отырғанындай көрінеді маған. Қазақтың жан дүниесі, болмыс-бітімі ертегі-жырлар әлемінде жатқан жоқ па еді. Діліміз осындағы қаһарман батырлардың рухымен қалыптасып еді. Қазіргі айтылып жатқан, санамызға таңбаланған ұлттық код дегеніміз де осы емес пе еді. Рухани сананы жаңғыртып жаңартудың, кемелдендірудің қайнары да халық қазынасының осынау сарқылмас қасиетті қара қайнары дегенге шәк келтіретіндер, әлде, арамыздан табыла ма?
Ерте күніме, еркелігіме, ертегіме күмәнмен қарап елемейтіндерге қапаланып қынжыласың-ақ. Соларға қарсы миымның күні күркіреп, санамның аспанында шатырлап жай ойнағандай, шешуін таппас қиын мұң өзінің кермек сырын баяулап шерткендей болады. Неге, неге бұлай? Өз қағымыздан өзіміз неге жеріп барамыз? Біз қағымыздан жеріген сайын басқалардың жері кеңейіп, өз тынысымыз тарыла түсетінін неге сезбейміз, неге аңғармаймыз?
Бүгінгі сөзіміздің төркінін, ана тіліміздің асыл мәйегін ертеде өткен, ертегі-жырлармен жеткен баһадүр бабаларымыз, Тоқтарбайдай аталарымыз, Аналықтай әжелеріміз, Жиреншедей шешендеріміз сомдап еді ғой. Осыны ойлағанда ертектен сағынтып жеткен аяулы мыстан кемпірді де керемет жақсы көріп кететінім бар. Алпамыс шермен айтысқан Бадамша сақау да сүйкімді. Қаракөзайым сұлуды әуреге салып, мойнына мініп қос өкпеден тепкілеген Кейқуаттың кесірлігін де кешіремін-ау. Иә, біздің буынның жан-жүрегі осылардан жылу, от алған, ақтық демімізге дейін ойымыздан осы ғажайыптар әсте шықпайды да. Әлі күнге дейін: «Айналдым алтын сақамнан, айналдым қотыр тайымнан» дейміз. Біздің жан-жүрегіміз мәңгілікке байланған алтын қазық, нәр алып қоректенген киелі кіндік те осылар болатын. Қазақтың әр кезеңдегі, әр замандағы, әр дәуірдегі, бүгінгі һәм болашақ ұрпағы үшін де осылай болуы керек. Қазақ болып қалудың, ұлт ретінде сақталудың үлкен де үделі шарты осы.
Бүгінгі мектептің төртінші сыныбының оқушысы, біздің немерелеріміз Ерназар шалдың баласы Ер Төстіктің елесін де танып білмейтініне, оған бұрынғы біздердей елжіреп емексімейтініне, емешегі үзілмейтініне назаланамын. Мұндай жағдайда біздің балапан-ботақандарымызға, алдағы болашағымызға қазақы рух, ұлттық сана қайдан келмек? Жер астына түскен Төстігін жеті жыл күткен Кенжекей қыздың наласын, Қобыланды батырдың Тайбурыл тұлпарының ғаламат шабысын білмей өскен ұрпақты тек қасиетіне, ата тәрбиесіне, ана тіліне уызынан жарыды деп айта аламыз ба? Жоқ, әрине!
Күн астындағы Күнікей қыздың сәулеті тәтті қиялмен тербеген балалық бал дәуреніміз-ай!.. Енді осындай ертегі елес, тәтті қиялдар тәуелсіздік балаларының, бостан ел ұландарының жан-жүрегін баурап тербесеші!.. Қайдасың, менің ертегім? Келші осындайда. Тағылым мен ғибратыңды құйшы, айналайын құлыншақ балаларыма. Бір ауық олардың ертегі оқуына, ертегілер еліне саяхаттауына неге жағдай жасамаймыз? Кітап арқылы. Көркем һәм қуыршақ фильмдер арқылы. Мұндай жақсы әрекет-талпыныстар, әр алуан фильмдер де жоқ емес, бар. Бірақ солар діттеген межеге әлі жетпей жатыр, мақсат жебелері көздеген жерге дөп тимей жатыр.
Мен әлі де ертегілер елінен шыға алар емеспін. Таусоғар палуан қасымда, Желаяқ досым алға озған. Көлтаусар басып жосынға, Шөлдейді дерсің таң боздан. Солар менің сезіміме шуақ құйып, дәйім шаттанып жүруімді қалайтындай. Мен осы ертегі әлемінің шаттығын Алаш қауымының бүгінгі бүлдіршін балаларына сыйлағым келеді. Бірақ көп болып қолға алмасақ, жұрт болып жұмылмасақ, бұған, мұндай ұлы мақсатты орындауға жалғыз өзімнің шамам келе ме?! Осы тілегім періштенің құлағына шалынсын.
Ертегім менің, қайдасың, Қайдасың, Шойынқұлағым? Табудың айтшы айласын Бәдіғұл-Жамал тұрағын. Келтіріп көңіл күйін-ау, Ойымның түрген аспанын, Қайдасың, Аяз биім-ау, Қайдасың Рүстем-Дастаным? Киелі менің ертегім, Кеңеске өзің кірмесең, Көктемес, сірә, өркенім – Кеудеме нұр боп сіңбесең. Анамның дарып сүтімен, Әл берген әуез, көркем үн, Аймала қыдыр құтымен, Аяулы менің ертегім. Самұрық құсың іліп ап, Самғатсын биік санамды. Ертегі-бұлақ сылдырап, Шарласын сайын даламды. Ұрпағым құйып құлаққа, Ұйысын қоңыр үніңе. Ертегім, жеткіз мұратқа, Еліткіз баба діліне!..
Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»