Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына ресми сапарын сәтті деп айтуға болады. Қазақстан мен Америка президенттерінің жеке кездесуі екі ел арасындағы өзара қарым-қатынас тарихының жаңа парағын ашып, бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
Біріншіден, кеңейтілген стратегиялық әріптестікті орнату туралы ортақ саяси шешімдер қабылданды. Бұл биылғы жылы 26 жыл толатын екі ел арасындағы жемісті әріптестік одан әрі тереңдей түсетінін білдіреді.
Астана үшін Вашингтон сыртқы саясаттағы негізгі әріптес әрі экономикадағы маңызды инвестор болып табылады. Өз кезегінде, Дональд Трамп атап өткендей, Америка қуатты, дербес және тәуелсіз Қазақстанды АҚШ-тың Орталық Азиядағы сенімді досы әрі стратегиялық әріптесі ретінде қарастырады.
Бұл жерде экономикалық мәселені де атап өту қажет. Келіссөз қорытындысы бойынша өткен брифинг барысында Мемлекет басшысы жалпы сомасы 7,5 млрд доллардан асатын 20 келісімшартқа қол қою көзделгенін атап өтті. Астананың АҚШ-пен жоғары технологиялар мен инновациялық өндірістер трансферті бойынша байланысты дамытуға мұқтаж екені жасырын емес. Бұл тұрғыдан алғанда, жаңа келісімдер Қазақстанға экономикадағы «цифрландыру» мәселесін жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп сеніммен айтуға болады.
Екіншіден, Д.Трамп пен Н.Назарбаев АҚШ пен Қазақстанның халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті күшейту бойынша ортақтаса әрекет ететінін растады.
Бұл Қазақстан мен АҚШ күштерін Ауғанстан бойынша біріктіруді білдіреді. Сонымен бірге Қазақстан терроризмге қарсы күрестегі АҚШ-тың табандылығын қолдайтынын мәлімдеді. Екі ел басшылары Солтүстік Кореядағы ядролық мәселе бойынша ортақтаса жұмыс істейтіндерін де атап өтті.
Үшіншіден, Қазақстан мен АҚШ «С5+1» аймақтық үнқатысу алаңы аясындағы әріптестікті дамыту туралы келісімге келді. Бұл тұрғыдан алғанда, аталған алаң жұмысынан жаңа бастамалар күтуге болады.
Жаңа әкімшілік өз жұмысын бастап, Д.Трамп «Алдымен Америка» деген ұран тастаған соң Орталық Азияда Вашингтонның аймаққа деген қызығушылығының төмендеуі туралы көп айтылды.
Алайда, Н.Назарбаевтың сапары мен оның Д. Трамппен кездесуі аймақтың Вашингтон үшін жоғары деңгейде тұрғанын көруге болады.
Жұмабек САРАБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) жетекші
сарапшысы