• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қаңтар, 2018

Egov.kz порталында жаңа ком­по­зит­тік қызмет пайда болды

1156 рет
көрсетілді

Заңды тұлғаларды тіркеу, банктік шот ашу және сақтандыру келісімшартын бекіту eGov.kz порталында қолжетімді болды.

Биылғы жылдың алғашқы күндерінен бастап электронды үкіметтің www.egov.kz порталында жаңа ком­по­зит­тік қызмет пайда болды. Қыз­меттің атауы – «Заңды тұл­ға­ларды мем­ле­кет­тік тіркеу, банктік шот ашу жә­не өзінің еңбек (қыз­мет­тік) міндет­те­рін орын­­дау кезінде жазатайым оқи­ға­лар­дан жұмыскерді мін­детті сақ­тандыруды ескере оты­рып олар­дың филиалдары мен өкіл­діктерін есептік тіркеу».

Аталған қызметтің ар­тық­­шы­лығы жөнінде айтар бол­сақ, осы уақытқа дейін азамат заңды тұл­ғаны мемлекеттік тіркеуге тұр­ғызғаннан кей­ін банк­тік шот ашу үшін мем­ле­кеттік тіркеуге алын­ға­ны туралы анықтаманы банк­ке апаруы міндетті шарт еді, бұ­дан бөлек, жұмыскерлерді мін­детті сақ­тандыруға алу үшін сақ­тан­дыру компаниясына баруы қа­жет болатын. Ал енді біріккен жа­ңа композиттік қызметтің ар­қа­сында азаматтарға екі күннің ішінде (өтініш берген уақытты есептемегенде) заңды тұлғаның мем­лекеттік тіркеуге алынғаны туралы куәлікті, банктегі шоттың нөмірін, қыз­меткерлерді жазатайым оқи­ғалардан сақтау туралы қол қойылған келісімшартты алу мүмкіндігі туды.

Бұл қызметті пайдалану жолдарын түсіндіре кетсек, заң­ды тұлғаны тіркеу барысын­да пайдаланушы eGov.kz пор­та­лында заңды тұлға тура­лы ке­лесі ақпаратты толтыра­ды: заңды тұлғаның атауы, қыз­мет­керлер саны, жетекші мен құ­рылтайшы туралы мәлімет және т.б. Сонымен қатар бар­лық құрылтайшылардың алдын ала элект­ронды үкімет­те тіркелуі (ЭЦҚ болуы) шарт екенін еске сала­мыз, себебі пайд­аланушының же­ке каби­нетіне заңды тұлғаны тір­кеуге алу туралы өтінішке қол қоюға сұрату келеді.

Одан әрі осы жаңа қыз­мет­тің шеңберінде пай­да­ла­ну­шыға банк­тік шот ашуға жә­не қыз­мет­керлерді жазатайым оқи­ға­лардан сақтау туралы келісім­ша­рт бекіту ұсы­нылады. Ол үшін пайдала­ну­шы берілген тізімнен банк пен сақтандырушы компанияны таңдап, бенефициарларды, қол қоюғ­а құқылы тұлғаларды көр­се­тіп, сауалдаманы толтырып, eGov.kz-те көрсетілген құжат­тар­ды тіркеу керек.

Бүгінгі таңда аталған ком­по­­зит­­тік қызметке екі банк – «ForteBank» АҚ және «Цес­на­­ба­нк» АҚ, сонымен қатар «Мем­­­лекеттік аннуитеттік ком­па­­ния» өмірді сақтандыру ком­паниясы» АҚ қосылды.

Ақпарат және коммуни­ка­ция­лар министрлігі «Элек­тронды үкі­метті» және мем­ле­кеттік қыз­­мет­­терді дамыту депар­та­мен­ті ди­рек­торының орынбаса­ры Назгүл Бажаева хабарла­ған­­­­дай, жаңа ком­позиттік қыз­мет­­­ке қосылатын банк­тер мен сақтандыру ком­па­ниял­арының са­ны өседі, сондай-ақ азамат­тар­дың жай­лы­лығы мен еліміз­дегі бизнес-климаттың жақ­са­руы үшін биылғы жылы бірнеше жаңа қызмет жүзеге асырылады. Сонымен қатар Н.Бажаеваның пікірінше, жаңа қызмет Қазақ­станның халықаралық «Doing Business» рейтингіндегі позициясын арттыруға себеп болады.

Естеріңізге сала кетейік, Дү­­ние­­жүзілік банктің «Doing Business» атты рейтингінде Қа­зақ­стан кә­сіп­орындарды тір­­кеу, электр­мен жабд­ық­тау, мен­­шік­ті тіркеу, ке­лі­сім­­­­шарт­тар­­дың орындалуын қам­­та­масыз ету критерийлері бойынша көрсеткіштерін жақ­сартып, 36-орында тұр.

Дайындаған

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»