• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Қаңтар, 2018

ОҚО тұрғындары салымдарының басым бөлігін ұлттық валютада сақтауда

261 рет
көрсетілді

Өңір халқы өткен жылы банктерге 267,9 млрд. теңге көлемінде салым жасаған. Салым бойынша көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,2 пайызға артқан.

Оңтүстік Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитовтің мәлімдеуінше, тұрғындар салымдарының 64,5 пайызы ұлттық валютада сақтаулы. Сондай-ақ, басқарма басшысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өткен жылы екінші деңгейлі банктермен 299,4 млрд. теңге көлемінде несие берілгенін айтып өтті.

«Екінші деңгейдегі банктерден берілген несие көлемінің 62,4 пайызы – жеке тұлғаларға тұтыну мақсатында, 19,8 пайызы – өнеркәсіп саласына, 14,4 пайызы – саудаға, 2,1 пайызы – құрылыс саласына, 1,3 пайызы – ауыл шаруашылығына берілген», – деді Арман Сәбитұлы. Ал шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға берілген несиелердің көлемі 43,9 млрд. теңге болып, 12,4 пайызға артқан.  

Инвестиция көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 482 млрд. теңге болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 20,2 пайызға артқан. Бұл көрсеткішпен облыс республикада көш бастап тұр. Сондай-ақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 858,5 млрд. теңгеге жетіп, 2016 жылмен салыстырғанда 102,1 пайызды құраған.

Айта кетелік, өңірде индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және өндірісті дамытуға ерекше назар аударылуда.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»