Біріккен Араб Әмірлігінде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Астана» футбол клубының жаттығу базасына Қазақстан Ұлттық құрамасы мен елордалық команданың экс-ойыншысы Бауыржан Жолшиев келіп қосылды, деп хабарлайды клубтың баспасөз қызметі.
27 жастағы футболшы 2014-2015 жылдары «Астана» футбол клубы сапында өнер көрсеткен болатын.
«Біз негізі ойыншыларды бақылаудан өткізгеннен, оларды сырттай бақылағанды жөн санаймыз. Ал Бауыржанның жағдайында, оған тағы бір мүмкіндік беруді жөн санадық. Бұл ойыншы 2015 жылы «Астана» футбол клубымен ел футболы тарихында тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алған тұста, команда жетістігіне елеулі үлесін қосқан болатын. Мен Бауыржанның бапкерлер құрамы мен еліміздің футбол қоғамына өзінің еңбекқор азамат екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп, жарқын ойынымен жанкүйерлерге қуаныш сыйлайтынына сенімдімін. Жеке өз басым Бауыржанның бұрынғы бабына қайта келіп, өз ойынын табатынына сенемін», дейді «Астана» футбол клубының президенті Саян Хамитжанов.
Естеріңізге сала кетейік, Жолшиев «Астана» сапында өткізген 69 кездесуде, 15 гол соғып, 9 нәтижелі пас берген еді.