Шығысқазақстандық жеңіл атлет Элина Михина Өскеменде еліміздегі алғаш құрылған «Altay Athletics» кәсіби жеңіл атлетика спорт клубымен келісімшартқа отырды.
Сегіз жасынан бастап жеңіл атлетикаға ден қойған жас спортшы облыстық, республикалық деңгейдегі додаларда үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Азия ойындарының чемпионы, Азия чемпионы, Олимпиада ойындарының қатысушысы жуырда ғана Өскеменде өткен жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Қазақстан Республикасының чемпионатында 400 метр қашықтыққа жүгіруде топ жарған болатын.
«Келісімшарт осы жылдың шілде айының 1-не дейін, яғни 6 айға жасалды. Алдағы мақсатым – сайыстарда тек жоғары нәтижелер көрсетіп, аянбай еңбектену. Мұндай мүмкіндікті құр жіберуге болмайды. Егер жоспар орындалмаған жағдайда, онда клубпен келісімшарт тоқтатылмақ», – деді жеңіл атлет.
Аталмыш клуб Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасымен құрылып, тұсаукесер рәсімі 2017 жылы 3 қарашада өткен еді. Айта кету керек, клуб мүшелерінің құрамына Олимпиада ойындарының чемпионы Ольга Рыпакова, Варвара Назарова, Артур Гафнер сынды спортшылар енді. Кейбір спортшылар «Гауһар Лигасында» және түрлі халықаралық жарыстарда жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп, жүлдегер атанып үлгерді.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»